«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Суперкубокты иеленген «Тараз» волейбол клубы

Суперкубокты иеленген  «Тараз» волейбол клубы
ашық дереккөз
Суперкубокты иеленген «Тараз» волейбол клубы

Қазақстан  Ұлттық  лигасының  бірінші  айналымын  бесінші  орынмен  аяқтады

Былтыр Қазақстан Ұлттық лигасының чемпионы атанған «Тараз» волейбол командасы биыл әркелкі ойындарымен жанкүйерлерін қуанта алмай келеді. Олар Ұлттық лиганың алғашқы айналымын бесінші орынмен аяқтады. Өкінішке қарай, жерлестеріміз биылғы лиганы жеңіліспен бастады. Алғашқы ойынында Петропавлдың «Есіл» командасына 2:3 есебімен жол берген жерлестеріміз екінші кездесуде Атыраудың «Атырау» командасына да жоғарыдағыдай есеппен есе жіберді. Содан кейін ғана ес жиған «Тараз» біраз жеңістерімен жанкүйерлерге үміт сыйлады. Мәселен, Шымкенттің «Динамо-Қазығұртын» 3:0 есебімен айқын ұтып, Хромтаудың «ТНК-Қазхром» командасынан 3:1 есебімен басым түсті. Келесі ойындарда Павлодардың «Павлодарынан» 2:3, Алматының «Алматысынан» 1:3 есебімен ұтылып, сәтсіз өнер көрсетті. Тек алғашқы айналымның соңғы ойынында Өскеменнің «Алтайынан» 3:0 есебімен айласын асырған жерлестеріміздің еншісінде қазір 12 ұпай бар. Қазақстан Ұлттық лигасында биыл бірінші айналымның нәтижесі бойынша 16 ұпаймен Алматының «Алматысы» топ бастады. Екінші орында Павлодардың «Павлодары», олардың еншісінде 15 ұпай бар. Петропавлдың «Есіл» командасы 14 ұпаймен үшінші орында. Өскеменнің «Алтайы» 13 ұпаймен төртінші орында тұр. Осы орайда облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына хабарласқан едік. «Бірінші айналымның нәтижесі сәл төмен болып тұр. Алайда, алда екінші айналым бар. Жігіттеріміздің есе қайтарып, жақсы ойын өрнегін көрсетуге мүмкіндіктері бар. Байқасаңыз, бірінші айналым қорытындысы бойынша әр команданың арасын бір-бір ұпай ғана бөліп тұр. Бұл үлкен айырмашылық емес. Сондықтан, «Тараз» волейбол клубының екінші айналымда үлкен мүмкіндігі бар. Біз өз командамызға сенеміз», – деді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков. «Тараз» волейбол клубы директорының орынбасары Сұлтан Рыспанбетов те осы пікірді қолдайды. Екінші айналымда жақсы ойын көрсетіп, кеткен қателіктерді түзеп, жанкүйерлерді қуантуға күш салатындарын айтып отыр. Жақында Суперкубок ойынында жерлестеріміз «Тараз» волейбол командасы Атыраудың «Атырау» командасын 3:1 есебімен айқын ұтып, еліміздің Суперкубогының иегері атанды. Біз өз командамыздан екінші айналымда нәтижелі ойындар күтеміз. Бұл сенімді ақтауға «Тараз» волейбол командасының мүмкіндігі мол.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар