«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оқырман жүрегіне жол тапқан

Оқырман жүрегіне жол тапқан
ашық дереккөз
Оқырман жүрегіне жол тапқан

Жазушы Мархабат Байғұт ТарМПИ студенттерімен кездесті

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұйымдастыруымен аталған оқу орнының мәжіліс залында жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың «Махаббат. Мақам. Мархабат» атты шығармашылық кеші өтті. Бұл шара еркін пікір алмасуға негізделіп, жазушының студент жастармен сырласуы, әңгімелесуі түрінде өрбіді. Сахнаның әдеби үлгіде безендірілуі, ондағы көне орындықтар қойылған күзгі бақ секілді сағынышқа жетелейтін сары жапырақтардың шашылып жатуы да көпшілікті ерекше әсерге бөледі.

Жас ақын Нұрболат Жолдасбаев жүргізген әдеби жиын барысында жазушының «Бір дорба диплом» шығармасынан қойылым ұсынылды. Студенттер сахналаған қойылымда ақын Мұқағали Мақатаевты Зейнолла Қабдоловтың аудиторияға ертіп келген сәтінен көріністер көрсетілді. Мұны аталған институттың 4-курс студенттері әсерлі ойнап шығып, жазушының алғысына бөленді. Жас айтыскер ақын Дидар Апбасов домбырамен жеткізген арнауына көпшілікпен бірге Мархабат жазушы да қол соғып, ризашылық танытты. Студент Қонысбай Ембергеновтің өз жүрегінен арнаған өлеңін де, оқушы Еркеайым Әбдуәлі орындаған «Балапан қаз» әнін де жиналғандар ықыласпен қабылдады. Концерттік бағдарламалардың арасында жазушы өз ойын, жазушылық жолын, жан сырын әңгімелеп отырды. Ол өзінің ауылда өскенін, сондықтан ауылды, даланы, ауылдың дән үйілген қырманын жақсы көретінін жүрегі елжіреп тұрып айтты. Сондай-ақ, қаламгер өткен ғасырдың 80 жылдары филология факультетінде оқитын 25 студенттің 23-і көркем әдеби кітапты іздеп жүріп оқитынын айта келіп, бүгінгі таңдағы әлеуметтік желінің ықпалына, әдеби кітап оқу төмендегеніне алаңдаушылық білдіріп, бәрібір көркем әдебиетті оқымай кемелдене алмайтынымызға, өркениетті елге айналу қиын болатынына тоқталды. Жазушы студент-жастар тарапынан қойылған сан алуан сұрақтарға да жан-жақты жауап берді. Кеш барысында елімізге белгілі бірқатар жазушылар кеш иесінің шығармашылығы, адамгершілік болмысы жөнінде сөз сөйледі. Мәселен, Елен Әлімжан «Мархабат – оқырман жүрегіне әдемі енген жазушы» десе, Несіпбек Дәутаев «Мархабат Байғұт секілді саңлақ жазушыны сақтауымыз қажет, бағалауымыз керек» деді. Белгілі әдебиет сыншысы Бекен Ыбырайымов кеш иесін «Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі санаулы суреткер жазушы» деп бағалады. Академик Мекемтас Мырзахметұлы да жазушының шығармашылығы, қайраткерлігі жөнінде жақсы пікір білдірді. Сондай-ақ, жастармен жүздесуге келген жазушының интернатта бірге өскен құрдасы Әмірхан Дауылбаев қаламгердің бала күнінен сыр шертсе, кәсіпкер Қатира Аққұлиева жастарды әдебиетті жақсы көруге, М.Байғұт секілді шебер жазушылардың шығармасын оқуға шақырды. Кездесу соңында жазушы Мархабат Байғұт өзімен кездесуге уақыт бөлген қаламгер достарына, көпшілікке, кешті ұйымдастырған институт басшылығына, ұстаздарына, студент жастарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, өзінің университетте бірге оқыған курстасы, ТарМПИ-дің доценті Сейсекүл Исматоваға студенттерді жұмылдырып, осындай әдемі кештің өтуіне себепкер болғаны үшін рахметін айтып, институтқа жаңа кітаптарын тарту етті.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар