немесе батыс елдеріндегі әдеби агенттің пайдасы туралы
Әдебиет – ұлт рухының, руханиятының күзетшісі. Ғасырлардан бергі сабақтастықты үзбей келген ауыз әдебиеті болсын, жазба әдебиет болсын – әрқашан ұлт руханиятының ғибадатханасы болуымен құнды. Дегенмен, ұлттық колоритке бай шығарма сол мемлекеттің аумағынан аспай қалса, оның да өз трагедиясы бар. Мәселен, ықылым замандағы эпостық жырлар өзге тілдерге дер кезінде аударылғанда әлем назары Қазақ еліне, оның баһадүрлеріне аумас па еді... Ұлттық бояуды, қалыпты сақтай отырып, әлемдік деңгейдегі туындыны жазу мүмкін болғанымен, көз майыңды тауысып дүниеге әкелген төл шығармаң бүгінгі нарықтық заманда әдеби агентсіз дақпырты алысқа бармайды. Чехов «Сыншылар – қолдарынан келсе кәдімгі ақын я болмаса жазушы, тарихшы болғысы келген адамдар. Олар о баста өздерінің талантын сол салаларда сынап көрмек болып, қолынан іс келмей, сәтсіздікке ұрынып, екі ұшты күй кешкен соң сынмен шұғылданып кетті» дейді. Әлбетте, біз қаламгерлерді сынағалы, мінегелі отырғанымыз жоқ. Бірақ, «қазақ қаламгерлері әдеби агенттің пайдасын қашан көреді?» деген ой санамызды сарсаңға түсіргені рас.
Агент пен фанаттың
арасы жер мен көктей
Шыны керек, әдеби үрдістің бір парасына баланатын әдеби агент жұмысы, біздің елді былай қойғанда, көптеген Нобель сыйлығының иегері шыққан Ресейдің өзінде бірізділенбеген. Ақын-жазушылардың кештерін түрлі деңгейде өткізіп, шығармаларын шетел тілдеріне аудартып, одан пайда табатын, тұлғаның әлемдік деңгейде мойындалуына ат салысатын агенттерді елімізден тауып алам деу – бос әурешілік. Әдеби агент пен «книгомания» дертімен ауырған фанаттың арасы жер мен көктей. Әлбетте, әдебиет әлеміне жаны жақын, бизнеске қыры жоқ азаматтар қаламгер туындысының құндылығын бағамдамай келісім-шартқа отырып, екі тарап шығынға ұшырап қалған кездер әлем әдебиетінде кездеседі. Дегенмен, бұл жерде әдеби агентке алдымен автордың шығармасы нарықта қаншалықты сұранысқа ие бола алатынын сезіну маңызды. Ал біздегілер өзіне-өзі агент болмақ түгілі әдеби агенттің атқарар функциясын ұғына, түсіне алмай жүрген жоқ па әлі?
Танымал қаламгер қарап қалмайды
Жазушы, болмаса ақын өзінің қолжазбасын әдебиет агентіне ұсынбастан бұрын бұл сала дамыған мемлекеттерде сайттар арқылы тапсырыс береді. Ал агент сол тапсырысты қарау барысында-ақ шығарманың қаншалықты әлем елдерінің назарын аударта алатынын түсініп, автормен әрмен қарай жұмыс жасауға бола ма, болмай ма, соны бағамдайды. Автор мен әдеби агенттің көзқарасы бір арнаға тоғысып, келісімге келген жағдайда шартқа қол қояды. Бұл құжат арқылы кітап баспаға кетеді. Әлбетте, жазушы немесе ақын танымал, оның жинағы бұрындары әдеби агент арқылы жарыққа шығып, өзге мемлекеттердің тіліне аударылып, баспаға да, басқаға да қаржылай тиімділігін көрсеткен болса, оның кітабын басуға баспаханалар талас жүргізеді. Ал керісінше ілгеріде есімі беймәлім қаламгердің жазғандарын әлемге таныту әдеби агентке қиын соғады. Өйткені, ол әдеби кеңістікте танымал емес, бір сөзбен айтқанда, жас жазушының шығармалары қаншалықты нарықта өнім ретінде өтеуі молынан болады? Бұл да баспаның басын ауыртатын басты мәселе. Бұл ретте шығарманың барлық жаққа тиімділігін дәлелдеп, белгілі бір дәрежеде тәуекелге баратындар да әдеби агенттер. Әлбетте, алғашқы кітап шыққаннан кейін автор қаламақыға қарық болады деу қисынға келмейді. Бастапқыда азын-аулақ табысқа кенеледі. Қалған қаражат баспа мен агенттің қалтасына түсері хақ. Дегенмен, келесі кітаптары автордың беделін арттырып, бизнес тұрғысынан келгенде едәуір табыс әкелері сөзсіз. Әдеби агенттер де қателеседіӘсілінде кемшіліксіз адам болмайды. Тап сол секілді әдеби агенттер де өз кезегінде мықты туындыға шекеден қарап, қолдау көрсетпей, тапсырысын қабыл алмай, кері қайтарып жіберіп жатады. Әрине, әркімнің көзқарасы әртүрлі. Көптеген агенттер әдеби әлемді дүр сілкіндірген қаламгерлермен қоян-қолтық жұмыс жасауды жөн көреді, қазіргілердің сөзімен айтқанда, «дабыра» жасаған шығарма авторларын маңайлағысы келіп, таяқ тастам жердегі жауһарды байқамай қалуы ықтимал. Әдеби үрдісте, әлемде талай шығармалар сынға ұшырады. Біздің білуімізше, бір ғана Бальзактың жазбаларына қатысты екі мыңның үстінде сыни пікірлер айтылыпты, жазылыпты. Ал енді сол сыншылар қайда, Бальзак қайда? Осындайда «өлеңдеріңнің я болмаса шығармаңның қаншалықты мықты екенін өлген соң білесің. Нашар туындың сенімен бірге көрге кетсе, мықты шығармаң сені төрге сүйрейді» деген сөз еріксіз еске орала береді екен. Кезінде Стивен Кингтің «Кэрри» атты романын отыздан астам баспа иелері «Болашағы жоқ, нашар туынды. Өз-өзін ақтай алмайды» деген кейіп танытып, жақтырмады. Кэтрин Стокеттің қолжазбаларын алпыстан астам әдеби агент жарамсыз санап, онымен бірлесіп, әріптестік негізде жұмыс істеуден ат-тонын ала қашты. Бір сөзбен айтқанда, маңайларына жуытқысы келмеді. Ал бұл қаламгерлер кейіннен еңбектерін өз күштерімен танытып, жоғары жетістіктерге жетті. Қыруар қаржыға да кенелді. Тіпті, соңғысы туралы сөз бола қалғанда, оның миллиард долларға дейінгі табысқа әдеби туындылары арқылы қол жеткізгені сөз болады. Бұл нені көрсетеді? Әдеби агенттердің де қателесетінін, сыншылардың жарамсыз деп тапқан туындыларын миллиондаған адамдар сүйіп оқитынын байқатып тұрған жоқ па?
Дулат исабековте бар, басқаларда ше? Қазақтың маңдайына біткен ұлы ақыны Фариза Оңғарсынова көзі тірісінде: «Әдеби агент деген бар, ақын-жазушыларға қызмет етіп, оның шығармашылығын насихаттайды, танымалдылығын арттырады» дегенді бірінші рет естіп отырмын. Егер ондай агенттер болса, тек бай жазушыларда ғана болатын шығар, себебі оларға да жұмысының ауқымына орай ақша төлеп отыру керек қой. Бізде ондай жазушы, не ақын бар дегенге сеніңкіремеймін. Бұрын әдебиетшілер бюросы деген үкімет қаржыландыратын мекеме болатын, ол жазушылардың халықпен кездесуі үшін іссапарлар ұйымдастырып, қаражат төлейтін. Егер сол секілді мекеме болса бірсәрі, ал жеке жазушының агент ұстауы бізде мүмкін емес», – деп өз ойын білдірген екен. Уақыт өзгерді. Өркениет көшіне бет түзеген елдерде әдеби агент қызметінің кеңінен тарағанын, талай мықты қаламгерлердің сол агентінің белсенділігінің арқасында әдеби мәртебесі жоғары сыйлықтарға қол жеткізгенін білеміз. Тіпті, әдеби агенттердің мықты менеджерлік жұмысының арқасында Нобель сыйлығына қол жеткізгендер де болды ғой. Бүгінде қырғызстандық Рахима Абдуалиева Шыңғыс Айтматовтың әдеби мұраларын Ұлыбританияда насихаттап жүргені айқын. Әттең, адамзаттың Айтматовына Жаратқан тағы аз уақыт ғұмыр сыйлағанда Орталық Азия қаламгерінің қанжығасы майланар ма еді?.. Сол Рахима Абдуалиева бүгінде Дулат Исабековтің Лондондағы әдеби агенті қызметін атқарып жүр. Жылына жазушының бір пьесасы Лондон театрларының сахналарында сахналанып, бір ағылшынша аударылған кітабының тұсаукесері өтеді. Оған шетел әдебиетінің элитасы келіп, өз ойларын айтады. Бүгінде қазақтан әлі күнге Нобель сыйлығының лауреаты шыққан жоқ деген сөзді жиі айтамыз. Нобель сыйлығын иелену үшін сол сыйлықтың бірнеше лауреаты сіздің шығармаларыңызды құптауы, әдеби мәнінің мықтылығын, мазмұндылығын қуаттауы керек. Рахима Абдуалиева осы бағытта жұмыс жасап жатқаны талас тудырмайды. Демек, әдеби агентпен қазақ қаламгерлері тарапынан кім толыққанды жұмыс жасап жатыр деген сауал туындай қалса, бірден Дулат Исабековті айтатынымыз да сондықтан. Жұмыс нәтижеге жеткізіп, алаштың айбарын асырып жатса, оның өзі қуаныш емес пе? Жалпы, қазақ қаламгерлері үшін шетелде, оның ішінде Еуропа елдеріне танымал әдеби агенттермен жұмыс жасаған ләзім болмақ. Ақиқатын айтқанда, бүгінгі қазақ әдебиетін әлем елдері кеңінен білуі, тануы үшін ең қажеті – сапалы аударма. Шын мәніндегі мықты шығармалар әлем тілдеріне аударылуы үшін әдеби агенттердің жұмысы жемісті болуы заңдылық. Алайда, қазіргі таңда сол әдеби агентпен жұмыс жасауға қазақ қаламгерлерінің шамасы келмей тұр. Дегенмен, қазақ қаламгерлерінің алдағы уақытта әдеби агент арқылы әлемге танылып, түрлі жиындарда шығармалары талқыланып, нарықтық экономикадан өз орнын табарына сенеміз. Уақыт – бәріне төреші. Біз де жақсылыққа сенеміз. Әлі-ақ қазақ жазушыларының шығармалары да әйгілі Габриэль Гарсия Маркестің туындылары тәрізді әлемнің жиырма бес тіліне аударылып, елу миллион таралыммен тарайтын болады... Тек ниет керек...Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді