«Боко харам» – нигериялық радикалды исламдық ағым. 2002 жылы басшылыққа Мұхаммед Юсуф келгеннен бастап, бұл ұйым әлемге кеңінен әйгілене бастады. Ұйымның мақсаты – Нигерия аумағына шариғат заңын енгізу және батыстық өмір сүру салтын терістеу. 2009 жылдан бастап бұл топ Нигерияның солтүстігінде тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, христиан шіркеулеріне және полиция бөлімшелеріне шабуыл жасауда. 2014 жылы мамыр айында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен «Боко харам» террорлық ұйымдар қатарына кіргізілді. 2014 жылы 5 маусымда Еуропалық Одақ «Боко харамды» террорлық ұйым деп таныды. Діни ағымның ресми атауы – «Жамаату ахли Сунна Лиддавати валь-Жиһад» (араб тілінен аударғанда – «Пайғамбар ілімі мен жиһад жолын таратушылар қоғамы»). «Боко харам» атауын бұл топқа Майдурги қаласының тұрғындары қойған. Дәл осы қалада аталған діни ағымның базасы болды. «Боко харам» сөзі хауса тілінен аударғанда «батыстық білім беруге тыйым салынған» немесе «батыстық білім беру күнә болып табылады» деген мағынаны білдіреді. «Боко» сөзі о баста «жалған» деген мағынаны білдірген, бірақ кейіннен батыстық білім беруді түсіндіру мақсатында қолданыла бастады. «Боко харам» ұйымы да батыстық білім беру үлгісіне, батыстық мәдениетке және ғылымға қарсы шығады. Ағым мүшелерінің пікірінше, батыстық құндылықтармен байланысы бар кез-келген саяси және қоғамдық қызметке тыйым салынуы керек. Олардың қатарында сайлауға қатысу, заманауи киім үлгілерін кию, батыстық үлгідегі білім беру, тағы басқа да талаптар бар. «Боко харамның» көзқарасы бойынша Нигерия үкіметі батыстық идеяларға «уланған» және «кәпірлерден құралған», сол себепті бұл үкіметті биліктен кетіріп, мемлекетті шариғат заңдарына сай басқару қажет. Жоғарыда «Боко харам» ұйымының негізін 2002 жылы Майдурги қаласында Мұхаммед Юсуф қалағандығын атадық. Бастапқыда Юсуф білімге қызығушылық білдірген және мешіт пен медресе салған екен. Ол медреселерде кедей мұсылман отбасылардың балалары оқыды. Юсуф елдегі барлық мәселелерге билік кінәлі деп санап, халықты оларға бағынбауға үгіттесе де, о баста ол билеуші топты төңкеріс арқылы кетіруді көздемеген еді. 2009 жылы «Боко харам» мүшелері мемлекеттің жаңа заң ережелеріне бағынбаған сәтте жағдай шиеленісіп, мұның соңы «Боко харам» мен полиция арасындағы үлкен қақтығысқа әкелді. Осының әсерінен 800 адам қаза тапты. Полиция діни топтың штабын басып алып, Юсуфты тұтқындады. «Боко харам» лидері абақтыда көз жұмды. Мұнан соң радикалды ұйымның басшылығына Юсуфтың орынбасары Әбубәкір Шекау келді. «Боко харам» жасырын қызметке көшіп, бірнеше топтарға жіктелді. Аталған ұйымның мүшелерінің қызметі көршілес Нигер мен Камерунға да таралды. «Боко харамның» ең қайғылы шабуылдарының бірі 2011 жылы жүзеге асып, БҰҰ-ның Абуджа қаласындағы штаб-пәтері нысанаға ілікті. Осы шабуыл нәтижесінде 20 адам қаза тапты. Бүгінгі таңда «Боко харам» мүшелері қауіпсіздік күштеріне, христиандарға, үкіметпен байланысы бар мұсылман лидерлеріне, шетелдіктерге қарсы күресуде. Енді бір жерде «Боко харам» діни ұйымын «қара талибан» деп те атайды. Себебі, «Боко харам» ұйымы мен Талибанның батыстық білім беру үлгісіне, батыстық өмір сүру салтына қатысты наразы ұстанымдары бірдей. Кейбір мәліметтерге қарағанда «Боко харам» ұйымының мүшелерінің саны 30 мың адамды құрайды. Осы тәрізді ұйымдардың пайда болу себебі жөнінде әртүрлі көзқарастар бар. Кейбір сарапшылар «Боко харам» тәрізді ұйымдар қолдан жасалған десе, кейбірі табиғи жолмен пайда болған шынайы ұйым деп біледі. Мұнайлы өлкені өздерінің толық бақылауларында ұстау – бұрынғы отарлаушы мемлекеттердің басты мақсаты. Осы себепті олар «Боко харамның» және басқа да террорлық ұйымдардың пайда болуына жол бастаған жағдаяттарға назар аудармайды. Қорыта айтқанда, «Боко харам» тәрізді діни ұйымдардың құлашын кеңге сермеп, емін-еркін әрекет етпеуі үшін мемлекеттің ішкі мәселелерін дұрыс шешіп алмай болмайды. Халықтың әл-ауқатын көтеру жолында маңызды реформалар жүргізілуі тиіс. Күн- көріс деңгейі төмен Солтүстік Нигерияның тұрғындарының Оңтүстік Нигериядан даралануға тырысуына да билік тарапынан әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілмеуі әсер етіп отыр. Сөз соңында айтарымыз, радикалды-фундаменталистік идеялар, халықты аяусыз қыру факторлары, адам саудасы тәрізді жайттардың бәрі – дәстүрлі исламнан алшақ дүниелер. «Боко харам» – өз мазмұнында діннен гөрі, саясат жағы басым саясиланған діни топ. Мұндай ұйымдарға қатысты ақиқаттардың толық мәнде ашылуы болашақтың үлесінде.
Елнұр Әскенұлы, дінтанушы. Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді