Тұрақтылық және келісім моделі

Тұрақтылық және  келісім моделі
ашық дереккөз
Тұрақтылық және келісім моделі

Санағат Оразбаева, Дихан орта мектебінің мұғалімі.

Еліміздің даму діңгегіне айналған Ұлт жоспары – ұлт пен ұлыстарды ұйыстыратын, өткір де ұтқыр идеяға құрылған ортақ іс. Алға қойылған бес институционалдық реформаның төртінші бағытын іске асыруда халқымыздың бірлігі мен ынтымағы, ұлттардың достастығы маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы: «Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік береді», – деді «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөйлеген сөзінде. Мұны Елбасының отандастарымызды қоғамдық белсенділікке, экономикалық жаңғыртуларға шақырған үндеуі деп қабылдағанымыз жөн. Ешқайсымыз да мемлекеттік мүддеден шет қалмауымыз қажет. Ол еңбексүйгіштіктен басталады. Еңбек қатынастарына араласу арқылы кәсіптің кез-келген саласы бойынша ортақ үлесті еселеу тіршілікті түзеп қана қоймай, мақтаныш сезімін оятқаны ләзім. Бүгінде кең-байтақ даламызды өз Отаным, атажұртым деп ардақтайтын жүздеген этнос өкілдері бірлігі мен тірлігі, достығы мен татулығы үйлесіп, жарасымды өмір сүріп жатыр. Халқымыздың даналығы, кеңдігі өзге ұлттар мен ұлыстардың этникалық тегіне, әлеуметтік және шығу тегіне қарамастан, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына негіз болды. Енді осы бірлік пен татулықты сақтап, нығайту жолында «100 қадам» бағдарламасының біз үшін маңызы зор. Оның төртінші бағытында «Мәңгілік Ел» идеясына мынадай сипаттама берілді: «…Азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық пен білімді қастер тұтатын зайырлы ел – тағаттылық елі». Сондықтан, көп ұлтты, көп конфессиялы еліміз тұрақтылық пен келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Әйткенмен, үнемі алға ұмтылатын мемлекеттің мерейлі межесі болатынын ескерсек, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Президенттік бағдарламада барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдалануы, жауапкершілік жүгін бірлесе арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керектігі айтылды. Бұл азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болмақ. Іргелі де ілгері істерге кепілдік беретін Ата Заңымыздың артықшылығы да осында. Біз бір-бірімізбен иықтасып өмір сүріп, өзара татулықтың тұғырын бекіте түсуіміз керек. Сонда ғана Мәңгілік Ел болудың жолдарын еркін еңсереміз, Отанымыздағы бейбітшілік пен берекені дамыта түсеміз. Бұл бағытта атқарылған шаруалар үлкен істерге берік алғышарттар жасайды. «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асырылуы бізге, біздің бірлігімізге, ел тұтастығы мен болашағына тікелей ықпал етеді. Әлбетте, елдегі реформалардың жүзеге асуы үшін оған әр қазақстандықтың толықтай атсалысуы қажет. Демек, кез-келген реформа мемлекеттің ғана емес, халықтың жұмыла қолға алуымен іске асады. Қазіргі таңда еліміз бойынша «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мақсаты айқын, бағыты белгілі бұл жобаның аясында қолға алынған жұмыстардың оңды нәтижелері де көріне бастайтынына әбден сенімдіміз.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар