«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаратаудың қадірлі қарты

Қаратаудың  қадірлі  қарты
ашық дереккөз
Қаратаудың қадірлі қарты

Кен – қазаққа жаратқан иемнің берген байлығы. Осы жерді аттың жалына жабысып, түйенің қомында жүріп қорғаған ата-баба аруағына алғысымыз шексіз. Жамбыл облысының оңтүстігінен солтүстік-батысына қарай ұзыннан-ұзақ созылып жатқан қазыналы қарт Қаратаудың қойнауы – кенге бай берекелі өлке. Қаратаудағы фосфор кені, оны өндіру саласы еліміз бойынша алдыңғы қатарлы өндіріс орны. Кеңестік заманда бүкілодақтық мәртебеге ие болған «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені негізінен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізумен, фосфорит кенін шығару және өңдеу жұмыстарымен айналысады. Фосфор өнімдері Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытайға өткеріледі және ішкі тұтынушыларға шығарылады. Еліміз тәуелсіздігін алған соң, жоспарлы экономика кезіндегі байланыстардың үзілуінен пайда болған қиыншылықтарды еңсерген кешен бұл күнде өзінің қайта өркендеу жолына түскен. Тәуелсіз ел әлемдік аренаға еркін шығуға, өндіріске үздік технологияларды тартуға кең мүмкіндік берді. «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу өндірісі – тек елдің байлығы ғана емес, адамдар ғұмыры. Мұнда мыңдаған кеншілер еңбек етті және еңбек етіп келеді. Олар өздерінің ерік-жігерін, дарынын ел игілігіне жаратты. 70 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан кешенде талай өз ісінің майталмандары маңдай терлерін төге жүріп еңбек етті. Солардың бірі, бірі емес-ау, бірегейі, тау-кен өңдеу саласына өзінің бүкіл саналы ғұмырын арнаған, еңбек ете жүріп талай шәкірттер тәрбиелеген білікті маман, «Казфосфат» ЖШС-ның филиалы «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің еңбек ардагері, зейнеткер, осы жылдың 29 қазанында 80 жасқа толғалы отырған Сүйінбек Түйтебаев ағамыз екені даусыз. Сүйінбек Түйтебаев 1935 жылдың 29 қазанында Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң алдына мақсат қойып, арман жетелеген қарапайым ауыл баласы, 1954-1958 жылдары Алматы қаласындағы Тау-кен металлургия институтының «Пайдалы қазбаларды қазу» факультеті бойынша оқып, тау-кен инженері біліктілігін алып шықты. Таңдаған мамандығын алған жас маман өзінің еңбек жолын фосфор өндірісімен айналысатын «Қаратау» химия комбинатының «Шолақтау» кенішінде ауысым бастығы ретінде бастады. Жұмысқа кіріскен күннен бастап өзіне тапсырылған міндеттерді орындауға деген асқан жауапкершілігімен көзге түскен жас маман Сүйінбекті 1959 жылы «Шолақтау», «Ақсай» кеніштерінің бастығы етіп тағайындайды. Басшылық міндеттерді де мінсіз атқарған С. Түйтебаев 1961-1976 жылдар аралығында «Ақсай» кенішінің техникалық басшысы, «Ачполиметалл» комбинатында жобалау-инженері, осы комбинаттың кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары, «Жаңатас» кеніші бастығының орынбасары, бас инженері, «Жаңатас» кенішінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарады. Сүйінбек аға кен өндірісінде үлкен жігерлілікпен еңбек етті. 1976-1996 жылдар аралығында «Қаратау» өндірістік бірлестігі бас инженерінің орынбасары, техникалық бөлімінің бастығы, «Жаңатас» кенішінің директоры, «Қаратау» өндірістік бірлестігінің бас инженері, одан соң бас директоры, «Қаратау» акционерлік қоғамының алғашқы президенті болды. Қай қызметте жүрмесін ол өзін тек қана жақсы қырынан көрсете білді. Өткен ғасырдың 1992-1994 жылдардағы экономикалық дағдарыс кезіндегі ауыр қиыншылықтарға мойымай, өнеркәсібімізді тоқтатпай жұмыс істетіп, өндіріс өнімдерінің ел игілігіне қызмет етуі, өндірістің негізгі құрылымдарының мейлінше сақталуы, мамандарды тұрақтандыру жолындағы еңбектері Сүйінбек Түйтебаевтың нағыз азаматтық бейнесін танытты. Ол кісі саналы ғұмырын тек химия саласына арнаған санаулылардың қатарынан ойып тұрып орын алды. Осы саладағы бесаспап маманға айналды. Фосфор өндірісі саласының қазанында қайнап, ыстығына күйіп, суығына тоңып, құрыштай шынықты. Өзінен кейінгілерге айтар сөзі мен қалдырар үлгі-өнегесі қалыптасты. Еңбек еткен жылдары Сүйінбек Түйтебаев өзінің тың және негізді ойлары арқылы Қаратау фосфор бассейнінің дамуына, өндіріс технологиясының жетілуіне үлкен үлесін қосты. Кен өндіру және өңдеу жұмыстарының технологиясын жетілдіруде көп еңбек сіңірді. Қаратау, Жаңатас қалаларының және Сарысу, Талас аудандарының өркендеп өсуіне өлшеусіз көмек көрсетті. Қос қалада мыңдаған шаршы метр тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне атсалысты. Еткен еңбектері еленбей қалмады. Көп жылдық адал қызметінің арқасында «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 1971 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1984 жылы «Еңбек ардагері» медаліне ие болып, келесі жылы Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасын алды. Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың тарапынан алған мақтау, марапаттары өз алдына бір төбе. Сүйінбек ағамыз – бақытты отбасының отағасы. Қарапайым өмірде де көпшілікке үлгі боларлықтай ғұмыр кешуде. Жеңгеміз Раиса Төкенқызы екеуі 4 бала тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы жоғары білім алып, әрқайсысы өз қалаған мамандықтары бойынша қызмет атқаруда. Бірнеше немере-шөберелерінің сүйікті атасы. Шахмат спортынан қазақ елін әлемге танытып жүрген еліміздің мақтанышы Динара Түйтебаева да осы әулеттің тумасы. Сексенге келген қария әлі шаршаған жоқ. Балаларына, немере-шөберелеріне ақыл-кеңес айтып, әрдайым көңіл бөліп отырады. Өндірісі қайнап жүріп, екі мыңға тарта адам еңбек етіп жатқан «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешеніндегі қызметтес әріптестері және шәкірттері Сүйінбек ағамыздың еткен еңбектерін өздеріне үлгі қып, қазіргі жастарға аңыз ғып айтып жүргенінің талай куәсі болдық. «Ауылыңның жанында төбе болса, ерттеулі тұрған атың, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатың» демекші, қарттарын сыйлап, құрметтеген қоғам еш уақытта азбайды. Сондықтан сексеннің сеңгіріне шыққан Сүйінбек ағаға дүниедегі бар жақсылықты тілейміз!

«Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені ұжымы.

Ұқсас жаңалықтар