кәсіпкер қыз-келіншектер жүзеге асырған әлеуметтік жобалар
Бүгінде еліміздегі нәзік жандылар қоғамдық белсенділігі мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру арқылы өз кәсібін өрге дөңгелетіп қана қоймай, көпшілікке де пайдасын тигізуде. Қоғамдық істе асқан белсенділік танытып келе жатқан сондай үкіметтік емес ұйымның бірі – Іскер әйелдер қауымдастығы. Астана қаласында өткен әйелдердің IV Еуразиялық саммитінен соң Іскер әйелдер қауымдастығы облыстық филиалының төрайымы Гүлдара Нұрымованы сөзге тартқан едік.
– Гүлдара Алданышқызы, аталған қауымдастықты құруға не түрткі болған еді? – Тоқсаныншы жылдардағы елдегі әлеуметтік жағдайдың күрт төмендеуі әрбір отбасын қиындықтарға тап қылды. Сол кезеңде бала-шағаның қамы ер-азаматтармен қатар аналарды, әйелдерді де ойландырмай қалмағаны белгілі. Өз кәсібін ашып, қолынан келген істі дөңгелетіп әкетуге әйелдерге қолдау мен көмек керек еді. Қауымдастық құрудың қажеттілігі осыдан туған. Ол 20 жыл бұрын еді. Ондағы басты мақсат түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда нәзік жандыларды шет қалдырмау болды. – Облыста бұл бастаманың бастауында кімдер тұрды? – Республикалық Іскер әйелдер қауымдастығы 1995 жылы құрылса, біздің облыста ол 1997 жылы ұйымдастырылды. Қауымдастықтың алғашқы төрайымы Людмила Сушкова, одан кейін Жұмагүл Омарова болды. Мені 2008 жылы қауымдастыққа төрайым етіп тағайындады. Содан бері осы жұмысты жалғастырып келемін. – Осы жылдар аралығында қандай жобалар жүзеге асырылды? – Қауымдастық қолға алған барлық жобалардың негізгі мақсаты – әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру мен саяси-экономикалық беделін көтеру, әлеуметтік жобаларға атсалысып, ел дамуына айтарлықтай үлес қосу. Іскер әйелдер қауымдастығы елдегі үкіметтік емес ұйымдар арасында алдыңғы қатарда тұр. Соның арқасында ұйым елдегі түрлі саяси-әлеуметтік мәселелерге ықпал ете алатын күшке ие болды. Осы 20 жыл ішінде қауымдастық көптеген әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, «Қанатты әйел» атты жәрмеңке көрмесі, «Ажар» байқауы, әйелдердің Еуразиялық саммиті, «Гендерлік кеш» өткізу арқылы қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, әйелдерге өз ісін бастауға кеңес беретін арнайы орталық ашылды. Қауымдастық 20 жылда 34 халықаралық және отандық компания және ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей алатындай деңгейге қол жеткізді. «Бірігу – бастама, бірге қалу – үдеріс, бірге жұмыс істеу – жетістік» деген ұранмен жұмыс істеп келе жатқан қауымдастықтың облысымызда атқарған істері де айтарлықтай. – Ендеше, солардың бірқатарына тоқталып өтсеңіз. – Біз республикада алғашқы болып он ауданда өз филиалдарымызды аштық. Ондағы мақсат – ауылды жерлерде тұратын әйелдерге де іскерлік қолдау көрсету. Қауымдастықтың қолдауымен «Ел Ана» деп аталатын кеңес құрылып, оған өмірлік тәжірибесі мол өнегелі аналар тартылды. Республикалық, облыстық және қалалық деңгейлерде өткізілетін түрлі акциялар мен іс-шараларға белсенді атсалысып отырдық. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған «Ана мен балаға» арналған 20 сквер» акциясын ұйымдастырып, облыстық перинаталдық орталықтың аумағында арнайы стела орнаттық. Жыл сайын «Балаларды қорғау» күнінде қайырымдылық шарасын өткіземіз. Осы уақытқа дейін 2000-нан аса мүгедек және жетім, әлеуметтік аз қамсыздандырылған баланың тілегін орындадық. Сондай-ақ, демографиялық саясатты қолдау мақсатында жаңа босанған аналарға перзентханаға барып, арнайы сыйлықтар табыс етіп тұрамыз. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында облысқа келген 70-ке жуық қонақты күтіп алып, шығарып салдық. Тойға тарту ретінде түрлі шаралар ұйымдастырдық. Жалпы, елдегі және облыстағы айтулы мерекелерді ұйымдастыруда ешқайсысынан шет қалған емеспіз. – Сөзді әйелдер кәсіпкерлігіне қарай бұрсақ. Елдегі әйелдердің экономикаға қосып жатқан үлесін қалай бағалар едіңіз? – Бүгінде кәсіпкердің тең жартысы әйелдер деп сенімді түрде айта аламыз. Елдегі кәсіпкерлік субъектісінің 41,5 пайызын нәзікжандылар басқарып отыр. 700 мыңға жуық қазақстандық әйел шағын және орта кәсіпкерлікті ұршықша иіруде. 2014 жылы әйелдер 800 мың азаматты жұмыспен қамтыған. Осыған қарап-ақ әйелдердің ел экономикасына тигізіп отырған пайдасын бағамдай беруге болады. – Астанада өткен әйелдердің IV Еуразиялық саммиті Іскер әйелдер қауымдастығының 20 жылдығына арналған екен... – IV Еуразиялық саммитке елдің барлық өңірлерінен және шетелдерден көптеген өкілдер шақырылды. Біздің облыстан аталған жиынға 25 кәсіпкер әйел қатысты. Саммит барысында «Нұрлы жол – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық конференция өткізіліп, «Қазақстанда жасалған» атты әйелдер өндіріп шығарған тауарлар көрмесі ұйымдастырылды. Бұдан өзге де көптеген шаралар өтті. 20 жылдыққа орай екі кітап жарыққа шықты. Оның бірі «Жан Қанаты» деп аталып, онда қауымдастық жайлы толыққанды мәліметтер топтастырылған. Ал «Қазақстанның қанатты әйелдері» деп аталатын екінші топтамада елдің әр өңірінде кәсіпкерлігін өркендете білген 50 әйелдің өмір жолы бейнеленген. Саммитте осы кітаптардың тұсаукесері болды. – Істеріңізге сәттілік тілейміз. Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді