«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аққозиев атпал азамат еді

Аққозиев атпал азамат еді
ашық дереккөз
Аққозиев атпал азамат еді

Сегіз қырлы, бір сырлы Сейілхан Аққозиев туралы бір үзік сыр

Мен марқұм Сейілхан Аққозиевті 1974 жылдан облыстық Атқару Кеңесі Комитетінің төрағасы болып қызмет атқара бастаған кезден жақсы білетінмін. Ол кезде Қордай ауданы Атқару Комитеті төрағасының орынбасары едім, жұмыс бабымен біздің ауданға жиі келетін және әр сапарында көптеген өзекті мәселелерді шешіп кететін.

Қандай да бір қайраткерлердің еңбегін бағалағанда ең алдымен оның өзі өмір сүрген қоғамға сіңірген еңбегі басты өлшем ретінде алынары даусыз. Сейілхан Аққозиев Кеңес одағы кезінде талай жауапты қызметтерде болып, биліктің биік тұтқасын ұстап, облыстың экономикалық дамуына, мәдениеттің өркендеп өсуіне зор үлесін қосқан беделді әрі абыройлы тұлға болғанын біздің ұрпақ жақсы біледі. Ол өзіне де, қарамағындағыларға да қатаң талап қоя білетін, әділ әрі кең ойлап, күрделі мәселелерді тура шешетін басшы ретінде танылды. Ең бастысы – талантты ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде өзін көрсетіп, қызметте қарапайым, ашық сөйлесетін, оның үстіне тәртіп пен адами мәдениетті қатаң ұстанатын. Ол қызмет бабында жөнсіз қазбалыққа, майдалыққа бармайтын. Кадрларды бір қызметтен екінші қызметке ауыстырғанда әбден ойланатын. Қарамағындағылардың отбасы жағдайына да қарайтын. Олардың адами қасиеттеріне терең назар аударатын. Ұзақ жылғы бірлескен қызметінде ол облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов екеуі өте тығыз іскерлік байланыста және түсіністік қарым-қатынаста болып, аймақтың күрделі мәселелерін ақылдасып шешіп отыратын. Облыста ол кезде егіс алқабы бір миллион гектар болды, соның ішінде суармалы жер көлемі – 280 мың гектар. Суармалы алқапқа 41 мың гектар қант қызылшасын, 71 мың гектар дәнді дақылдар, 43 мың гектар жүгері, жоңышқа, көкөністер, бау-бақша дақылдары егілетін. Облысты жаны жайсаң осы екі тұлға басқарған жылдарда құрғақшылық көп болды. Біздің облысқа Шу мен Талас өзендері арқылы Қырғыз Республикасынан барлық пайдаланылатын судың 80 пайызы келетін. Қос республикада суармалы жерді игеру өте қарқынды жүргізілгендіктен суға деген сұраныс күрт өсіп және Шу өзеніндегі Орта – Тоғай, Талас өзеніндегі «Киров» қоймаларының салынуына байланысты өзендердің төменгі сағасына ағып баратын су күрт азайды, құдықтардың су деңгейі түсіп кетті, шабындықтар құрғады, жан-жануарлар мен жәндіктер көп залал шекті. Шу мен Талас өзендерінен екі республикаға су бөлу ережесі ескірді. Соған байланысты біздер одақтың су шаруашылығы министріне екі өзеннің су қорын зерттеп, суды республикалардың егіс көлеміне қарай бөлуді және өзендердің төменгі сағасындағы елдің жағдайын ескеру мәселесін қатаң ұстауды оңтайлы шешуді мәселе етіп көтердік. Жамбыл облысының сұрауы бойынша бірнеше рет Кеңес одағы су шаруашылығы министрлерінің жауапты қызметкерлері, осы саланың ірі ғалымдары келіп, өздері аралап көзімен көріп, барлық жағдайларды түсініп, дұрыс шешім қабылдады. Ленинградтың «Союзводпроект» институты 20 жыл зерттеп, 1981 жылы Шу өзенінің су қоры – 6640 миллион текше метр, соның 42 пайызы бізге, Талас өзенінің су қоры – 1616 миллион текше метр, оның 50 пайызы біздің облысқа тиесілі деп қорытынды жасады. Алайда, одақтық деңгейде бекітілген тәртіпті Қырғыз Республикасы су шаруашылығы қызметкерлері жиі бұза берді. Содан кейін Қырғызстан компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Т.Усупбалиевке Х.Бектұрғанов пен С.Аққозиев арнайы барып, мәселенің мән-жайын нақты қойды. Бұл маңызды кездесуге су маманы ретінде мен де қатысқан едім. Бұл арада айтайын дегенім – облысымыздың екі басшысының тізе қосып, бірлесе әрекет жасауының нәтижесінде осы секілді талай күрделі мәселелер оң шешімін тауып жататын. Атап айтар болсам, облыс басшылары тарапынан суармалы жерлердегі қант қызылшасын, жүгері, бидай тағы басқа дақылдарды дер кезінде суару үшін көптеген шұғыл шаралар қолдануға тура келді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың келісімі бойынша 1984 жылдың 24 тамызында Сейілхан Аққозиев екеуміз Мәскеуге бардық. Одақтың су шаруашылығы министрі Н.Васильевтің қабылдауында болғанымызда біздің мәселемізді ол оң шеше алмады. Содан Кремльге тарттық, СОКП Орталық Комитетінің хатшысы Ф.Кулаковтың қабылдауында болдық. Ол біздің баяндамамызды мұқият тыңдап, өзінің кабинетіне одақтық Ауыл шаруашылығы министрі В.Месяцті және Су шаруашылығы министрі Н.Васильевті жедел шақырып, екі республика арасында су бөлуді 1983 жылы қабылданған ережеге сәйкес реттеу қажеттігін қатаң тапсырды. Осы сапардан кейін одақтың Су шаруашылығы министрлігі Шу-Талас бассейні инспекциясын құрды. Инспекция екі елге ортақ қос өзеннің суын тәртіппен бөлу мәселесін қадағалайтын болды. Инспекция қызметкерлері Қырғыздың Талас, Шу облыстарының су қоймаларын күндіз-түні аралап, талай тәртіп бұзушылықтарды анықтады. Сейілхан Аққозиев болса, бұл жұмысқа белсене кірісіп, судың әділ бөлінуін қатаң бақылауына алды. Секең облыста басшылық қызметте болған жылдары ол кісінің тікелей қатысуымен су шаруашылығы құрылыстары өте қарқынды жүрді. «Жамбылводстрой», «Шусовхозводстрой» құрылыс трестері, жылжымалы құрылыс мехколонналары құрылып, жұмыс істеді. «Казюжпроект» жобалау институты құрылды. Сол жылдары Тасөткел, Ақсу, Қарақоңыс, Қақпатас су қоймалары салынды. Су қоймалары жүйесінің салынуына байланысты облыста суармалы егіс көлемі артты. Қызылша егістігі көлемінің күрт артқандығын айтуға тиістімін. Сейілхан Аққозиевтің су шаруашылығына байланысты мәселелерді шешудегі өзім білетін кейбір жағдайларға ғана тоқталдым. Ол кісі тек су шаруашылығымен ғана айналысқан жоқ, Секеңнің қолтаңбасын облыс экономикасы мен мәдени құрылысының кез-келген саласынан табуға болады. Облыстың химия саласына, әлеуметтік және тұрғын үй құрылысына, ауыл шаруашылығы өндірісіне, мәдениеті мен спортына ол кісінің қосқан үлесі айрықша. Сейілхан Аққозиев Казақ КСР Жоғары Кеңесінің бірнеше шақырылымында депутат болды, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, сегіз рет медальдармен марапатталды. Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы атанды. Төрт ұл-қыз өсіріп, тоғыз немере, бір шөбере сүйіп өмірден өтті. Облысымызға осындай өлшеусіз еңбегі сіңген Сейілхан Аққозиевтей ардақты азаматымыздың есімімен Тараз қаласындағы бір көше аталып жатыр екен. Мұны біз атпал азаматқа халқының көрсеткен қалтқысыз құрметі деп білеміз.

Нұрдәулет ӘЛІБЕКҰЛЫ, облыстың Құрметті азаматы, су шаруашылығының ардагері.

Ұқсас жаңалықтар