«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Арманы асқақ Азамат

Арманы асқақ Азамат
ашық дереккөз
Арманы асқақ Азамат

«Жас барыс» турнирінде жасындай жарқылдады

Тараздық жас балуан Азамат Байназар ел назарына ілігіп, көптің көңілінен шығып жүр. Оның спорттағы алғашқы қадамдары сүйсінтеді. Ол мектепте оқып жүргенінде-ақ Тараз қаласындағы №7 Олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер мектебінде балуан­дықтың қыр-сырын меңгере бастаған. Бұл жолда жеке бапкері Қайролла Лұқманов ұстазының еңбегі мол.

Қазіргі таңда М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетінде оқитын Азамат түрлі жарыстарда жетістіктерге жетуде. Былтыр Қызылорда қаласында қазақ күресінен өткен республикалық «Жас барыс» турнирінде шешуші ойынға дейін сүрінбей жеткен. Алайда, үш жекпе-жекті өз пайдасына шешкен Азамат финалда аз ғана ұпай санымен қарсыласына есе жіберген. Биыл Сыр елінде алаштың апайтөсі Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен өткен халықаралық турнирде Азаматтың асығы алшысынан түсті. Әрине, отыз балуанның арасынан іріктелу оңайға түскен жоқ. Үш жекпе-жекті таза жеңіспен аяқтаған Азаматтың шеберлігіне жанкүйерлердің таңдай қаққанымен, бұйырғаны күміс медаль болды. Азаматқа ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков үнемі қолдау танытып, көмегін көрсетуде. Азамат – самбо, дзюдо және қазақ күрес түрлерінен спорт шеберлігіне үміткер. Ол алдағы уақытта қазақ күресінен Азия, әлем біріншіліктерінде бақ сынауды көздейді. «Қазақстан барысы» турнирінде облыс намысын абыройлы қорғауды армандайды. Арманы асқақ жас балуанға біз де әрдайым бабың келісіп, бағың жансын дейміз!

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар