Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.[/caption]
Кез-келген ата-ана перзентінің өз қолы өз аузына жетіп, оң-солын таныған кезде өмірге басқан алғашқы қадамына, тырнақалды талпынысына қарап өзінің баласына қандай тәрбие бергенін байқай алады. Тәлім-тәрбиесінің, үлгі-өнегесінің артық-кемін баласының қарым-қабілетіне, зердесі мен талабына қарап біледі. «Жаста берген тәрбие жас шыбықты игендей», баласының кішкентай күнінде не нәрсеге икемді екенін уақытында байқап, дер кезінде ұштай білу, соған орай тәрбие беру – ол да ата-ананың үлкен бір парызы, тіпті тәрбиешілік таланты деуге болады. Ата-ана ұл-қызының тамағы тоқ, көйлегі көк болуын көксеп қана қоймай, оның күні ертең қоғамның, өз ортасының тұлғасына айналуын ертерек ойлай білгені абзал.
Кәмелеттік жасқа толып, өмірден өз орнын табатын кезге келгенде қайда барарын білмей дағдарып тұрса, ата-ананың о баста жіберген кемшілігінің бір нышаны сол болар. Саналы, өрелі де зерек баланың талабы кішкентайынан танылады. Ал егер оның өресіне ата-анасы о бастан мән бермесе, ержетіп, бойжеткен кезінде берген ақыл да, мектептегі алған білімі де оны діттеген мақсатына жеткізе алмайды. Шетелдегі іргелі университеттердің бірінің маңдайшасына «Құдайдың бермегенін біз саған бере алмаймыз» деп жазып қойған көрінеді. Бұл – ойланатын мәселе. Демек, кішкентайында, оқушы кезінде ата-ана баласының алдағы өміріне үлкен жауапкершілікпен қарамаса, ешқандай іргелі білім ордасы ойдағыдай тұлға өсіріп шығара алмайды. Біз бүгінде орта буын жастамыз. Алдыңғы толқын ағалардың өнегесін кейінгі толқын інілерге жалғауға тиісті алтын көпір, алтын арқаумыз. Біздің алдымыздағы толқын – қажырлы еңбек пен еңбектің маңдай терімен табысқа жеткен ұрпақ. Еңбектің арқасында елін де, жерін де, мемлекетін де игілікке бөлеген адамдар. «Еңбек – барлығын да жеңбек», «Еңбек түбі – береке», «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбек түбі – зейнет», «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті», «Жастың шаршадым дегеніне сенбе, кәрінің қарным ашты дегеніне сенбе», «Жас келсе – іске, кәрі келсе – асқа» деген секілді мақал-мәтелдер еңбек пен еңбек адамын қадірлеуге арналған. Еңбекте озат адам табысты да, абыройлы да, көпке де сыйлы. Біздің бала күнімізде, жас күнімізде естігеніміз де, көрген-білгеніміз де еңбекке қатысты осындай үлгі-өнеге. Ұядай ғана Үшаралдан шыққан 12 Социалистік Еңбек Ері, Талас ауданынан шыққан 56 бірдей Социалистік Еңбек Ері – сол қажырлы еңбектің Батырлары. Міне, біз еңбектің қадірін осылай түсініп, таныдық. Ал ендігі заманның беталысы сол еңбекке жеткізетін алтын баспалдақ – ғылым, білімде екенін көріп отырмыз. Бүгінгі заманда ғылым да, білім де шырқау биікке көтерілді. Ғылым мен білімнің арқасында әлем алақаныңда, жаһан дүние жаныңда. Бұрын дыбыстан жылдам ұшатын реактивті самолетке таңғалушы едік, ал бүгінде жер шарының оңтүстігінде отырып «әу» деген сөзің солтүстіктегі таудың қуысына сол заматта жетеді. Ана заманның реактивті самолетінің жылдамдығы жолда қалды. Ұл-қыздарының білімі озық елдің дамуы да ілгері. Осы күні біздің өз балаларымыздың алды ата-аналарымыз түгілі өзіміз көріп, ойлап үлгермеген жетістіктерге, білімге ие бола бастады. Оның тарихи себебі бар. Ата-анамыз бен өзіміз өмір сүрген қоғам да, мемлекет те басқа еді. Біз сол заманға лайық тәрбиелендік. Ұл-қыздарымыз өмірге енді апыл-тапыл басқан шақта дәуір де түбегейлі өзгеріп, қоғам түгілі мемлекеттік құрылыстың сипаты да құбылды. Олар егемен елмен бірге өріліп, бірге өсіп келеді. Демек, танымы да, талғамы да жаңа қоғамға лайық. Есі кірген шақтан егемен елдің ұландары болып өсіп келе жатқан олар таным-сенімі түбегейлі өзгеріп, кешегі социалистік заманғы құндылықтарды мойындап-мойындамауы екіталай. Соған орай, сіз бен біздің жасымыздағы орта буынның ел алдындағы жауапкершілігі үлкен. Біздің ата-анамыз алдымызда салмағы да, маңызы да ерекше жаңа заман, жаңа қоғам туып келе жатқанын бағамдапты. Оның бағыты қандай болатынын анық түйсінбесе де, ғылым мен білімнің аса қажет екеніне көздері жетіпті. Кішкентай күнімізде «80 жылдары коммунизм болады» деген сөз ел аузында жүретін. Біздің ата-анамыз өмір сүрген уақыт химия ғасыры болды. Одан кейін атом, кибернетика ғасыры туды. Ал бүгін – информатика, информация ғасыры, яғни ақпараттық технология мен ақпараттар ағымы заманы. Біздің халық – ілім-білім іздеген халық. Үлкендер өздері жете алмаған биікке балаларының білім мен ғылым арқылы жететінін анық білді. Сөйтіп, біз мектеп бітірген тұста бәріміздің де ата-анамыз жоғары білім алғанымызды қалап, сол кездегі іргелі институттар мен университеттерге оқуға түсуімізді көкседі. Аттестат алған соң лек-лек болып, алдымыз Алматыға, басқаларымыз жан-жақтағы қалаларға оқуға аттандық. Қайсыбіріміз тұрмыста, жұмыста озат, табысты болсақ, ол – ата-анамыздың бізді заманға сай ілім-білімді болуға тәрбиелегенінің арқасы. Оқушы кезімізде үйде – ата-анамыз, мектепте – мұғалім туған елге, туған жерге қызмет етіп, перзенттік парызыңды орындауың керек деген өнегені құлағымызға құйып өсірді. Ұстаздарымыз өз алдына, әрқайсымыздың ата-анамыз осы өнегені өздерінің еңбегімен де, үлгісімен де көрсете білді. Мен ес білгелі папам ел қызметінде еді. Жиырма сегіз жасында Социалистік Еңбек Ері атанған әкем Әбдір Сағынтаев бар білігін де, қажыр-қайратын да, күш-жігерін де Талас асыл тұқымды мал зауытын өркендетуге жұмсап өтті. Сол еңбегінің арқасында республикада аса сирек кездесетін ерекше қаракөл қой тұқымын өсіріп, оның ішінде «Таластық» деп аталатын түрін өндіруге бас болды. Кішкентай күнімнен есімде қалғаны – үйімізде Таластың шаруашылығын өркендету жайы ылғи сөз болатын. Біздің үйге совхоздың қызметкерлерінен бастап алыс отардағы малшы, қойшыларға дейін жұмыс бабымен келіп-кетіп жатады. Солардың әңгімесі негізінен жұмыс жайлы болатын. Тіпті, папам мен мамамның, үй ішіндегілердің дастархан басындағы күнделікті сөздері де сол төңіректе. Оқушы кезімнен бастап мектеп бітіргенге дейін үйімізде елге қызмет ету, шаруашылық жүргізудің реті, басшының қарапайым адамдармен қарым-қатынасы туралы өнегені санама сіңіріп өстім. Еңбекте табысты болу үшін мектепте, оқуда озат болу керек деп ойлайтынмын. Папамнан, мамамнан көргенім бойынша адамдарға, достарыма адал болып, әрқашан тәртіпті жүру керек деген ой орнықты. Жоғары кластарға келіп, оң-солымды тани бастағанда істеген ісімді саралап, қайсысы пайдалы, қайсысы дұрыс емес екенін бағамдауға қалыптаса бастадым. Бұл бір жағынан әдейі осылай істейінші дегеннен емес, көз алдымдағы үлгі мен өнегеден түйгендерім. Совхозға жұмыс бабымен жиі келетін партия – совет қызметкерлері үйімізге соқпай кеткен емес. Солардың әдебі мен дағдысы, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі біртіндеп маған сіңе беріпті. Оқушы күнімде ер-азаматтың, басшылардың елге қызмет етіп, адамдарға шапағат тигізуі керек деген ой санамда әбден жатталып қалды. Менің өмір мектебім де, өмір университетім де, қызмет академиямның іргетасы өзім өскен, әкем еңбек еткен туған жерім – Талас ауданы, Үшарал ауылында қалыптасты. Қызметке де, үйге де өнегелі, үлгілі, шарапатты болуды өз ата-анам – Әбдір мен Құндыздан үйрендім. Сол заманда фермалардағы сегіз жылдық мектептерді былай қойғанда, Үшаралдың бір өзінде бірі – орысша, бірі – қазақша екі орта мектеп, екі негізгі, бір бастауыш мектебіміз, екі клуб, бірі – тұрақты, бірі – жылжымалы екі монша бар-тын. Үлкен балабақшамыз болды. Үлкен интернат бар еді. Пионерлер бөлмесінің есігі ешқашан жабылмайтын. Аумағы атшаптырым үлкен кітапхана шағын қаланың орталық кітапханасына пара-пар. Шаштараз, фотосуретке түсіру орны, тігін цехы мен тоқыма цехы жұмыс істеп тұрды. Лимонад цехы, қонақ үй, тұрмыстық қызмет көрсету үйі, наубайхана, гараж бен бірнеше бригадасы бар құрылыс ұйымы бар-тын. 1 май, 7 ноябрьде мектептен басталған салтанатты шеру орталық алаңдағы трибунаның алдына келіп тоқтайтын. Трибунада ауыл басшылары, еңбек ардагерлері сол шеруді қарсы алады. Біздің «В» класы оң қанатты отряд ретінде 9 майда Мәңгілік алауда құрметті қарауылда тұратынбыз. Не керек, Үшаралда өмірі тарқамайтын базар, қайтпайтын бақ, ортаймайтын ырыс толып, тұнып тұратын... Сол бақ пен ырыстың бастауы – ынтымақта, имандылықта. Біз бала күнімізде үлкендерден «иманды», «иманжүзді», «имантаразы» деген сөздерді жиі еститінбіз. Ол кезде оның мағынасын терең білмесек те, кісіліктің, жоғары адамгершіліктің бір нышаны екенін түйсінетінбіз. Заман өзгеріп, кеңес тұсындағы атеистік пиғылдан имандыққа бет бұрған кезде мәніне жете бастадық. Ауылымызда ХІХ ғасырдың орта тұсында тұрғызылған мешіт бар. Ондай мешіт біздің өлкеде Үшаралдан басқа жерде кездеспейді. Үлкендер айтып отырса, сол мешіттің қабырғасы, күмбездері ешкінің қылын қосып, түйе сүтіне иленген, саз балшықтан күйдірілген кірпішпен өрілген екен. ХХ ғасырда мешіттің төбесіне киелі құстардың бірі – дегелек ұя салған. Дегелекті кейбір жерде «Ләйлек» дейді. Орысша «Аист» деп жүргеніміз – сол құс. Кең таралмаған бұл сирек құс негізінен Молдавияны мекендейді. Орталық Азия аймағында өте санаулы жерлерде, оның ішінде Үшаралға ұя салыпты. Бұл туралы 1970 жылдардың аяғында сол кездегі «Лениншіл жас» жазған. Бүгінде біздің ауылдың мешіті еліміздің республикалық тарихи-мәдени ескерткіші ретінде арнайы тізімге алынған. Астана қаласындағы «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде біздің мешіттің шағын макеті орналастырылған. Ана жылдары ауылдағы мешіттің жанында Қабанбай, Бөгенбайлармен қанаттас батырлардың бірі Саңырық батырға ас беріліп, кесене ашылды. Сол кесененің маңайы, мешіттің айналасында киелі шөптердің бірі адыраспан көп өседі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды», өткенді айтып қойған – ол да сауап. 1932 жылғы ашаршылықтың құрбандары жерленген үлкен қара қорым да сол мешіт жақта. Ауылымыздың төр жағында Қарлығаш, Лақ, Кемпір деп аталатын қырлар бар. Қырдың басы, бауыры жусан аңқиды. Қала жақтан келе жатқанда автокөлік Лақтың басына шыға келгенде алдымыздан ауыл жарқ ете қалады. Ауқымдылығы соншалықты – о шеті мен бұ шеті көздің ұшына әзер ілігеді. Үйлердің барлығы еңселі, биік, негізінен ақ шатырлы. Тура бір мың сан ақ көгершін жапырлап бір жерге қонған сияқты. Үйлердің айналасында биік-биік талдар, жаз болса жеміс-жидегі жайқалған бау-бақша, төлін өргізген төрт түлік. Жазғытұрым жеткенде әрбір үй ауласына дөңгелентіп киіз үй тігетін. Қыр басынан қарағандағы ауылымыздың келбетін сырттан келген қонақтар да аңдапты. Сексенінші жылдары басталған жаңа типті үш қабатты мектеп құрылысына көмекке Жамбыл қаласында жасақталған студенттік құрылыс отрядының мүшелері де таңғалған көрінеді. Олар Үшаралдың өзіне ғана емес, үшаралдықтардың үлкен-кішісінің ізеттілігі мен ілтипатына да риза болып қайтыпты. Ауылымыз газ-кен орнын зерттеушілердің ГРП (Геологиялық-барлау партиясы) қалашығы, Орталық, Аэропорт, Пошта, Шығыс, Амантоғай, Сараншы, Мешіт, Бозарық, Байсары деген бейресми «шағын аудандарға» бөлінетін. Қалаға, Ақкөлге, Қаратау, Жаңатас, Байқадам, «Кеңеске», «Түгіскенге» үлкен автобус жүреді. Одан басқа күніне бірнеше рейс самолет қатынайтын. Өзімізге лайық кәдімгідей аэропортымыз бар-тын. АН-2 самолетімен Жамбыл қаласына 45 минутта, ал айнала төңіректегі ауылдарға одан да аз мерзімде ұшып, қонатынбыз. Күн сайын бір самолет пошта келетін. Пошташылар үйді-үйге құшақ-құшақ газет-журнал таратады. Жастардың би кеші өтеді. Күн сайын екі клубта да кино жүреді. Орталық клубта күндіз балаларға арналған сеанс болады. Сол киноға бару үшін талай балалар сабақтан да қашып кететін. Алматыдан, Жамбылдан, Қаратаудан, Ақкөлден келген концерт пен спектакльдер жиі болатын. Өз ауылымыздың өнерпаздары, мектеп оқушылары да әрбір мейрам сайын мерекелік кештер өткізетін. Май мерекесінен бастап ауылда көкпар тарту басталады. Жас жігіттер, арасында жасы үлкендері де бар, жасанып, жарау аттармен қырдың беткейіне шыға келген кезде қарап отырып делебең қозады. Айналада төңіректегі ауылдардан көкпаршылар, көкпарды тамашалауға ақсақал, қарасақалдар жиналады. Сондай салтанатты көріп өскен біз – ол кезде мешіті жоқ ауыл, көкпар тартып, бәйгеге шаппайтын ауыл болады деп ойламаппыз. Осы күні біле бастадық қой. Қазақстанның көп жерінде, тіпті небір жылқылы ауылдарда көкпар, бәйге өткен ғасырдың ортасына жете бере ұмыт қалған екен. Ал біздің ауылда көкпар тарту салты әлі күнге дейін үзілген жоқ. Мектеп бітіргеніміздің отыз жылдығы құрметіне ауылға көкпар бердік. Біздің ауылдың балалары кішкентайынан көкпарға қанығып өседі. Ұлдар жағы асық атып, ләңгі теуіп, жасөспірім шағында бәйге атында шабады. Бозбалалықтан өте бере көкпар тартуға ұмтылады. Осы күнгінің балалары оны онша біле білмейді. Асауды бас білдіру, үлкен ас-тойларда бәйге беру, бәйгеге шабу – ауылымыздың жазылмаған заңы. Жігіттер ғана емес, қыздарға дейін шабандоз еді ғой. 1970 жылдардың басында Қордайда өткен Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық республикалық тойында Талас ауданының атынан «Қыз қууға» біздің ауылдан 16-17 жасар Қызайым Бүрлібаева қатысқан. Ондай шабандоз қыздар Үшаралда мұндаға дейін бар деп естимін. 80 жылдары ауылымызда қой басы 80000-ға тақапты. Сөйтіп, қанша қарбалас жүрсе де көрші, қоңсылас отырған отарлардың шопандары жайлауға шыға малды сенімді біреуге тапсырып, ашығын айтқанда, үйіндегі жеңгелерімізге, бала-шағасына тастап, көкпар тартып, бәйгеге шабуға кететін. Өзіміз де шыбықты ат қылып, Үшаралдың шаңында талай аунап ойнап өстік. Мамам папамның ыңғайына, ол кісінің тоқтаусыз тірлігіне әбден төселіп алған. Біз де сол тәртіпке бағынып та қанығып өстік. Папамның қызмет бабында дамыл таппайтындығына, ол кісіні іс үстінде алаңдатуға болмайтынына үйдің іші ғана емес, біздің үйде тұрып, оқып жатқан бөлелеріміз де, фермалардан келіп оқитын, жұмыс істейтін жиен әпкелерім де үйренісіп алды. Ғалымжан інім, Сара әпкемнің қызы Әлия да солай. Үйге кісі келсе, қыздар мамаммен бірге құрақ ұшып қызмет қылуға дайын. Ондайда әрине, мамам да, жеңгелерім де, тіпті үйдегі көмекші қыздар да үлгермей, айнала-төңіректегі жеңгелер қолғабыс етуге шақырылады. Мамам қонақ күтуге ерекше қарайды. Сондықтан, көмекке шақырған көрші келіндерінің ішінде еттің нанын жақсы жаятыны, етті бабымен қайнатып, шайды дәмді құя білетіндері бар. Қанша жерден көмекші дегенмен, олардың да өз отбасы, ошағы, тірлігі, бала-шағасы бар. «Айналайындар, жақсылап қызмет жасаңдар. Осылардың бәрін келген адам табағымен көтеріп кетпейді. Олар өздеріне лайықты сыбағасы алдына келгеніне риза. Дәм ауыз тиеді, опырып, ойып жеп кетпейді. Қалғаны – сендердің бала-шағаларыңның сыбағасы. Сондықтан, қазаннан түскен ет бөлініп-жарылмай, мүше-мүшесі бұзылмаған күйі табаққа түгел түссін» деп, жұқалап ескерте жүретіні есімде. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді, обалы не керек, сол ауылдас жеңгелеріміз мамамның айтқан сөзін жерге тастамайды. Шақырған сәтте қанат байлағандай болып «ұшып» жететін. 1998 жылы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Жұмысқа кірісіп кеттім. Бір күні қабылдауыма папамның көзін көрген, мамамды жақсы құрметтейтін бір үлкен кісі келді. Өзі бізге ағайындығы бар. Тараздың төңірегінде тұрады екен. Тіршілік қой, лауазымды адам, қолымды қайтармайды деді ме, маған сеніп келген екен. Біз енді, мектеп бітірген соң ауылдан, ағайыннан біраз сырттап қалдық. Кеңселік жұмыс та адамды аздап қатайта ма, кім біледі... Амандық-саулық сұрасқан соң әлгі кісі: «Баламды үйлендірейін деп жатыр едім, қаржы жағынан қысылып тұрмын», – деп, бұйымтайын айтты. Өзім жұмысқа енді кірісіп жатқан бетім, қапелімде ондай қаржы таба алмайтынымды, әлі бұл кісіні жыға танымайтынымды ойладым да: «Ой, аға, ондай ақшаны кімнен сұрап беремін?» – дей салдым. Ол кісі де көп қинаған жоқ: «Жарайды, болса дегенім ғой, болмаса, мақұл», – деп қоя салды. Содан кетерінде: «Онда, мәшинеңді бер, шопырың мені ауылға жеткізіп салсын», – деді. Ол сөзі маған орынсыздау болып көрінді. «Ой, ол – қызмет көлігі ғой, сізді апарып тастауға қалай беремін? – дедім. «Ой, мәшинеңді де бермедің ғой», – деді де шығып кетті. Мен «мына кісі біртүрлі екен» деп аңтарылып қала бердім. Кешке үйге келіп, мән-жайды айтып отырсам, мамам: «Әй, балам, қателік жіберген екенсің. Мәшине деген не тәйірі? Ол – ағайын, саған келіп тұрған. Шындығында, сенің мәшинеңді керек етіп тұрғаны шамалы. Сенің мәшинеңсіз-ақ үйіне жетіп алар еді. Ал мәшинеңді берсең: «Бақытжанға барып едім, мәшинесін мінгізіп жіберді», – дейді. Сұрадым деп айтпайды, сенің бағаңды асырып жеткізеді. «Айналайын, алдына барып едім, жаны қалмай, жағдайымды сұрап, кетерімде қолымды қысып, есікке дейін өзі шығарып салды, шоферіне «жәкемді үйіне дейін апарып сал» деп айтты. Маған сөйтіп құрмет көрсетті» деп марқайып қалатын еді. Үйге таксимен келе салатын едің ғой, неге бермедің мәшинеңді? Түк шешпесең де, сондай-сондай нәрсені ескере жүр. Өйткені сен, балам, елге қызмет ететін үлкен лауазымға келдің. Адамдардың барлығына бірдей сұрағанын тауып беру мүмкін емес. Атыңа, атағыңа лайық адамшылықпен алдыңа келген жанды күліп қарсы алып, күліп шығарып сал. Ештеңе бермесең де, риза болып кетеді», – деді. Сол сөз мені қатты ойландырды. Отыз жыл совхоз директоры болып, ел басқарған адамның жанында жүріп, талайды көрген адам біледі. Мамам: «Алдыңа келген адам – шешілмейтін дүниенің шешілмейтініне көзі жетіп кетуі керек. Сонда оның көңілінде күдік, сенің көңіліңде өкініш қалмайды. Ал егер өзіңді бір арқасүйер азамат деп келгенде қолыңды қусырсаң, тауы шағылып, жасып қайтпағаны жөн», – дейтін. Бірде тағы да бір ағайын келіп өтініш айтты. Әрине, қолдан келгенше, сәті түссе, көңіліндегісін орындағанға не жетсін! Бірақ кейде, ашығын айту керек, буынсыз жерге пышақ ұратындар табылады. Сондай бір жолы мамама: «Өзі, ағайын көбейіп кетті ғой, тегі», – деп едім, мені қолдаудың орнына: – Ағайынның көп болғаны жақсы. Одан сен кем болмайсың. Сен білесің бе ағайын дегеннің кім екенін? – деді. Мен: – Ағайын деген – өзіңмен, ата-анаңмен бірге туған жақын туған-туыстар, – дедім. – Жоқ, балам, ағайын – әулет. Егер сен өзіңнің туғандарыңды ғана ағайын деп санасаң, шектеліп қаласың. Қол ұшын бермесең, сен бір сыртта жүрген көп баланың бірісің. Ең алдымен, елдегі ағайынның қажетіне жарай білуің керек. Бір әулеттің адамдарын бөле-жарып, мынау ағайын, анау алыс бір жамағайын деп алаласаң, жақсылыққа апармайды. Бір ата-анадан туған ағайыныңды олар онсыз да біледі. Ағайынның жанында бірге туғаның бауырың болып есептеледі. Ол – бөлек әңгіме. Алдыңа келген адам қызметі үшін емес, сол қызметтегі ағайыным деп келеді, – деп еді. Қызметте жүргенде көзім жеткен бір нәрсе – ата-анаңмен пікірлесіп, ой бөлісіп отырған дұрыс екен. Біз мамам екеуміз бір-бірімізге жақын болдық. Білмеймін, кенже бала болған соң ба, маған мейірімі өзгеше болды. Анам ауылдан Алматыға келгенде, қызметтен келген соң екеуміз шешіліп бір әңгімелесеміз. Сонда мамамның қызмет адамының жай-күйін, оның жұмысқа деген құлшынысын – бәрін алақандағыдай көріп отыратынына таңғаламын. Ол кісі бірден саған ақыл айта жөнелмейді. Кешкі шай үстінде жұмыс туралы да сөйлесіп қаламыз. Былай қарасаң, сенің жұмысыңа үйде отырған анаңның қатысы жоқ деп ойлайсың ғой. Бірақ сонда да кей сәттерде жұмыс бабында анаңның ақылы іске асып жатады. Оның үстіне бір мезгіл сырласып, ішіндегіні айтып, өткен-кеткенді еске алып отырғанды жақсы көреді. «Ағаларың үйге атүсті келіп кетеді. Бір кең отырып әңгімелесу деген жоқ» деп, ренжіп те қояды. Сол кезде «Е-е-е, сәби күніңде аялап өсірген анаң сен өскенде ес көріп, жанында бола тұрғанын қалап, жаутаңдап отырады екен ғой» деп ойлайсың. Соны кейде біліп, кейде білмейміз. Білген күннің өзінде, жанымызда мәңгілік болатындай бейқам жүреміз. Ата-анамызға айтқан аз-кем әңгімеден ол кісілер сенің күнделікті ісіңнің қалай жүріп жатқанын біліп, көңілі тоқ отырады екен ғой. Құдайға шүкір, анамыз 84 жыл жасады. Папаммен екеуі бауырынан өрген балаларының қызығын көріп кетті. Елді құрметтеді, елдің де құрметіне бөленді. Бейнет те көрді, бейнетінің зейнетін көрді. Алыс-жақынды аралап, жақсы мен жаманды тани білді. Немере сүйді, шөберенің алақанынан су ішіп, май жалады. Папамның артында қалғаннан кейін ақылын айтып, ұйымдастырып, ағайын-туғанның бірлігін сақтап, жиырма жыл ғұмыр кешті. Былай қарасаң, арманы жоқ сияқты. Ал бірақ менің жүрегімдегі сартап сағыныш арылатын емес. Өз-өзімді тәубеге шақырып, бәріне шүкір дейтін жасқа жеттім. Алды-артым аман, төрт құбылам түгел дерлік. Сонда менің жанымнан туған Таласымның, ұшқан ұям – Үшаралымның есіліп жатқан шексіз құмындай таусылмайтын сағыныш неге кетпейді?! Осы күні ойлай-ойлай келе, түйінін тапқандай боламын. Сөйтсем, өмір бойы халыққа қызмет етіп, елге, мемлекетіне үлес қосуды ғана көксеп, сол жолда жанын аямаған, үйдегі жүргеннен түзде түнегені көп, ауылдың берекесі мен ырысын ортайтпау үшін жайлы төсектен гөрі күндізін де, түнін де төрт дөңгелектің үстінде өткізген әкемнің дидарын апталап, айлап көрмей, жаулығы желбіреп, баланың да, басқаның да бабын жасаумен өмірін өткізген қайран анашым папамнан бастап бәріміздің арқасүйер Алатауымыз да, Қаратауымыз да болған екен-ау.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді