Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның негізіне айналған. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде қоғамдық институттар дамуы үшін қолайлы саяси-құқықтық жағдайлар туғызу мықтап қолға алынды. Құқықтық негізі қалыптасты. Қазіргі қоғамдық бірлестіктерді нығайған сектор десек, артық айтқандық емес. Бұған дейін мұндай ұйымдардың жұмысына қажетті заңдардың өмірге келуіне билік араласқан болса, бүгінде олардың өздері бастама көтеріп, келелі мәселелерді қолға алатындай күшке ие.
Бір нәрсені айта кетуіміз керек, қазіргі кезде орталық мемлекеттік органдар қаржы бөлгенімен, олардың қызметіне араласпайды. Керісінше, мемлекет жергілікті атқарушы органдардың жұмысына бақылау жүргізуді үкіметтік емес ұйымдарға жүктеп, билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналуына жол ашуда. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарының бесінші бағытында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру тетіктеріН іске қосу жолдары қарастырылуы – соның дәлелі. Қоғамдық бірлестіктер қоғам үшін жұмыс істеуі керек. Ол үшін өңірлердегі азаматтық ұйымдар бір ғана мемлекеттік тапсырыспен шектелмей, қызмет аясын кеңейте түсуі қажет. Бірақ, бұл мүмкін бе? Жалпы, ауылдық жерлерде құрылған үкіметтік емес ұйымдардың хал-ахуалы қандай? «Береке» және «Экоцентр» қоғамдық бірлестіктерінің ұйытқысымен өткен басқосуда өңірімізде құрылған қоғамдық бірлестіктер осы сауалдар төңірегінде ойларын ортаға салды.
Қоғамдық ұйымдарға қолдау артады
Мақпал Досымбекова, облыстық ішкі саясат басқармасының саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшысы:
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев азаматтық қоғамды дамытуға көп көңіл бөлуде. Қоғамдық институттардың рөлін арттырудың негізгі талаптары Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасында да көрініс тапқан. Елімізде үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттейтін заң қабылдануда. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын жетілдіруде бірқатар бағыттар бойынша шаралар атқаратын болады. Биылдың өзінде облысымызда жүзеге асырылған әлеуметтік жобалардың жалпы сомасы 325 миллион теңге қаржыны құрады. Келешекте мемлекеттік, мемлекеттік емес гранттар мен республикалық және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік міндеттерді шешуге едәуір үлес қосқандары үшін сыйақылар түрінде қаржыландырудың жаңа нысандары енгізілмекші. Құжатта бұдан өзге де бірқатар мақсатты шаралар қарастырылған. Жалпы алғанда, құжаттың қабылдануы қоғамдық бастамаларды мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудың құқықтық тетіктерін заңнамалық тұрғыдан бекітуге мүмкіндік береді. Бұл қадамдар өз кезегінде үкіметтік емес сектордың орнықты дамуына, азаматтық белсенділікті арттыруға және азаматтық қоғам институттарының нығаюына жол ашады.
Қаржыландыру тетіктерін іздеу керек
Роза Абдуллаева, «Береке» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы мемлекеттік тапсырыспен қаржы бөлінеді. Осының өзі – қоғамдық бірлестіктер үшін үлкен қолдау. Алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырудың жаңа тетігі іске қосылмақшы. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Бірақ, қоғамдық ұйымдар мұнымен шектелмеуі керек. Өз жобасын әрі қарай жалғастыруды ойласа, қосымша гранттар ұтып алу жолдарын іздестіргендері жөн. Мәселен, халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігі (USAID) «Береке» және «ЭКОЦЕНТР» қоғамдық бірлестіктерімен серіктестікте «Береке ынтымақ арқылы» жобасын жүргізуде. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола және Қарағанды облыстарындағы 100 ауылдық үкіметтік емес ұйым осы үш жылдық жобаға қатысып, өздерінің ұйымдық, институционалдық және кәсіби деңгейлерін арттыруға, сонымен қатар, өз қызметтерін жүзеге асыру үшін шағын гранттар ала алады. Бұл бағдарлама ауылдағы қызметін бастаған, дамуды көздейтін және даму деңгейі жоғарылау және алдағы уақытта ұйымның кәсіби дамуына ынталы қоғамдық бірлестіктерге қолдау көрсету мақсатында қолға алынған.
Оңтүстік өңірдегі ұйымдар белсенді
Гүлсім Андабаева, «Береке ынтымақ арқылы» бағдарламасының үйлестірушісі:
– «Береке ынтымақ арқылы» жобасына қатысуға ниет білдірген төрт облыстағы қоғамдық ұйымдар арасында арнайы сауалнама жүргізген едік. Сауалнама арқылы солтүстікке қарағанда оңтүстік өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс атқаратыны анықталды. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық бірлестіктер жергілікті атқарушы органдармен, БАҚ-пен және басқа да ұйымдармен серіктестікте жұмыс жүргізеді екен. Ал қосымша қаржыландыру көздерін тартуда Ақмола, Қарағанды облыстарындағы ұйымдар белсендірек. Қарағанды, Жамбыл облыстарында басқа аймақтармен салыстырғанда әлеуметтік жобаларға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қомақтылау қаржы бөлінеді. Тағы бір айта кететіні, әлеуметтік және жастар мәселелері бойынша жұмыс жасайтын қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік тапсырыстан бөлек қаржыландыру тетіктерін іздеуге ынталы екені байқалды. Дегенмен, ауылдық жерлердегі ұйымдардың басым көпшілігінің штаттық бірлігі үш адамнан аспайтыны ойландырады. Кейбіреулерінде бірлестік төрағасы ғана негізгі штатқа бекітілген. Қалғандары жалдамалы қызметкерлер болып шықты.
Мәселе – мемлекеттік тапсырыста
Жазира Көлбаева, «Талас ғұмыры» жастар қоғамдық бірлестігінің консультанты:
– Қоғамдық бірлестіктердегі қызметкерлердің саны мен жалақы мәселесі өзекті. Өйткені, белгілі бір әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға көбінесе мемлекеттік тапсырыс үш айға беріледі. Біз бөлінген қаржының 30 пайызын ғана айлыққа жұмсай аламыз. Үш айға бөліп есептегенде бұл қаржы бір ғана адамның жалақысына жетеді. Сондықтан, көптеген ұйымдар штаттық бірлігін біреуден арыға асыра алмай отыр. Көпшілігінің жалдамалы қызметкерлердің көмегіне жүгінетіні де содан. Мені толғандыратыны да осы. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады ма?! Басқосуда талқыға салынған ұйым жетекшілерінің ойлары осындай. Жиында қоғамдық бірлестіктердің қазіргі тыныс-тіршілігіне қатысты көптеген мәселелер көтерілді. Халықаралық АҚШ агенттігі (USAID) арқылы жүзеге асырылып жатқан «Береке ынтымақ арқылы» жобасы талқыланды.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді