«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Асфендияров университетінің әлеуеті қандай?

Асфендияров университетінің әлеуеті қандай?
ашық дереккөз
Асфендияров университетінің әлеуеті қандай?

Жамбыл филиалы жұмысын бастап кетті

IMG_6648-Өңірімізде С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің филиалы ашылғалы бері айға жуықтап қалды. Қалай болғанда да облыс әкімдігі мен аталмыш оқу орнының ректораты арасында жасалған өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумның нәтижесінде дүниеге келген осынау айрықша жобадан күтілер игілік көп-ақ. Онда аталмыш филиалды қалыптастырып, дамыту арқылы облыстың денсаулық саласы маман-дәрігерлерін жоғары сапалы деңгейге жеткізудің 40-тан астам шаралары қарастырылып, олардың әрбірінің нақты іске асырылу бағдары белгіленген. Дегенмен, жаңа құрылымның алдағы уақытта атқаратын жұмысы туралы филиал директорының міндетін атқарушы Анарбай Батырәліұлы БҰЛАНБАЕВПЕН әңгімелескенбіз.

– Жасыратыны жоқ, еліміздегі іргелі жоғары оқу орнының құрылымдық бөлімшесі облысымыздан ашылғанда, бірқатар түлектер мен олардың ата-аналары дәрігерлік оқуын енді өзімізде оқудың мүмкіндігі туатын болды деп қуанған еді... – Әзірге студенттерді мұнда оқуға қабылдай алмаймыз. Олар тікелей университеттің өзінің базасында оқиды. Бакалавр мамандығын алып шыққаннан кейін ғана осында екі жылдық интернатурадан, мамандықтарына байланысты 2, 3 және 4 жылдық резидентурадан өту мүмкіндіктері бар. Студенттердің мұндай тәжірибелік сынақтарды Жамбыл жерінде өткізу талабы қойылуының бір себебі, барлық жерде де саланың ең керекті кадрлары өте тапшы. Ондай мамандардың осында тұрақтап қалуына ықпал ету маңызды. Осынау екіжақты ауқымды жобада кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы көзделген шаралардың бірі де осы. Бес жыл көлемінде филиал толыққанды қалыптасып, жергілікті жерде-ақ мамандар даярлауға лайықталып, кафедралары ашылады деп күтілуде. Бұл тұрғыда облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының сұранысы бірінші кезекте ескерілмек. Сондай-ақ, облыстық, қалалық балалар ауруханалары базасынан педиатрия, облыстық перинаталдық орталығынан акушерлік-гинекологиялық, ғылыми-техникалық кардиохирургия және трансплантология орталығында кардиохирургиялық кафедралар ашылады. Бұл ретте саланы білікті дәрігерлермен толықтыру қарастырылған. Ең бастысы, аталған кафедралардың дәрісханалары облыс орталығындағы жеті бірдей іргелі нысанда орналастырылуымен, күнделікті емдеу-сауықтыру ісін тәжірибе мен ғылымды ұштастыра жүргізуге мүмкіндік туады. Телемедицинаны да толық қуатында қолданамыз. Шеберлік сыныптарын өткізіп, тәжірибе алмасу үшін шетелдерден білікті мамандар тұрақты түрде шақырылатын болады. Облыстың денсаулық сақтау саласы іргелі өзгерістер алдында тұр. Жеке дәрігерлердің, қала берді сырқаттардың да шетелдік және отандық білікті дәрігерлер тарапынан медициналық мамандандырылған көмек алуына жол ашылмақ. Бұрын жергілікті тұрғындар Алматы, Астана қалаларына іздеп барған болса, енді мұндай білікті мамандар Әулиеата өңіріне өздері келетін болады. Бұл іс осы жағынан да ұтымды. Еліміз бойынша университет филиалдары бұған дейін Талдықорған, Қызылорда қалаларында ашылған болатын. Олардың да жағдайы бізбен деңгейлес. – Филиал қазір нендей жұмыстарды жүзеге асыруда? – Бүгінгі таңда облыста 10 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері, 2,5 мыңға жуық жоғары білімді дәрігер жұмыс істейді. Олардың барлығы да өздерінің кәсіби біліктіліктерін ұдайы арттырып отыруы қажет. Филиалымыздың осы тұрғыдағы көмегі зор болмақ. Бұрын медицина қызметкерлері біліктілігін көтеру ісі басқа қалаларда өткізіліп, бұған қыруар қаржы жұмсалып келсе, жамбылдықтар енді жергілікті жерде-ақ білімдерін арттыра алады. Біліктілікті көтеру курсынан сала қызметкерлері әр бес жыл сайын кезегімен өтеді. Одан бөлек, бізге қызметкерлер бір саладан екінші салаға ауысуы керек болған жағдайда тиісінше білім-білігін жетілдіру, қайта оқу, даярлаудан өту үшін де қайырылып жатады. Акушердің фельдшер, травматологтың нейрохирург болғысы келеді. Алда қыруар істер тұр. Бүгінгі күнге дейін филиалымызда облыс бойынша 70-тен астам адамды оқытып шығардық. Олардың елуі – орта буын медицина қызметкерлері, оннан астамы – хирургтер. Сондай-ақ, бүгінгі таңда филиал қабырғасында 100-ден астам жоғары санатты және орта буын медицина қызметкерлері білімдерін жетілдіруде. Оқыту курстары жұмысы үйлестірілуі ісіне талапкерлер саны көбейіп жатса, университеттегі 167 медицина ғылымының докторы мен 400-ден астам кандидатының да күшін жұмылдыру мүмкіндігі бар. Жамбыл медициналық колледжі дәрісханаларын екі жақтың да бірлесіп пайдалануы мәселесі облыстық денсаулық сақтау басқармасы, ректорат пен облыстық әкімдіктің араласуымен бірінші кезекте шешілген. Одан басқа облыстық, 1-ші, 2-ші қалалық ауруханаларда, облыстық және қалалық балалар ауруханаларында, облыстық перинаталдық орталықта, кардиохирургия орталығында дәрісханалар болады. Сала мамандары, міне, осы жерлерде біліктілік курстарынан өтеді. Бәрі жасақталған, жоғын университет өз қаражатына толықтай жабдықтап бермек. – Бүгінде облысымызда университеттің 105 студенті интернатурадан өтіп жатқаны белгілі. Олар қайда тұрып жатыр? – Бір ай болып қалды, университеттің педиатрия, акушерлік-гинекология, хирургия, емдеу факультеттерінің 7-курсында оқитын студенттерінің облыстық, қалалық ауруханалар, балалар емханалары базасында тәжірибелерін жетілдіріп жатқанына. Олардың жол шығыны, жатын орны шығындарының барлығын да университет көтеруде. Басым дені Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда және осы облыстардың жастары. Біразы осындағы ағайын-туыстарының үйінде, пәтерлерді жалға алып тұруда. Желтоқсан айында интерндердің бұл тобы сынақтары мен емтихандарын тапсыру үшін университетке оралмақ. Бас оқу орнымызда бүгінде 11 мыңнан астам студент бар ғой. Бұл топ кетсе, орнына басқалары келеді. Таяуда маман жетіспеушілігі бар акушерлік, педиатрия салаларына 8 резидент келеді деп те күтіліп отыр. Резидентурада (бұрын клиникалық ординатура аталатын) істейтіндер дайын дәрігерлер ғана емес, келешектегі ғалымдар. Олардың емдеу сапасы артуы ісінде дәрігерлерге де, ауруларға да үлкен көмегі болады деп нық сеніммен айта аламыз. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар