Ата жолын жалғаған азамат
ДОСАН ҮШКЕМПІРҰЛЫ ИЗРАИЛЬДЕ САМБОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ Талас өңірі өткен ғасырда өмір сүрген Қалаубек балуанның жауырынының жерге тимегенін әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Атасына Досан тартып өсті. Бүгіндері қырықтың қырқасынан енді ғана асқан ол да ширек ғасырға жуық боз кілем үстінде қазақ күресінен бақ сынап, тәп-тәуір жетістіктерге жетіп те жүр. Алғаш күресті мектепте оқып жүргенінде бастаған. Тіпті, оның Жамбыл ауданындағы Аса селосында өткен республикалық ауыл спартакиадасында алтыншы сыныпта оқып жүргенде-ақ самбодан жеңімпаз атанып, спорт шебері атанғаны керемет жетістік емес пе?! Өткен жылы ғана Түркістан қаласында өткен еліміздің чемпионатында қарсыластарын қақырата жеңіп, Қазақстанның чемпионы атанды. Артынша Қазақстан құрамасы сапында Грекияда өткен әр жастағы спорт шеберлері арасындағы әлемдік додада жүлделі үшінші орынды иеленіп қайтты. Досан бірнеше жылдан бері спорт шеберлері арасындағы байрақты бәсекелерде еліміздің намысын қорғап жүр.
Сондай жарыстардың бірі Израильдегі Ашдод қаласында өткізіліп, оған 32 мемлекеттің балуандары қатысқан. Онда Қазақстан құрама командасын атақты самбошы Алмас Мұсабеков бастап барды.
Осы біріншілікте 35-40 жастағы спорт шеберлері арасында 90 келіден жоғары салмақта белдескен Досан алғашқы кездесуінде АҚШ-тан келген алып Дугласты 8:0 есебімен таза жеңіп, жер қаптырды. Одан кейін молдавиялық Муртазаевпен боз кілемге шығып, одан ұпай санымен 4:1 есебімен айласын асырған ол жартылай финалда ресейлік Пенегинді таза жеңіп, ақтық айқаста тағы бір ресейлік балуан Скудниевтің адымын аштырмай, әлем чемпионатының алтын медалін иеленді.
– Ашдод қаласының спорт аренасында Қазақстанның әнұраны шырқалғанда бала күннен бергі арманым орындалып, еліміздің абыройын асқақтатып, әлемдік додада жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына жеткеніме қуанып, жүрегім толқып, көзіме жас келе жаздады, – дейді Досан Үшкемпірұлы.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Ақкөл ауылы, Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




