Ән мен сөз – құстың қос қанатындай болу керек, – дей
Әсілінде, «Бір әннің дүниеге келуі бір перзенттің дүниеге келуімен пара-пар» екенін шығармашылықпен айналысатын жандар жақсы түсінеді. Ал біз сөз еткелі отырған меркілік сазгер Шәбден Омаралиев – әсем ән, сырлы әуенмен өрілген саналы ғұмырында жүзге жуық әндерді дүниеге алып келген талант иесі. Десек те, сыршыл сазгердің «Қоштасқым келмейді», «Қаракөзім, қайдасың?», «Қоштасу қиын екен ғой», «Соғыстан қайтқан гармоншы жігіттің әні» секілді ел арасына кеңінен тараған әуезді әндердің авторы екенін көпшілігіміз біле бермейтініміз анық. «Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» демекші, Шәкеңді ауылына арнайы іздеп барып әңгімелесіп, ой түбіндегі сырларын қағазға түсіріп қайтқан едік.
– Сіздің әкеңіз Нұрғалиды Меркіде танымайтын адам аз шығар. Өйткені, осы аудандағы бір емес, бірнеше ауылдағы мектептерді басқарды. Естуімізше, ол кісі де өнерге жаны жақын, жабырқаған сәттерінде жанына дауасын домбырадан тапқан екен. Сіздің де әнге әуестігіңізге әкеңіздің әсері болғаны ғой.
– Оның рас, біз бала күнімізде әкеміздің жұмыс бабымен осы аудандағы Ақарал, Ақтоған, Қызылтаң, Меркі ауылында отбасымызбен көшіп жүріп ержеттік. Әкем Нұрғали мектепте басшы, анам Мараткүл бастауыш сыныптарда дәріскер бола жүріп, екеуі де саналы ғұмырларын бала тәрбиесіне арнады. Нақтырақ айтсам, әкем 38 жыл оқу-ағарту саласында, оның 26 жылында орта мектептерде директор қызметін атқарған. Құдайға шүкір, бүгінде жасы тоқсанға таяса да әлі тың. Мерзімді басылымдарда тәлім-тәрбие, тарих-шешіре, этнография жайында ой-толғаулары жарық көріп тұрады. Бірнеше кітаптың авторы. Орайы келгенде айта кетейін, Меркідегі республикалық дәрежедегі тарихи-өлкетану музейін ашқан кісі. Бала күндегі кейбір сәттер әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Әкем мектептен қабағы түсіп, жаны жабырқап келгенде домбырасын шертіп, тіпті, мондалинін алып, жүрек тебірентер әуенге басатын. Ондай кезде анамыз да қазақша әндермен қоса, татар әндерін де нақышына келтіре шырқай жөнелетін. Сосын біз жалғаймыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, мен де мамандық таңдауда ата-анамнан ұзап кетпедім. Шымкент педагогикалық мәдени-ағарту институтына оқуға түсіп, сырнайдан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Дмитрий Андреевич Гусенцовтың сыныбын бітірдім. Қос қарындасым да өнерден алыстаған жоқ. Бағила Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектепті, Замира да сол қаладағы Күләш Байсейітова атындағы республикалық балалар музыка мектебінің скрипка сыныбын тәмамдады. Тіпті, әкем отбасылық ансамбль де құрған. Әкеміз мандолинада, мен баянда, Бағила аккордеон аспабында, Замира скрипкада, Серік пен Рахат ансамбльдің сүйемелдеуімен әндер айтатын. Бұл туралы «Мәдениет және тұрмыс» журналында жазылды. Қазақ радиосынан да арнайы хабар берілді. – Өзі өсіп-жетілгеннен кейін ұстазын ұмытып кететіндер көп. Ұстазыңыздың әкесінің атына дейін жадыңызда жатталып қалғанына қарағанда, талантыңыздың ашылуына бірден-бір себепкер болған сол кісі сияқты. – «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейді ғой халқымыз. Дмитрий Андреевичтің жеті буынға он саусағымен тіл бітіруі мені шексіз ән әлеміне жетелеп, қиялымды зеңгір көкке қалықтататын. Ондай сәттерде мен өзімді ұмытып, музыка атты тылсымның тұңғиығына батып, тереңіне сүңгіп кеткендей сезінетінмін. Өнердің өзгеше өлке екеніне сол кезде көзім жетті. Қиялшыл кейіпке еніп, томаға-тұйықтанып жүретін болдым. Миымда мың сан әуен ойнап тұратын, сол әуендер ұмытылмай тұрғанда нотаға түсіруге асығатынмын. Ондайда Сүгірәлі досым: «Әй, осы сен сау емессің, дереу дәрігерге қаралуың керек», – деп әзілдейтін. Сол кездері «Қаракөзім, қайдасың?», «Қоштасу қиын екен ғой», «Қоштасқым келмейді» әндері бірінен кейін бірі дүниеге келді. Осы орайда музыка теориясынан композитор Басыр Жүсіпәлиевтен дәріс алғанымды атап өткім келеді. Естен кетпес шақтар екен ғой, сол бір дәурен кез. Мұхтар Шаханов, Мұхамеджан Рүстемов, Жарылқасын Боранбаев, Кеңес Бағов, Исраил Сапарбаев, Сейдалы Тұрғынбаев, Сүгірәлі Сапарбаевтармен танысып, Шымкентті, аудандарды аралап, шығармашылық кездесулер өткізетінбіз. Шамамен 40 жылға жуықтап қалды, Шымкентте мәдениет саласы бойынша жоғары деңгейде ұйымдастырылған ән-жыр байқауында Мұхаңа поэзия, маған ән жанры бойынша бас бәйгені берді. Одан беріде де «Тұрар туралы ән», «Айналайын», «Тараз», «Соғыстан қайтқан гармоншы жігіттің әні» және тағы басқа әндерім бас жүлдені жеңіп алған. – Жүзге жуық ән-күй шығарыпсыз. Соның ішінде «Қоштасқым келмейді» әніңізді Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бағдат Сәмединова нақышына келтіре орындады. Тіпті, бұлбұл әнші Бағдаттың өзі сіздің шәкіртіңіз екен. Қазір бір ән жазса, он жерге жариялатып, жүз жерге сол ән жайлы насихаттап жататын сазгерлер көп. Ал жүз ән жазған сіз жайында былайғы жұрт көп біле бермейтін секілді. Бұған не дейсіз? – Бірінші Бағдат жайында айтайын. Бағдатты «шәкіртім» деп меншіктеп алғаным ыңғайсыз болар. Ол – бұл күнде республикаға танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Мен ол оқыған №5 Ақарал мектебінде музыкадан сабақ бердім. Бағдат мектепте оқып жүрген кезінде-ақ алғырлығымен өз құрбы-қатарластарының алды болатын. Аудандық ән байқауларында шебер орындаушылығымен жүлделі орындар алып жүрді. Ол кезде бүгінгідей музыкалық техниканың дамымаған шағы, тек баянның сүйемелдеуімен ән айтатын. Ол сол кезде әсіресе қырғыз халық әндерін нәшіне келтіре шырқайтын. Арасында менің әндерімді де орындап жүрді. Ал жоғарыда айтып өткен «Қоштасқым келмейді» әнімді әлі күнге репертуарынан түсірген емес. Бағдаттың әрбір қадамына қуанып отырамын. Енді екінші сұрағыңа көшейін. Біріншіден, атымды насихаттап жүруге, ел аралап кеш беруге шәкірт тәрбиелеуден қолым тимеді. Екіншіден, теледидарға, радиоға, Композиторлар одағына барып, әнімді тықпалауға арым да жібермеді, зауқым да соқпады. Дегенмен, «Қаракөзім, қайдасың?», «Ұстаздар әнұраны», «Әке туралы жыр» және жаңағы «Қоштасқым келмейді» секілді бірнеше әнім республикалық телерадиолардың «Алтын қорына» жазылған. Бірер жыл бұрын 87 әнім топтастырылған жеке ән жинағымды шығарғанмын. Олардан бөлек те бірнеше әнім түрлі ән жинақтарға еніп, басылымдарда жарық көрген. Менің мамандығым – мұғалім, ән жазу, қазіргі тілмен айтқанда, хоббиім. Ал ең бастысы, мен үшін шәкірт тәрбиелеуден, білгенімді балаларға үйретуден асқан бақыт жоқ. Осы ретте айта кетейін, менің еңбек өтілім 48 жыл болса, соның 42 жылын Меркі аудандық білім ағарту саласына жұмсадым. – Қазіргі қазақ эстрадасында әні-сөзі сапасыз, жеңілтек әндер көбейіп кетті. Ол талғамның төмендігі ме, әлде бүгінгі халықтың сұранысы осындай ма? – Қазіргі сазгерлердің көбінің кемшілігі – сөзіне аса мән бермейді, әннің табиғатына, болмысына бойламайды. Талғампаздық жоқ. Мәселен, тәп-тәуір сазгерлер бар, бірақ сөзі сол әнге татымайды. Ән мен сөз құстың қос қанатындай болуы керек. Бір қанаты сынған, жараланған құстың кейпі қандай болады?.. Дәл соның кері... Мысалы, Шәмші әндеріне Мұқағали, Қадыр Мырза Әли секілді халқымыздың маңдайалды ақындарына сөз жаздырған. Әндерінің өміршең болуының бір себебі – содан. Бұл тұрғыда сазгер мен ақынның жүрегінен жарып шыққан ол әнді жүректерге жеткізе білетін орындаушының да орны бөлек. Қысқаша айтқанда, сазгер, ақын, әнші бұл үшеуі ошақтың үш бұтындай рөл атқарады. Өзім мұны басты назарда ұстаймын. Әндерімнің сөзі Абай, Мұқағалидан бастап Шырын Мамасерікова, Мейіркүл Әбжанова, Ермахан Сәбеков және өзге де ақындардың өлеңдеріне жазылған. – Әңгімеңізге рахмет!
Cұхбаттасқан Нұрболат Әлдибек, «Ақ жол».
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді