Мені қалай мазалады?
Мен кішкентайымнан ұзын әрі қалың шашты армандайтынмын. Өзімнің шашым қара түсті болғанымен, тым жұқа әрі өсуі де қиын. Жақында диплом алатын болғандықтан, сол кешке ерекше болып барғым келді. Ол үшін тым болмаса шашымның формасын өзгертпек болып шаштараздарға барып кеңес алуды ұйғардым. Қаланы аралап жүріп, бір шаштараздың ішіне кірсем, бір қыз жасанды шаш жалғатып отыр екен. Мұны көріп, менің де шаш жалғатуға ойым кетті. Бірақ, ол тым қымбат болып шықты. Дегенмен, алда келе жатқан кешті ойладым да, өмірімде бір рет қана болатын қуанышым ғой деп, тәуекелге бел будым. Қаланы аралап жүріп, арзандау бағаға жасайтын шаштараз тауып алдым. Ақшаң болса, қалаған түстегі кез-келген ұзындықта шаш табу қиын емес екен. Ойланбастан тұп-тура өзімнің шашымдай қап-қара түсті, тіземмен бірдей ұзындықта шаш жалғатып алдым. Кәдімгі өзімнің шашымдай. Сол кездегі таңданысымда, қуанышымда шек болмады. Құрбыларым да өте қызықты. Сол күні кешкісін бір мектепте, бір университетте оқып, үйленуге жоспар құрып жүрген жігітім Нұрсерікпен кездесуге шығып, шашымды көрсетуге асықтым. Бірақ, неге екенін, екеуміз кездескен бойда болмашы нәрсеге ұрысып қалдық. Ол кәдімгідей ренжіп, тіпті бір айға дейін хабарласпай тұруымызды сұрады. Мен амал жоқ келістім. Алайда, сол түні жылап шықтым. Ертеңінен бастап еш көңіл күйім болмай, жұмыстарымды да құлықсыз атқарып жүрдім. Ешкіммен басы артық сөйлескім келмейді. Достарыммен де бұрынғыдай көңіл көтеруге құлықсызбын. Мұның бәрі жігітіммен ренжісіп қалғандықтан болар деп те ойладым. Сондықтан бір айдан соң Нұрсерікке өзім хабарластым. Жігітіммен достасқандай болдық, бірақ бәрі баяғыдай емес. Аз нәрсеге тез ренжісе береміз. Бір қызығы мен емес, ол ренжіп қала береді. Ақшамның да берекесі болмай кетті. Достарым болса күн санап азая берді. Күндіз маужырап жүретінді шығардым, басым айналып, ұйқым келе береді. Шашым да көптеп түсетінді шығарды. Сосын шашымды жасатқан шаштаразға барып едім, шашты уақытша шеше тұруымды, табиғи шашымның демалу керектігін айтты. Келістім. Бір қызығы, сол күннен бастап бойым жеңілдеп, денсаулығым да жақсара түскендей болды. Көңіл күйім көтеріліп, қыдырғым келді. Жұмысқа деген шабытым ашылды. Көп ұзамай айлығымды алып, құрбыларыммен теңізге баруға келістік. Онда өзімді ұзын шашпен «русалка» секілді сезінейін деп, шаштаразға барып, тағы да шашымды жалғатып алдым. Бірақ, теңізден келгеннен кейін тіптен төсек тартып жатып қалдым. Түнгі ұйқым тынышсызданып кетті. Жылап жатқан сәбидің даусынан шошып оянамын. Кей уақытта сығандардың ордасында жүремін де, олар мені оттың ортасына лақтырып жатқандай болады. Осылайша шошып оянамын. Күннен-күнге солып бара жатқан түрімді көрген анам қазақи емге қаратпақшы болып, бір апаға апарды. Ол кісі: «Қазіргі күні шашын сататын адам көп. Оның барлығы ақшадан қысылғандықтан осындай қадамға барады. Сенің басыңдағы да біреудің шашы. Біреу болғанда да, тағдыры ауыр бір сыған әйелдің шашы. Ал оны сен басыңа жалғап алдың. Оның басынан өткен ауыр тағдыр сені мазалап жүр», – деді. Мен қатты қорықтым. Ал анам сол сәтте-ақ шашты кесіп алып, өртеп жіберді. Содан бері екі жылдай уақыт өтті. Қазір денсаулығым да, жұмысым да ойдағыдай. Осы оқиғадан соң ешқандай да шаш жалғатпайтын болдым.
Еркеназ Бақытбекқызы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді