сәті түскен сұхбат
– Әңгімеміздің әлқиссасын «Дүнген қызы» әнінен бастасақ. Шәмші ағамыздың бұл әнін өз репертуарыңызға қалай қостыңыз? – Осы көп елдер айтып жатады: «саған дейін бұл әнді ешкім орындамаған» деп. Негізі, мен олай ойламаймын. Бұл ән менен бұрын да айтылып жататын. Өзім де естігенмін. Бірақ аса назар аударылмаған секілді. Әйтпесе, 1996-98 жылдары өңірімізде өтіп тұратын Шәмші әндерінің байқауларында «Дүнген қызын» жергілікті әр әнші орындайтын. Мен солардан алдым десем де болады. Кейіннен Шымкентте сол байқаудың республикалық кезеңі өтті. Сонда осы «Дүнген қызын» орындағанымда сол жердегі әділқазылар алқасы да, басқа қатысушылар да елең ете қалып, «бұрын естімедік бұл әнді, керемет екен, жақсы орындап шықтың» деп бағалады. Сонда Шәмші ағамыздың осы әнін өз репертуарыма сәтті қосқанымды ұқтым. Кейіннен осы «Дүнген қызын» орындауым үшін Алматыға да арнайы шақыртып жатты. Қысқасы, бұл ән мені бірден биікке көтеріп тастады. – Әннің шығу тарихын білесіз бе? – Жоқ, нақты қалай дүниеге келгенін білем деп айта алмаймын. Бірақ, елдер айтып жүргендей «Шәмші ағамыз Тараздың іргесіндегі дүнгендер ауылында тұрғанда, сол жердегі тұрғылықты дүнген қызына ғашық болып қалыпты, бұл әнді соған арнап жазған екен» деген сынды біржақты ойларға қосыла алмаймын. Менің ойымша «Дүнген қызы» әні Шәмші ағамыздың сол ауылдағы дүнген халқына деген ризашылығынан, алғысынан туындаған дүние секілді. Мұны солай қабылдағанымыз ләзім. Білесіздер ғой, Шәмші ағамыз қазақтың қай өңірінде, қай түкпірінде болмасын сол жерге арнап, өзінің сыйы ретінде жүрекжарды әндерін қалдырып отырған. «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Мойынқұмда» сияқты тағы басқа әндері осыған дәлел бола алады. – Қалай десек те сіздің орындауыңызда вальс королінің «Дүнген қызы» әні хит болғаны даусыз. Ал енді айтыңызшы, сіздің бұдан басқа қандай әндеріңіз ел ішінде ерекше ықыласқа ие болды деп ойлайсыз? – Негізі, бұл әннен бұрын Сәрсенбек Бәкір ағамыздың «Аналарға арнау» деген әні менің орындауымда өте жоғары сұранысқа ие болған. Олай дейтінім, жергілікті «Қазақстан-Тараз» телеарнасындағы «Ақ тілек» атты құттықтау-сазды бағдарламасында ең көп ұсыныс түсетін әндердің бірі сол еді. Көпке таныс ақиық ақын Мұқағали ағамыздың «Сәби болғым келеді» әні де менің орындауымда көпке ұнады деп айта аламын. Одан кейінгі сәтті шыққан әндерімнің бірі сол Мұқағали ақынның сөзіне жазылған Серік Қалиевтің «Аңғал досымы» болуы керек. – Жаңадан таныла бастаған шағыңызда неге Алматы аспадыңыз? Қанша дегенмен Алматы – өнер ордасы емес пе? – Жас болдық па, білмедім, әйтеуір, ол кезде ол жайлы тереңірек ойламаппын. Бір жағынан тікелей ұсыныстың болмағаны да шығар. Әйтпесе, Алматыдағы талай концерттерге қатысып тұратынмын. Өзімнің талабым болған-ды. Бірақ, ол жылдар Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі еліміз есін енді жиып келе жатқан қиын уақыт еді ғой. Содан да қорқақтаған шығармын... – Ал қазір ұсыныс түсіп жатса барар ма едіңіз? Жалпы, алдағы уақытта Астана, Алматыға атбасын бұрып кету жоспарыңызда жоқ па? – Жоқ. Қазір Алматы не, Тараз не екеуі бірдей болып қалды. Себебі, технология дамыған қазіргі шақта осылай деуге тура келіп отыр. Ғаламтор деген жақсы нәрсе бар. Соның құдіреті ғой бәрі. Таразда, өзімнің студиямда отырып-ақ Астана, Алматыдағы барлық достарыммен хабардар болып отыра аламын. Әрі жылдам, әрі тиімді. Керек десеңіз, осы интернет арқылы белгілі бір келісім-шарттарға да отыра береміз. Мысалы, бұрындары сол үлкен қалалардағы үлкен кештерге тек сол жақта, жақында жүрген өнер иелерін ғана шақыратын. Қазір кез-келген өңірдегі өздеріне қажет деген өнерпаздарды ғаламтордан іздеп отырып тауып алады. Өзіме келсем, көптеген шаруаларымды оңынан шешуде осы ғаламтордың пайдасын көрудемін. – Әріптесіңіз Жұбаныш Жексенұлы «Қазір қазақ эстрадасының құлдырау шағы. Сахнада кім көрінгендер жүр» деген пікір айтады. Келісесіз бе? – Мүмкін... келісуге де болар. Осы маған жоғарыда сіз сұрағандай елдің бәрі «Неге Алматыға бармайсың» дегенді көп айтады. Мен оларға: «Мынау аласапыран басылсыншы» деймін. Мұны құлдырау емес эстрадада жүріп жатқан аласапыран деп қарастыру керек шығар. Қазанға ет салсақ қайнатып-қайнатып бетіне шыққан көбігін алып тастаймыз ғой. Қайнауы басылған соң түбінде таза маңызы былбырап піскен ет қалады. Сол сияқты эстраданың да дәл қазір бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан шағы. Солай деп түсінемін өзім. Соңында нағыз өнерді сүйетіндер ғана қалады. – Ырғағы жақсы, мәтіні мағынасыз әндер жайлы не айтуға болады? – Рас, ондай әндер көбейіп кетті. Бірақ, мынаны да ескеруіміз қажет. Кез-келген ақын әнге сөз жаза алмайды. Кейбір өлең сөздері сәтті шығып қалып жататыны болмаса. Оны мойындау керекпіз. Ондай ақындар икемге де келгісі келмейді. Тек сөзге ән жазылу қажет деген де түсінік белең алуда ақындар ішінде. Ондай сазгерлерді ілуде біреу кездестіріп қалмасаңыз таба алмайсыз. Бізде жергілікті Әуесхан Салабеков дейтін жақсы сазгер бар. Сол кісі ғана сөзге ән жазады. «Алдымда сөзі тұрмаса маған ырғағы түспейді» дейді сол ағамыз. Мен сол кісіге қанша ақынның өлеңдерін апарып бердім. Бірақ, ол кісі «Маған ешқайсысы Нарша Қашағанұлының сөзіндей болмайды» деп отырады. Меніңше осыдан-ақ талай нәрсе түсінуге болады. – Сіздің әндеріңізді де тыңдағанбыз. Білуімізше, сіз әнді жазбайсыз, құрастырасыз. Бұлай деп бір сұхбатта өзіңіз айтқан болатынсыз. Сонда сіз сол құрастырмаларыңызбен шынайы өнер тудырып жүрмін деп ойлайсыз ба? – Мен сазгер емеспін. Ол шындық. Құрастырғанымды да мойындаймын. Өйткені, кәсібилігімді алға тартамын. Қай нота қай жерде тұру керектігін жақсы білемін. Соны туралап әуенге ыңғайлай саламын. Ал нағыз сазгерлерге ән көктен құйылып түседі ғой. Маған олай құйылып түспейді. Бірақ, сол құрастырмаларымның өзі кейде сәтті шығып, тәп-тәуір дүниеге айналып жатады. Көбіне тапсырыс бойынша жазамын. – Сонда осы уақытқа дейін қанша ән құрастырдыңыз? – Көп емес. Бар жоғы бес-алты ән. Алайда, мен өзім ол әндерімді ән деп есептемеймін. Қандайда бір сазгерлердің байқауына қатыстырам деуден де аулақпын. Жеке жинақ шығарып жатсам оған енгізем деп те айта алмаймын. – Шыныңызды айтыңызшы, біреудің қателігін, кемшілігін көріп тұрсаңыз бетіне айта аласыз ба? – Менің мінезімнің ең өткір жері де сол. Десек те шындықты айтқан осы екен деп біреудің көңіліне келетін ауыр сөзді айтқым келмейді. Қазақта «шындықты шырқын бұзбай айт» деген әдемі тәмсіл бар. Осыдан көп нәрсені ұғуға болады. «Ақиқатты айқайлап айту міндетті емес» деген де сол қазақ. Сөйте тұра «Дос жылатып айтады» дегенді тағы жоққа шығара алмаймын. Мысалы, менің студияма «ән жаздырайын деп едім» деп неше түрлі адамдар келіп жатады. Көбіне кішкене балалар ата-анасымен келеді. Ата-анасы: «балама жақсы ән жазып берші, керемет даусы бар» дейді. Енді баласын жоғарыдан көру кез-келген ата-ананың арманы ғой. Солар баласы студияға кіріп қипақтап қалғанда, бір айқайлап ұрсатыны бар: «үйде жақсы айтушы ең ғой, неге айта алмай тұрсың?!» деп. Мен одан түк шықпайтынын сезіп отырамын. Бірақ, сол талабы жоғары баланың қалай бетін қайтарамын? «Боламын деген баланың бетін қақпай, белін бууға» тағы арым жібермей дал болып қаламын сондайда. – Сізді жолы болғыш жандардың қатарына жатқыза аламыз ба? Қандай байқаулардың биігінен көріндіңіз? – Менің жолым жиі бола бермейді. Неге екенін қайдам, қатысқан байқауларымның бәрінде екінші айналымға өтпей-ақ, шеттетіліп қалатынмын. Оған әділ қазылар алқасын да кінәлап көрген емеспін. Сол сәтте мүмкін өзімнің бабым келмей жататын шығар. Тек, жоғарыда айтқан шымқалада өткен Шәмші әндерінің байқауында ғана лауреат атанғаным болмаса. – Біраз бұрын Қазақ радиосында сіздің «Бір арман» атты әніңіз үздік ән болып танылған еді... – Иә. «Ән шеруі» атты бағдарламаны айтып отырсыз. Сол кезде орын алған бір қызық жайтты айтып берейін. Ол бағдарламада жергілікті, талантты ақын марқұм Серік Томановтың сөзіне жазылған Әуесхан Салабековтің менің орындауымдағы «Бір арман» әні үздік әндер қатарынан көрінген болатын. Сол туралы радиодан айтып, тікелей эфирде мені құттықтап, «енді тыңдармандарға Ғани Мәтебаевтың танымал әні «Дүнген қызды» ұсынамыз» деп хабарлады журналист. Бір кезде тыңдап отырсам «Дүнген қыз» әні менің емес басқа бір әншінің орындауында айтылып жатыр. Тыңдармандар бірден танып, радиоға хабарласып шағымдарын айтып жатты. Сөйтсек, радиодағы әнді дайындаған журналист, оператор да бұл әнді тек мен ғана орындайды екен деп ойлаған болуы керек. Ғаламтордан таба салып, қоя салған беттері екен. Сосын журналист әнді бір қайырмадан соң тоқтатып, тыңдармандардан кешірім өтініп, менің орындауымдағы әнді басынан шырқата бастады... Расы керек мен де сол уақытқа дейін «Дүнген қызын» менен басқа Заттыбек Көпбосынов пен Мақсат Базарбаев қана айтады деп ойлап жүретінмін. Расында, бұл әнге ынтасы ауғандар жетіп артылады екен. – Әнші болмағанда кім болар едіңіз? – Футболист болар едім. Бала кезімнен аяқдопқа қатты қызығатынмын. Содан ба, мені ауылдағы достарым Марадонна деп те атап кеткен-ді. Қазір де елішілік турнирлерде өзіміздің «Тараз» командасына, әлемдік клубтардан «Барселонаның» тұрақты жанкүйерімін. Ал әлем чемпионаты бола қалса, көбіне әлсіз командаларға бүйрегім бұрып тұрады. Шыны керек, егер бір жерде менің қатысым бар концерт болып жатып, сонымен қатар, футбол да беріліп жатса, кейде футболды көріп кететін сәттерім бар. – Халықтың арасында «сахна – киелі» деген ұғым кең өріс алған. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? – Негізі киелі деуге келмейді. Сахна жансыз нәрсе ғой. Халықтың назы болады десек бір бөлек. Бірақ, «сахна – киелі» дегенді кім көрінгеннің сахнаға шығып, ойына келгенін істеп кететіндерге тыйым ретінде айтылған тұспал десек құлаққа қонымдылау. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді