қазақтың апайтөс, атан жілік балуандары Д.Қонаевты еске алу турнирінде олжа салды
1 желтоқсан ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевты еске алуға арналып, еркін күрестен ересектер арасында үздіктерді анықтайтын дәстүрлі турнир биыл тоғызыншы рет өткізілді. Екі күн бойы жалғасқан байрақты бәсекеде сегіз мемлекеттің «сен тұр, мен атайын» балуандары бақ сынасты. Халықаралық деңгейдегі доданың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың ұшан-теңіз еңбегіне кеңінен тоқталып, қайраткерлік тұлғасын жан-жақты әңгімеледі. Сонымен қатар, жарыс демеушісі «Алтаис-GRUB» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Әлімбек Жұмабаевқа облыс әкімі атынан алғыс білдірді. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай, турнирдің бас демеушісі Әлімбек Әсембекұлы балуандардың бабының келісуіне, жарыстың жақсы өтуіне тілектестіктерін білдірді. Республикалық «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов мерекелік медальдар тапсырды. «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдық мерекелік медалімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Балабек Нарбаев, әлем чемпионы Елдос Сметов және бірқатар спортшылар, «Динамо» қоғамының дамуына сіңірген еңбегі үшін» медалімен Бақтияр Артаев, «Құрметті динамошы» төсбелгісімен Нұрлан Ақүрпеков марапатталды. Турнирдегі алғаш белдескен 57 келі салмақта Нұрсұлтан Найзабеков отандасы Бағдәулет Ермектен басым түсті. Бұл салмақта алматылық Артас Сана шешуші белдесуде отандасы Владимир Кудриннен басым түсіп, алтыннан алқа тақты. 61 келі салмақтың алтын жүлдесін ресейлік қос балуан Нуридин Скрибин мен Ахмед Шахаев сарапқа салды. Қарсыласын қапы қалдырған Ахмед, турнир жеңімпазы атанды. 65 келі салмақта жерлесіміз, биылғы ел чемпионы Мейіржан үшінші орын үшін белдесуде грузиялық Лесан Келешавилвиді жеңді. Бұл салмақта ресейлік Исрайл Қасымов дес бермеді. Жанкүйерлер 74 келі салмақта кілемге шыққан жерлесіміз, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың белдесуін асыға күткені анық. Алайда, Ақжүрек алғашқы жекпе-жегінде-ақ ресейлік Александр Зеленковтан ұтылып қалды. 86 келі салмақта финалда Қанат Бердиевтен жеңіс күткенбіз. Бірақ ол ресейлік Дәурен Круглиевке жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Командалық есепте төрт алтын медаль еншілеген ресейліктер бірінші орынға шықты. Грузиялықтар екі алтын медальмен екінші орынды еншілесе, қазақстандық балуандарға үшінші орын бұйырды. Турнир соңында қайырымдылық лотереялары ойнатылды. Лотерея билеттерінен түскен қаржы сәбилері науқас, өте мұқтаж отбасыларға берілді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді