Қазақстан-Жапония: ынтымақтастықтың жаңа сапалы деңгейі

Қазақстан-Жапония: ынтымақтастықтың жаңа сапалы деңгейі
ашық дереккөз
Қазақстан-Жапония: ынтымақтастықтың жаңа сапалы деңгейі

6a8e2923c934a79821a658d818f0b9d6Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев С.Абэні Премьер-министр лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, әлемдік экономикадағы күрделі ахуал кезеңінде қызметінің табысты болуына тілектестік білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Жапонияны көп нәрсе байланыстыратынын атап өтті. – Біздің елдеріміз арасында экономикалық тұрғыдан да, саясат саласында да келіспеушілік жоқ. Қазақстан Сіздің елмен барлық бағыт бойынша ынтымақтасуға ниетті. Сіздің Орталық Азия елдеріне сапарыңыз маңызды әрі дер кезінде жасалып отыр. Біз өзара іс-қимылдың «Жапония – Орталық Азия» форматын қолдаймыз және оны қажет деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті. С.Абэ қонақжайлық пен ілтипатты қабылдау үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты. Жапония Премьер-министрі Қазақстанға іскер топтар өкілдерінен тұратын кең ауқымдағы делегациямен бірге келгенін және нақты нәтижелерге үміт артатынын атап өтті. Жапония Премьер-министрі С.Абэнің Қазақстанға ресми сапары аясында кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті. Мемлекет басшысы келіссөздер барысында С.Абэнің Астанаға алғашқы ресми сапары Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасын жаңа сапалы деңгейге шығару үшін қуатты серпін беретініне сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев С.Абэнің Либерал-демократиялық партия төрағасы ретінде өз елін дамытудың өршіл бағдарламасын ұсынғанын да атап өтті. – 2013-2014 жылдарда елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллар болды. Ал 2015 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 600 миллион долларға жетті. 10 жылда Қазақстанға келген жапон инвестициясының көлемі шамамен 5 миллиард доллардай болады. Сонымен қатар, Жапония ресми көмек ретінде Қазақстанға 1,2 миллиард доллар берді. С.Абэ екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың құқықтық базасын нығайту, сондай-ақ Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі ірі инвестициялық бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін, жалпы ынтымақтастық үшін мүмкіндіктер аясын едәуір кеңейтетінін атап өтті. Қазақстан Президенті мен Жапония Премьер-министрі келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізді. Елбасы екі ел делегациялары арасындағы келіссөздер достық пен өзара түсіністік негізінде өткенін айтты. – Елдеріміздің бір-бірін өзара толықтырушы мүмкіндіктері ықпалдастық көкжиегін ұдайы кеңейтуге жол ашады. Бұлар атом энергетикасын, ауыл шаруашылығын, автомобиль құрастыру және жоғары технологиялар саласын қамтиды, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде бірлескен кәсіпорындар құру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларына да назар аударды. Жапония Премьер-министрі өз сөзінде Қазақстанның әлемдік істер саласында, әсіресе, ядролық қару таратпау ісінде маңызды орын алып, өңір экономикасындағы көшбасы болып отырғанын атап өтті. – Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ауқымды ел болып саналады, және халықаралық аренада елеулі рөл атқарады. Қазақстан – Жапония үшін маңызды серіктес, – деді С.Абэ. Жапония Премьер-министрі әсіресе атом өнеркәсібі, жоғары білікті кадрлар даярлау, сондай-ақ медицинаға жапондық диагностика жүйесін енгізу саласында сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейте түсу арқылы Қазақстандағы экономикалық реформаларды өз елінің алдағы уақытта да қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар, С.Абэ Жапония Қазақстанмен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты да ілгерілетуге мүдделі екенін айтты. Елбасы Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен бірге Астананың көрнекті орындарын аралады. Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Синдзо Абэмен бірге «Қазақстан» орталық концерт залына, сондай-ақ «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрына барды. Мемлекет басшысы Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен бірге қазақ-жапон бизнес форумына қатысты. Іс-шараны ашқан Нұрсұлтан Назарбаев жапон тарапымен шағын және кеңейтілген құрамда жүргізілген келіссөздердің жемісті болғанына тоқталды. Екі елдің қарым-қатынасына қатысты барлық мәселелер, өңірлік және халықаралық проблемалар талқыланды. Мемлекет басшысы Жапонияның жоғары технологиялар державасы болып саналатынын да атап өтті. – Жапония әлемде ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен үшінші орын, экспорт жөнінен төртінші және адам капиталын дамыту индексі бойынша оныншы орын алады. Қазақстан мен Жапония – стратегиялық серіктестер, біз өте жоғары деңгейде экономикалық байланыс орнаттық. Елдеріміздің арасындағы тауар айналымы соңғы 7 жылда шамамен 10 миллиард доллар болды. Қазақстанда бүгінде жапон капиталының қатысуымен 50-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олардың қатарында «Toyota», «Marubeni» және басқа компаниялар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы осындай іскерлік кездесулер мен бизнес форумдары екі ел кәсіпорындары арасында жаңа келісімшарттар жасау үшін жақсы мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді. Елбасы Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен бірге Назарбаев Университетіне барды. Қазақстан Президенті мен Жапония Премьер-министрі оқу корпустарын аралап көрді және университетті дамыту перспективаларымен танысты. Дәріс соңында Жапония Премьер-министріне Назарбаев Университетінің құрметті докторы атағы берілді.

Ұқсас жаңалықтар