Өзгенің тойына бармайын десеңіз, сіздің тойыңызға келіп кетті. Енді алғаныңызды қайтару керек. Барыс-келістің шарты – алыс-беріс. Ал сіз той жасамасаңыз, көпшілік «ақшасын аяпты» деп бетін шымшиды. Ұятқа қаласыз! Осы «ұят боладымен» күнтізбеңіздегі той-тізімді бір қарап шығыңызшы, ойда жоқта бір танысыңыздың үйінде дастархандас болған, ағайын-туыс жағынан үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар да жүреді. Бірақ, қалтамыздың жұқалығына қарамастан, «ұят болады» деп, қарыздана түсеміз. Бәрінен осы сөз биік. Иә, дәулеті асқан бай болсын, тақыр кедей болсын – қарызданып-қауғаланып болса да той жасауға бейім. Той – сән-салтанатымыздың айнасы десек, бүгінгі қазақ тойының кейпі қандай?
дарақылық…
Той халықтың салтын сақтап, дәстүрін дәріптеуі тиіс. Бірақ, бүгінгінің тойынан ата-баба дәстүрінің жоғалып бара жатқаны қынжылтады. Қазіргі той – бәсекенің тойы. Тойды абыройлы өткізу үшін қарызға белшесінен батып, мүйізі қарағайдай қалталыларды қонаққа шақыру, аты әйгілі әншілерді алыстан алдыру керек. Әйтпесе, тойыңызға келген жұрт не дерін кім білсін?! Осылайша, тойды өз қуанышымызға арнап емес, елдің көңілін табу мақсатында һәм барымызды көрсетіп, мақтану үшін жасаймыз. Сондықтан болар, қазақтың тойы – қалтаның соры. Оның үстіне, дәстүрлі қалыптан айнымаған той болса бір сәрі... Торт кесу, гүл лақтыру, әкесі қызын күйеу баласына өз қолымен тапсыру сынды батыстан «жер ауған» кірме дәстүрмен жасамасаңыз – заман көшіне ілеспегеніңіз. Осы торт кесу туралы жазушы Зейнеп Ахметова: «Торт – жеті атамыздан қалған ас емес. Торт кесу жоралғысы басталар алдында, тойдың үстінде жарықты сөндіреді. Бұл – нағыз қазақ ұғымына қайшы дүние. Әдетте «Шырағың сөнбесін» дейді қазақ. Шынын айтқанда, отау көтеріп, азамат болып, бір шаңыраққа ие болып жатқан жігітке қолына пышақ беріп, әйелдер секілді торт кестіру – қазаққа жат қылық», – дейді. Иә, той туралы дуалы ауыздардан уәлі сөздерді тілге тиек етсек, құлақ аса қояр ма екенсіз?! Әй, қайдам…«Тойбастарды» лимузинмен таратқан...
Бүгінде, той «индустриясы» дамып келе жатқанын байқау қиын емес. Бір тойға бір емес, бірнеше асаба жалдау, екі-үш оператор шақыру да сәнге айналғалы қашан. Той жасап жарысқан халық бірінен-бірі асып түссем деген сандаған ойдың жетегінде неше түрлі «кереметтерді» ойлап табуда. Мәселен, өзіміздің шаһарымыздағы тойханаларда тойбастарды лимузинмен жеткізу сәнге айналған көрінеді. Мұны әлеуметтік желіде жарияланған бейнероликтен тамашаладық. Екі минутқа жетпейтін видеоны сол тойға қатысқандардың бірі ұялы телефонына түсіріп алған. Материалды жариялар кезде таңғалғанын «Жас жұбайлар тойхана ортасына дейін машинамен кіріпті дегенді естігенмін. Енді тойбастарды мейрамхана ортасына лимузинмен жеткізгенді де көрдік. Тараздықтар да қалыспайды екен» деген пікірін қосуды да ұмытпапты.
Той төріндегі «СТРИПТИЗ»
Қазақстандағы той-трендтеріндегі жаңалықтар жағаңызды ұстатып, таңдайыңызды қақтырады. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптының» керін тойшыл қауым көрсетуде. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, жақында әлеуметтік желіде бір бейнекөрініс пайда болды. Теледидардағы жаңалықтар да жар салып, көрсетіп жатты. «Жерден жеті қоян тапқандай» болған әлгі жаңалық – қазақ қызының той үстінде тырдай шешініп билегені. Батыстың тілімен айтқанда, стриптиз. Орындықта отырған қазақ жігітіне шешініп, бар «өнерін» көрсетеді. Ал өзін стриптиз-клубта билеп жүргендей сезінетін әлгі бойжеткеннің «қылығына» қабақ шытып, ақыл айтар ешкім жоқ. Құдды күнделікті көріп жүрген көрініс секілді. «Бұл еліміздің шығыс өңірінде немесе орыстанған қалалардың бірінде болған шығар» десеңіз қателесесіз. Қаймағы бұзылмаған қазақы аймақ – оңтүстік өңірде орын алған. Әдетте, қазақтың ортаңқол тойының өзіне 100-150 адамның жиналатынын ескерсек, жалаңаш қыздың биіне тапсырыс берген той иесі жерге қарап отырған азамат емес секілді. Бұл тойға кемінде 300 адам жиналғаны анық. Сонда тойға барып, осындай азғындықты көрген, ақылы бір ру елді асырауға жететін ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымыз, аналарымыз бұл масқараға қалай шыдап, қарап отырды?! Жас бүлдіршіндердің сол көріністі саналарына сыйдыра алмай, аңтарыла қарап тұрғаны ешкімнің санасын селт еткізбегені ме, қалай?! «Ертең өскенде мен де осындай той жасаймын» деген шығар олар да. Бабаларымыз елдің көркіне балаған қыздарымыздың қылығы мынадай. Ертеңіміз қалай болар екен? «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» дейтін қаракөздеріміздің бүгінгі кейпі осындай болғаны ма?! Биязылығын – бұзақылыққа, ұяңдығын ұятсыздыққа алмастырған қыздарымызды кім тыяды?! Жан ауыртар жайттар тек бұл емес. Осыдан біраз бұрын сол ғаламторда, тағы бір қазақ тойында шалбарын шешіп, дамбалмен билеп жүрген азаматтың бейнежазбасы жарияланған еді. Рухани жұтаңдықтың, азғындықтың шыңырау шегі осы шығар. Ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-ана бұған бей-жай қарамаса керек.
Артық қылам деп, тыртық қылған
Жұрттың назарын өзіне аударту үшін той үстінде оқ атты дегенді естіп пе едіңіз? Есту былай тұрсын, көргендер де бар. Бұл оқиға Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Манкент ауылында болды. Әдеттегідей, жастар отырған кортеж келінді күйеу жігіттің үйіне әкеле жатады. Дәл үйдің алдына келіп тоқтаған сәтте күйеу жігіттің 19 жастағы досы көлігінен мылтық алып жатқанда шүріппесі кездейсоқ басылып кетеді. Қаңғыған оқ қонақтарға тиген. Анығын айтсақ, оқ көлік жүргізушісі мен оларды күтіп алушы 23 және 26 жастағы әйел мен екі бүлдіршінге тиген. Салдарынан ауыр жарақат алған келіншектің бірі сол жерде жантәсілім еткен. Көп қан жоғалтқан екінші келіншек операция үстінде қайтыс болған. Қаза тапқандар – бір үйдің қос келіні екен. Жас келінді көру үшін көшеге балаларымен шыққан бір үйдің екі келіні Дильфуза мен Ділраба желігі басылмаған жастардың қолында суық қару бар екенін қайдан білсін?! Иә, бейбіт күнде бүтіндей бір әулеттің шаңырағына қара жамылдырған жағдайдан жастар үлкен сабақ алса жарар еді.
Жәния Байсейітова, «Айкөркем» шығармашылық орталығының жетекшісі: – Бүгінгі таңда қазақ тойларына батыстың дәстүрлері дендеп енді деп жатады. Әйткенмен, қазақи салтымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптеп жүрген той иелері жоқ емес. Мәселен біздің «Айкөркем» шығармашылық орталығы тойлардағы шараларды тек қазақи менталитетке сай ұйымдастырады. Қыз ұзату, тұсаукесер, сүндет тойларда қазақи мақал-мәтелдер мен өсиет сөздерді қолданып, мағыналы әуен, мәнді ойларды айту арқылы тойдың сәнін келтіреміз.
Дүйсебай Еркебаев, асаба: – Әдетте, тойдың жақсы я жаман өткізілуін тек қана асабадан көретіндер бар. Мұнда, той иесі мен мейрамхана иесінің рөлі де айрықша орын алады. Той иесі өзінің қуанышы абыройлы өткізілуін жіті қадағалауы тиіс. Мейрамхана иесі де, асаба да барлығы той иесінің талабын орындайды. Егер де салтымызға жат, таным-тәрбиеге қайшы дүниелерге той иесі үзілді-кесілді қарсы болса, оған ешкім кесе-көлденең тұра алмайды. Жалаңаш қыздарды былай қойғанда, жыртылай жалаңаш билейтін бишілердің де тойында өнер көрсетпеуін өтінетін той иелері бар. Қалай десек те, әдеп дұрыс.
Мақтаншақтық, бекер мал шашпақтық
Қазақтың тойы әзірге сән-салтанаты жағынан ешкімге дес бермей тұр. Арғы жылы Mojazarplata.kz сайты Қазақстанның шағын қаласында 100-120 кісілік шағын той жасау үшін (той малын есепке алмағанда) 1 миллион теңге жұмсалатындығын есептеп шығарды. Әрине, тіркеуге тұру, шақыру билеттерін әзірлеу, залды безендіру, той дастарханы, асаба мен әншілерді, фотограф пен операторды, той көлігін жалдау – әрқайсысы аз шығын емес. Дастархан мен осы «майда-шүйделерді» қосқанда, Алматыдағы «орташа» той 15 мың долларға шығады деген «статистикалық» мәлімет бар. Оған қалыңдық пен күйеудің киім-кешегі мен анау-мынауын қосасыз. Құда-құдағиларға тарататын киіттің жайын тағы пысықтайсыз. Айналып келгенде, 15 мың доллар деген де «бер жағы» болып қалады...
Түйін
«Тойдың басы гу-гу, ортасы ду-ду, аяғы у-шу» деп Қадыр Мырза Әлі ақын айтқандай, думандатқан тойыңыз біткен соң оны жасау үшін алған несиеңізді төлеу үшін бас қатырасыз. «Ду-дудың» арты «у-шуға» ұласқаны осы болса керек. «Той десе қу бас домалайды» дейді. Сол домалаған бастар қайда барып тоқтар екен?! Әлде, «Атың шықпаса – жер өртенің» керімен қыздарымызды жалаңаш билетіп, «тойбастарды» лимузинмен тасып, өзіміздің асып-тасқанымызды көрсету үшін жанталаса береміз бе?! Иә, біз – жиған-тергенімізді тойға шашатын халықпыз. Бірақ той деп, қыздарымыздың, ұлтымыздың абыройын шашуға жол бермеген ел едік. Той – қазақ мәдениетінің көрінісі екенін естен шығармасақ жөн болар еді...Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді