«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылына қарап, азаматын таны

Ауылына қарап, азаматын таны
ашық дереккөз
Ауылына қарап, азаматын таны

Мұхтар ШАЙДАЕВ, Көлқайнар ауылдық округінің әкімі.

Бүгінде мемлекетіміз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне көшіп, аталмыш жүйе өз нәтижесін бере бастады. Ауыл бюджетінің жергілікті әкімдердің басқаруына берілуі – халықтың билікпен тығыз қарым-қатынас жасауына үлкен жол ашумен қатар, әкімдердің атқарар міндетіне айтарлықтай оңды ықпалын тигізуде. Сонымен қатар, әрбір әкім үшін бұл жүйе үлкен сын іспетті. Себебі, әрбір ауыл әкімі лауазымындағы азаматтар мемлекеттік қызмет жүргізу ісі бойынша білімді де білікті болуы қажет. Сол үшін де бұл күнде ауыл әкімі қызметін атқарып отырғандарға мониторинг жүргізіліп, алды мемлекеттік қызметке қатысты біліктілігі жөнінен сынақтан өтуде. Негізі ауыл әкімдерінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін көтеру бойынша арнайы курстардан өтіп, семинарларға қатысуы, негізгі заңдарды білуі жөнінде тест тапсыруға міндеттелуі – жергілікті өзін-өзі басқарудың даму бағыттары және құрылу шарттарын қалыптастыруда мемлекеттік басқарудағы жергілікті органдар өкілеттілігін іске асыру тәртібі мен ауылдық округ әкімдерінің қызметіндегі бюджеттік қаржылар мен кіріс көздерін тиімді пайдаланудың қыр-сырын жете меңгеруге септігін тигізбек. Жамбыл ауданындағы Көлқайнар ауылдық округіне қарасты алты елді мекен бар. Сол ауылдардың бүгінгі әлеуетіне қысқаша сипаттама берсек, ауыл халқының жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Әсіресе, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне көшкелі бірқатар мәселелер оң шешімін табуда. Мәселен, ауылдық округ орталығы саналатын Тастөбе ауылының жай-күйін тілге тиек етсек, бұл ауылға өткен жылы ғана «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза ауызсу кіргізілді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша да біраз істер тындырылғанымен, Ә.Тарази атындағы орта мектептің жылу қазандығы ғимаратының тозығы жеткендігі ауыл тұрғындарының жанына бататын. Биыл жергілікті өзін-өзі басқару үрдісіне орай жеке шотымызға түскен қаржы есебінен аталған жылыту қазандығының төбесіне жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сондай-ақ, әрбір елді мекеннің күзгі санитарлық-тазалық жұмыстарын да осы қаражат арқылы атқарудамыз. Келер жылы аудан бюджеті есебінен ауылдағы екі көшені асфальттап, 2-3 көшеге шағыл төсеу жоспарымызда бар. Сонымен қатар, ауылдық округ қаржысына биыл Қостөбе бастауыш мектебіне ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алты ауылдың екеуі мемлекеттік бағдарлама бойынша газдандырылған. Қалған ауылдар да келешекте табиғи отынмен қамтамасыз етіледі деген үмітіміз бар. Ал өз қаражатымызды жұмсау тұрғысына келсек, бұл жөнінде әр ауылда қауымдастық комиссиясы құрылған. Кез-келген мәселені шешу аталған комиссияның мақұлдауымен жүзеге асырылуда. Ашығын айтқанда, әр ауылдың өзіндік бюджетін қалыптастыру – олардың жоспарлы жұмысының жүйелі түрде жүзеге асуына берілген үлкен мүмкіндік дер едім. Өйткені, бұрын ауылдық жердегі барлық түйткілді мәселелер облыс, аудан орталықтарының құзырымен шешімін тауып, немесе шешімін күтіп, елді күпті күйге душар ететін-ді. Ал өз билігіміз өзімізге тиіп, жергілікті әкімшілік өз ісіне өзі қожа ретінде қарағалы, түрлі жағдайда туындаған мәселелер тез арада шешімін табуда. Сонымен қатар, орталыққа аса тәуелді болмай, өзімізден құралған қаржы мен мемлекеттен бөлінетін қаражатты ауыл тұрғындарымен келісе отырып, белгілі бір мақсатқа жұмсаудың сәтті кезеңі туғанын қуанышпен жеткізгім келеді. Тағы бір айта кетерлігі, ендігі жерде ауыл халқы бюрократиядан толық құтылатынына сенімім мол.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар