«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұмысшы мүддесін қорғау – басты міндетіміз

Жұмысшы мүддесін қорғау – басты міндетіміз
ашық дереккөз
Жұмысшы мүддесін қорғау – басты міндетіміз

Бүгінде біздің кәсіподағымыз мәдениет, спорт және ақпарат саласындағы 101 мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басын біріктіріп отыр. Кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 4319 бірлікті құрайды. Басты мақсатымыз – Еңбек кодексін басшылыққа алып жұмыс жасау, әлеуметтік әріптестікті сала, мекеме деңгейінде жандандыру. Ол үшін біз барлық деңгейдегі келісімдер мен ұжымдық шарттар қабылдадық және сол арқылы еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ахуалының жақсаруын, еңбек қатынастарының құқықтық тұрғыда қорғалуын, еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қол жеткізіп отырмыз. Сауықтыру-демалу шараларын ұйымдастыру арқылы еңбеккерлердің және олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын нығайту да, заңнамамен бекітілмеген жеңілдіктер мен жәрдемақылар беру де осы келісімдер мен ұжымдық шарттар арқылы жүзеге асып отыр. Кәсіподақ ұйымы құрылғалы бергі сегіз жыл ішінде кәсіподақ мүшелерінің қатары айтарлықтай өсті. Әсіресе, спорт саласында. Алғашқы жылдары 6-7 ғана спорт мекемесі тіркелген болса, бүгінде мүшелеріміздің басым көпшілігін осы сала қызметкерлері құрап отыр. Былтыр қабылданған «Кәсіподақтар туралы» Заңда барлық мекемелердегі бастауыш ұйымдар өздерінің салалық кәсіподақтары құрамына енгізілуі тиістігі нақтыланып көрсетілген-ді. Осынау құрылымдық өзгерістің оң нәтиже бере бастағаны байқалуда. Біздің филиалымыз республикалық салалық ұйымдар арасында өзінің штаттық кестесінде заңгер бірлігі тіркелген бірден-бір ұйым екендігін атап өтуіміз керек. Осының нәтижесінде салалық кәсіподақ комитеттері төрағаларына, мәдениет, спорт және ақпарат мекемелері басшыларына, еңбек қорғау инспекторларына арналған нормативтік-құқықтық актілерінің 3 жинағы әзірленіп, баспадан шықты. Ал бұл өз кезегінде кәсіподақ белсенділерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға өзінің септігін тигізуде. Ең бастысы, қамтуымыздағы тиісті мекемелердегі еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі мәселелерін айрықша назарда ұстаймыз. Мысалы, 2012 жылы тікелей өздерінің бастамасымен облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы жұмыс орындарының жағдайы бойынша аттестациялау өткізілді. Оның қорытындысы бойынша кітапхананың бес бөлімінің қызметкерлері, кіші техникалық құрамы қосымша ақы алатын болды. Жыл сайын облыстық бюджеттен шаңның зияндылығына байланысты еңбекке қосымша ақы төлеуге қаржы бөлінеді. Бұл еліміз бойынша алғаш рет бізде ғана қолға алынып отыр. Сондай-ақ, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңына сәйкес ауылдық елді мекендерде тұратын мәдениет, спорт ұйымдары мамандарына отын сатып алу үшін жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек берілуіне де қол жеткіздік. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы «Еңбек қатынастарын ырықтандыру, Жаңа Еңбек кодексін әзірлеу» атты 83-қадамын жүзеге асыру мақсатында Еңбек кодексінің жаңа жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қарауына ұсынылғаны белгілі. Жобаның еңбеккерлерге қатысты кейбір баптарының қатаңдандырылуы, керісінше жұмыс берушілер құқығына басымдық берілуі көпшіліктің наразылығын туындатқан еді. Кәсіподақтар федерациясы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесе Еңбек кодексінің жаңа жобасы бойынша сындарлы жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде кәсіподақтың мүшелік ұйымдарынан келіп түскен, жұмысшылар жағдайын жақсартуға бағытталған 200-ден астам ұсыныстың заң жобасына 117-сі енгізілген болатын. Олар бірінші оқылымда-ақ қабылданды. Бүгінде еліміздегі дағдарысқа байланысты қалыптасқан жағдайға байланысты қандайда бір ұстанымдардың да өзгеретіні белгілі. Жұмыс берушілерге ел экономикасын көтеру үшін бірқатар басым құқықтар берілуін де құптаймыз. Алайда, жұмысшылар құқығы мен мүддесінің бұрмалануына ешқандай жол берілмеуі тиіс. Кәсіподақтар тарапынан бұл тұрғыда еңбеккерлердің жағдайын жақсартудың тиімді жолы – ұжымдық шарттың талапқа сай сауатты әрі әділетті жасалуы бақыланатын болады. Жаңа Еңбек кодексіне сай жұмыс беруші мен еңбеккерлердің арасындағы қатынастардың басым дені ұжымдық келісімшарттар арқылы құрылады. Олар әрбір ұжым үшін негізгі құқықтық акт болуы керек. Сондықтан, еңбек қатынастарынан туындайтын барлық аспектілерді осы келісімшарттарда барынша нақтылап, бекітіп алуымыз қажет. Біздің басты мақсатымыз – еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық жағдайын мейлінше жақсарту. Сондықтан да Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен жаңа Еңбек кодексін халық арасында түсіндіру жұмыстарын қолдай отырып, кәсіподақ активін оқыту, типтік ұжымдық келісімшарттар бойынша ұсыныстар әзірлеу жұмыстарын кең көлемде жүргізудеміз. Сала қызметкерлерінің мүддесін қорғайтын азаматтық қоғамның бір бөлігі ретінде алдағы уақытта Ұлт жоспарын орындауға жұмыла атсалысатын боламыз.

Жанна АЛШЫНБАЕВА, облыстық мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлері кәсіподағының төрайымы.

Ұқсас жаңалықтар