«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еркін күрес мықтылары «Тараз-аренада» белдеседі

Еркін күрес мықтылары «Тараз-аренада» белдеседі
ашық дереккөз
Еркін күрес мықтылары «Тараз-аренада» белдеседі

Мемлекет  және  қоғам  қайраткері  Д.Қонаевты  еске  алуға  арналған  турнир  өтеді

28-29 қараша күндері «Тараз-Арена» спорт кешенінде Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған ересектер арасында еркін күрестен халықаралық турнир өтеді. Осыған орай кеше облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов аталған спорт кешенінде БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл жиынға халықаралық деңгейдегі спорт қауымдастықтарының өкілдері және турнирді ұйымдастырушылар қатысты.Жиында сөз сөйлеген Ерқанат Нұрбапаұлы ширек ғасыр мемлекет басқарған Д.А.Қонаевтың қайраткерлігі мен ұлтын сүйген ұлағатты істеріне тоқтала келіп, ел ардақтаған тұлғаны еске алу турниріне Ресей, Моңғолия, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан,Украина, Иран, Нигерия, Италия елдерінен еркін күрес шеберлері келетініне, байрақты доданың жоғары деңгейде өтуіне барлық жағдай жасалып жатқанына тоқталды. Содан кейін сөз алған еліміздегі спорттық жекпе-жек және күш қолданатын спорт түрлері конфедерациясының спорттық директоры Арман Ташметов, дүниежүзілік біріккен күрес әлемі қоғамының супервайзері Бақытжан Жақсықұлов турнирге қатысатын елдердің балуандары жөнінде, олардың деңгейі жөнінде пікірлерін білдірді. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков бұл турнирге еркін күрестен облысымыздың намысын халықаралық деңгейде абыройлы қорғап жүрген саңлақтар, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров және Азияда олжа салған Мейіржан Әшірбеков те қатысатынын айтып өтті. Жиын барысында журналистер тарапынан қазақ күресінің бүгінгі деңгейі, еркін күрестің жағдайы, балуандарымыздың олимпиадаға қатысу мүмкіндігі турасында жан-жақты сұрақтар қойылды. Өз кезегінде турнирдің бас демеушісі, «Альтаис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Әлімбек Жұмабаев сұрақтарға жауап бере келіп, ұлтымыздың дана перзенті Д.Қонаев атындағы турнирді өзінің қаражатына биыл тоғызыншы мәрте өткізіп отырғанын, бұл турнир еліміздің, облысымыздың белгілі спорт саңлақтарына үлкен мүмкіндік беретінін, олар осы турнирде олимпиада, әлем чемпионаттарының жеңімпаздарымен белдесіп, өздеріне сенім жинайтындарын айтып өтті. Сондай-ақ, Әлімбек Әсембекұлы турнир барысында қайырымдылық лотереясы ойнатылатынын, түскен қаржы әлеуметтік жағдайы төмен, мұқтаж отбасыларға таратылатынын тілге тиек етті. Бұл турнирге сегіз салмақ дәрежесі бойынша бірнеше елден үздік балуандар қатысады деп күтілуде. Әр салмақта жеңімпазға 5 мың, екінші жүлдегерге 3 мың, үшінші орын иесіне 1 мың АҚШ доллары беріледі. Әр салмақ бойынша жеңімпаз спортшының жаттықтырушылары 1 мың АҚШ долларына ие болады. Ұйымдастырушылар келешекте бұл турнирді «Гран При» деңгейіне көтермек. Ол кезде әлем бойынша еркін күрестен ең үздік 16 елдің балуандары Тараздың боз кілемінде белдесетін болады. Баспасөз мәслихатын облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қорытындылап, турнирді ұйымдастыруға ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, «Альтайс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ерекше ат салысатынын айтты. Сондай-ақ, ол байрақты бәсекеге әлемдегі қандай атақты балуандардың қатысатынын ақпарат құралдары арқылы қосымша хабарланатынын айтып, БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар