Қол күресінен өткен ашық Азия біріншілігінде ел мерейін тасытты
Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» кешенінде ұйымдастырылған қол күресінен Ашық Азия кубогы еліміздің спортшылары үшін сәтті жалғасты. Себебі, спорттың бұл түрінен қазақстандықтар әлем алдында абыройлы. Аса ауыр салмақта әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Дмитрий Трубиннің өзі де, ізбасарлары бұл жолы да жеңісті жолдан жаңылған жоқ.
Ересектер арасында 55 келі салмақта тараздық Заманбек Кежденбек алтыннан алқа тағынды. Ал 60 келі салмақтың ақтық айқасында жамбылдық Мақсат Мәдібек отандасы Жігер Айқынға жол беріп, жарысты күміс жүлдемен аяқтады. 65 келі салмақта тараздық Жандос Бегайдаров өзбекстандық қарсыласынан басым түсіп, Ашық Азия кубогының жеңімпазы атанды. 70 келі салмақта Оңтүстік Қазақстан облысының спортшысы ақтық сында өз облысының өкілін ұтып, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.Салмақ жоғарылаған сайын доданың қыза түсетіні белгілі. 75 келі салмақта төрт дүркін әлем чемпионы тараздық Мамед Жүсіповтың ойынына ел назары ерекше ауды. Мамед ақтық сында тараздық жерлесі Евгений Трубинді оңай ұтып, биік тұғырға лайық екенін тағы бір дәлелдеді. Бұл салмақта қола жүлде павлодарлық Алексей Батталовқа бұйырды. 80 келі салмақта да тараздық Алексей Валошов алтын тұғырға көтерілді. Күміс жүлдеге қол жеткізген Владимир Матченконың да жамбылдық спортшы екенін айта кеткеніміз жөн. 100 келі салмақта екі отандасымыз Медет Мұратов пен Ескелді Ырысбеков ақтық сында кездесіп, алтын жүлде Медеттің еншісіне бұйырды. Аса ауыр салмақта түркиялық спортшы жеңімпаз атанды. Абсалюттік салмақта тараздық Дмитрий Трубиннің жекпе-жектері қызыққа толы болды. Жерлесіміз оң қолмен және сол қолмен өнер көрсетуде қарсылас шақ келтірген жоқ. Қыздар арасындағы бәсекеде де еліміздің намысын қорғаған спортшылардың бәсі жоғары болды. 70 келіде тараздық Оксана Писменная чемпион атанды. 65 келіде ақтық сында еліміздің қос спортшысы кездесті. Нәтижесінде Александр Антонина Әсел Жұмағалибетованы ұтып, алтыннан алқа тағынды. Жоғары салмақтағы спортшыларды марапаттау рәсімін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков жүргізді. Осылайша, Мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитетінің қолдауымен, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен қол күрестен Ашық Азия турнирі мәресіне жетті. Жарыстың жабылу салтанатында Азия қол күресі федерациясының президенті Жиенбек Мұқанбетов сөз сөйлеп, турнирге қатысқан барлық елдің спортшыларына және бұл доданы жоғары деңгейде ұйымдастырған қазақстандықтарға алғысын білдірді. Командалық есепте еліміздің құрамасы айқын басымдылықпен бірінші орыннан көрінді. Жүлделі екінші орын Қырғызстан құрамасына, үшінші орын Өзбекстан құрамасына бұйырды.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді