Елдің ел болуы, оның болашағының баяндылығы жастардың қолында. Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасында жастарға деген қамқорлық, оларға барынша жағдай жасау керектігі ерекше атап көрсетілгені баршаға мәлім. Міне, осы бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы белгілеп берген 20 тапсырманың барлығы да саламатты қоғам құруға, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге, өркениетті елдер өнегесінен үлгі алуға, әлеуметтік еңбек қарым-қатынасын дамытуға бағытталған. Қазіргі таңда қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, инновациялық дамытудың бірден-бір жолы – еңбек ету. Бұл, шынымен де, өте назар аударарлық жағдай. Өзің еңбек етіп, алға ұмтылмай, еш нәпақа таба алмайтының анық. Бүгінгі күні жастарды жұмыспен толық қамту, олардың қоғамдағы орнының маңызын арттыру – басты мәселенің бірі. Жастар – мемлекеттің қолдауынан тыс қалмауға тиіс ерекше әлеуметтік топ, толыққанды рационалды қолдауды және қоғамнан тиісті қаржы құюды талап ететін әлеуметтік ресурс, мемлекеттің капиталы. Олар – бүгінде өзінің біліміне, шәкіртақысына немесе ата-анасы мен туыстарының көмегі мен қолдауына ғана сенетін қатардағы қарапайым студент немесе жас маман. Қоғамға дендеп еніп бара жатқан нарықтық қарым-қатынас пен жаһандану барысында жастар өз-өзін сенімсіз, бөтен әлемдегідей сезінуі ғажап емес. Бүгінгі жаһандану дәуірінде жастарымыздың қоғамның жаңару үрдісімен үйлесімді өмір сүре білуі үшін олардың тәрбиесіне айрықша зор мән берілуі керек-ақ. Жастардың құқықтық сауатын көтеру мәселесінің де орны ерекше. Өйткені, құқықтық тәрбие ең алдымен жаңа тұрпатты адамды, азаматты қалыптастыру ісіне қызмет етеді. Осы тұрғыда жастардың құқықтары мен мүдделерін қолдап, қорғаумен қатар, олардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған қуатты қоғамдық ұйым – ол кәсіподақ ұйымы. Кәсіподақтардағы жастар саясатының мақсаты – жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтық насихат, әлеуметтік-еңбек қатынастары, білім алу мен кәсіби даярлық салаларындағы жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын әзірлеу мен жүзеге асырудағы өз құқықтары мен мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру, кәсіподақтар мен оның белсенділері қатарына жастарды көптеп тарту болып табылады. Кәсіподақтарда жастармен жұмыс жөніндегі комиссия (кеңес) құрылып, олар салалық келісімдер, ұжымдық шарттар жобаларын жасауға қатысып, онда еңбекші жастардың, білімгерлердің құқықтары мен мүдделерінің ескерілуіне назар аударып, кәсіби шеберлік байқауларын, кеңес беру, оқыту-насихаттау шараларын жүргізуде. Сала кәсіподағында мүшелікке алынған жоғары және арнаулы орта оқу орындарының білімгерлеріне кәсіподақтық шәкіртақы тағайындау мен төлеу тәжірибесі енгізілген. Кәсіподақтық шәкіртақы «өте жақсы» және «жақсы» үлгерімді жоғары, кәсіби білім беру орындарының білімгерлеріне, ата-анасының қарауынсыз қалған және жетім, ақылы негізде оқитын студенттерге тағайындалады. «Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір» дейді дана халқымыз. Жастардың өмірдегі ұстанымдары әркез қоғам мүддесімен тоғысып, мемлекеттің даму қарқынына ілесіп отырғаны абзал. Сондықтан келешек ұрпақтың парасатты да мәдениетті жетіліп, білімді, озық технологияларды, ғылымды жан-жақты меңгеріп, әсіресе, елжанды азамат, білікті басқарушы болып қалыптасуы біздің болашағымыздың кепілі.
Гүлсін ОРЫНБАЕВА, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді