«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы

Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы
ашық дереккөз
Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы
Әлімқұл Жамбылов өмірден озды ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың немересі, Қазақстанның халық ақыны, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Әлімқұл Жамбылов 2015 жылғы 14 қарашада 88 жасында дүниеден озды. Әлімқұл Жамбылов 1927 жылғы 9 мамырда Алматы облысындағы Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында туған. Ол жасынан Жамбыл атасының жанында жүріп, тәлім-тәрбие алды және өлеңдерін жатқа айтып өсті. 1944 жылы Жамбыл орта мектебін, 1947 жылы Алматыдағы киноактер мектебін бітірді. 1947-1948 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, 1952-1994 жылдар аралығында жергілікті жердегі кітапханада, қызыл отау, аудандық газетте қызметтер атқарған. Жамбылдай жыр алыбының жалғасы – Әлімқұл қазақтың ақпа-төкпе ақындық дәстүрінің қаймағын бұзбай жалғастырушылардың бірі болды. Ол қазақтың алып тұлғалы батырларын, балуандарын, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, еңбек адамдарын, тарихи тұлғаларды кейінгі ұрпақ санасында қалдыруды өзіне парыз санап, өлең-жырларын арнады. Ақын жастарға, балаларға арнап ақыл-нақыл, өсиет өлеңдер қалдырды. Жамбылға, Кененге, Үмбетәліге, Тұрмағамбетке арнаған толғау-жырлары бар. Ақынның «Қызыл сырлы домбыра», «Мен Әлімқұл, Жамбылдың немересі», «Атадан қалған бір мұра», «Жамбыл қаласында» атты жыр жинақтары жарық көрген. Әлімқұл ақын атасы Жамбылдың биікке көтерген жыр жалауын қолдан түсірмей, жоғары ұстап, ақындық өнерде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Алып бәйтеректің мәуелі бұтағындай болған Әлімқұл Жамбыловтың жарқын бейнесі әрдайым есте сақталады. Марқұмның жатқан жері пейіш, алды жарық болсын! Алаштың Әлімқұлы болған тұлғаның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз!  

Ұқсас жаңалықтар