Бесік
Осыдан аттай отыз жыл бұрын Түркістаннан қонақтан қайтып келе жаттық. Темір жол бекетінде «Мәскеу – Алматы» пойызындағы өзімізге тиесілі вагонның «үзеңгісіне» аяқ артуға онша асықпай, қимастықпен қоштасып тұрғанбыз. Абыр-сабыр көпшілік арасынан төгілдіре киген жібек шапанына сүріне-қабына вагонға еніп бара жатқан бесік арқалаған бір қария еріксіз назарымызды аударған. Жолсеріктен: «Пәлен вагон осы ма, түгеншесінші орын қай тұста, көрсетіп жіберші, шырағым», – деп сұрады. Біз елең ете қалдық. Дәл біздің купе болатын.
Ендігі сәтте сол қартпен жұмсақ купеде шайқала тартып бара жаттық. Жол ұзақ, жөн сұрастық, әңгіме өрбіттік. Сөз бесік жайына ойысты.
– Оңтүстік өңірдегі әулиелі жерлерді аралай шыққаныма біраз болды. Аралағанда, емші-тәуіп болайын деп жүрген жайым жоқ, шырақтарым, – деді көнекөз қария. – Елге қайтып барам. Қайтардағы олжам – мына бесік, ырым ғып алғаным ғой. Сатқан кісі: «Босағаңа қойсаң, балаң мен келінің балалы болады. Болашақ немерең үшін ақша аяма, шал», — деп ақыл айтты. Бір аяғым төрде, бір аяғым көрде... қаржыны о дүниеге арқалап кетемін бе, қиналмай-ақ сатып алдым. Тек әлгінің айтқаны келсін.
– Әй, ақсақал-ай, аңқаусыз-ау! Алатақиялыға қалтасы пұлға толса, болды емес пе? Соның алдауына иланып, сонша жерге бесік арқалап бара жатқаныңызды айтамын да. Қазіргі келіндер бөпелерін әлдилеп, бесікке бөлемейді, дүкенде сатылатын кәдімгі тербемелі торлы төсекте өсіреді, – деп соқты қуақы бір серігіміз.
– Өйтпе, балам, – деді қария мұңайып, – бөлемесе де бөпелі болса, бұл фәнидегі арманым орындалып, қабыл ниетпен қазір-ақ қабірге кірмес пе едім?!. Келінімнің құрсақ көтермегеніне көп болды ғой. Өзім де, балам да жалқы едік. «Басқа әйел ал» деуге батылым жетпейді, бірін-бірі ұнатады олар. Келінімді өзім де қимаймын. Құдай салмаса, амал нешік...
«Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» деген осы. Біреудің жан жарасын тырнаған әлгі қуақы серіктесіміз үшін біз ұялып, жер шұқығандай болдық. Біразға дейін үнсіздік орнап, томағатұйық отырдық. Шылым шекпесем де, соны сылтау ғып тамбурға шықтым. Сынық терезеден дөңгелене қалып бара жатқан түнгі далаға көз салып, ауыр сезімде тұрдым. Жыландай созылған пәленбай вагонды қайыспас қара өгіздей сүйреген тепловоздың да екпіні біраз бәсеңсігендей. Қарауытқан тау пойыздың Түлкібас өңіріне енгенін аңғартады. Одан арғы тізгін тартар тұс – Жуалыдағы Боранды (Бурный) стансасы. Жүзін әжім басқан әлгі мұңлы қарттың сөзі мына бір жайтты еске оралтқан-ды.
...Жасы кәмелетке жетпегендер ісімен кәсіби тұрғыда тікелей айналысып жүрген кезім еді. Билікөл жағасындағы кілең балықшылар тұратын шағын ауылдағы әке-шешелері басы ауған жаққа қаңғып кеткен тірі жетімдерді облыс орталығындағы арнайы қабылдап-орналастыру орнына жеткізу бізге жүктелген. Тараздағы қазіргі Қонаев атындағы көшеге орналасқан сол ғимаратқа жетіп, темір есік арқылы қоршау ішіне енген едік. Қаңғыбастықпен қолға түсіп, тор ішінде көгенделіп отырғандардың арасынан егіз қозыдай бұйығып отырған өрімдей-өрімдей екі қаракөз көзімізге оттай басылған.
– Жаңатастағы үйінен қашып кеткен ағайынды балалар екен. Темір жол бекетінде ұсталыпты.
– Әкелері жоқ, шешесімен хабарласып едік, балаларынан бас тартты. Асырап алғысы келген адамға бере беріңдер деп қолхат та тастады, – деді біздің құжаттарды қабылдауға кіріскен милиция капитаны.
– Өз балаларынан тірідей жерісе, амал нешік? Жақсы адамдардың аялы алақанына тап болса, әлі-ақ жетіліп кетер, – дедік біздер.
– Алушы табылып та тұр-ау! – деді капитан келіншек күрсініп. – Әйелі орыс, мұсылман тектес ресейлік жігіттің көзі осы екеуіне түсті. Балалары жоқ екен. Бірінен-бірін ажыратпай, екеуін де сол жаққа алып кетуге ниеті бар. Бірақ, әйелі славян тектес бала асырамақшы көрінеді. Екеуі әлі өзара ымыраға келмей, сыртта жүр...
Қоршаудан кері шыққанымызда, көшеде тұрған ерлі-зайыптыларды да көрдік. Екеуі қандай да бір келісімге келгендей көрінді маған.
– Жуалыдан балаларды әкеп тапсырған сіздер ғой? Тиісті құжаттары кешікпей келіп түсе ме? Біреуін иеленсек, жолымыздан қалмас едік, – деді реңді орыс келіншегі жылдам сөйлеп.
Оған таяқ тастам жерде тұрған мұртты жігіт мақұлдаған сыңай танытты. Екеуінің де ұрпаққа деген іңкәрлігі айқын сезіліп тұрды сонда.
Жасөспірімдер жайлы қалам тартқанда, ұрпақ сабақтастығын айдай аңсап, алыстан бесік арқалаған сол бір мұңлы қарт пен аралас некелі ресейлік ерлі-зайыптылар оралады ойға.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді