«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Барлық бағыттарда ілгерілеу бар

Барлық бағыттарда ілгерілеу бар
ашық дереккөз
Барлық бағыттарда ілгерілеу бар

Әкім-Жарылқасын-Айтақов,-сұхбатқаЕлбасымыздың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларынан туындайтын міндеттер мен тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуы елімізді өркендетудің, жерімізді көркейтіп, гүлдендірудің кепілі екені анық. Бұл ретте қатардағы қарапайым еңбеккерден бастап түрлі буындардағы басшы азаматтарға дейін ортақ мүдде-мақсат – ел игілігін үстеу жолында зор жауапкершілікпен, ерекше құлшыныспен жұмыла еңбек етуі талап етіледі. Осымен байланысты қойнауы қазынаға, төскейі төрт түлік малға толы Т.Рысқұлов ауданының әкімі Жарылқасын АЙТАҚОВПЕН өңірдің қазіргі ахуалы, ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар жайында әңгімелескен едік.

– Жарылқасын Әбдіғапарұлы, сіздің ауданды басқару тізгінін қолыңызға алғаныңызға бір жарым жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде не тындырылды? Алға қойған мақсаттарыңыз қандай? – Әрине, жұмысымыздың бағасын бірінші халық береді. Халықтан асқан сыншы жоқ. Жолдарды жөндеу, ауылдарға газ тарту, көріктендіру мен абаттандыру, бизнесті дамыту, ауданға инвестор тарту, су құбырларын жаңалау секілді игілікті істер сол халықтың көз алдында жүзеге асырылуда. Тұрғындар бәрін де көріп, біліп отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кешенді шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ауданның әлеуметтік-мәдени саласы да жылдан-жылға жақсарып келеді. Биылдың өзінде бізде осы заманғы үлгідегі жаңа мектеп, балабақшалар салынды. Кәсіпкерлікті дамытуға, мал шаруашылығын өркендетуге, жалпы, жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндіктер мол. Ойға алған жоспарларымыз рет-ретімен іске асып келеді. Қысқа қайырып айтар болсақ, Құлан жерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар аз емес. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында егіс-дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мал саны бұрнағыдан көбейді, еңбекақылар мен жәрдемақылар мерзімінде төленіп отыр. Жұмыссыздық пен кедейшіліктің деңгейі төмендеді, қызмет көрсету, өнім өндіру көлемдері артты. Әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары жалғасуда, құқық бұзушылық саны азайды. Баршаға мәлім, Елбасы биылғы халыққа Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясын жариялап, нақты тапсырмалар жүктеді. Ең бастысы, құландықтар да осы ортақ мақсат, бір ел, бір болашақ жолында жұмыла еңбек ете беретін болады. – Жалпы, ауданда биылғы жылы қандай жобалар іске қосылды? Негізгілеріне тоқтала кетсеңіз... – Биылғы үздік жобалардың бірі «Луговой жылқы зауытында» жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда бұл кәсіпорында жем шығарыла бастады. Жалпы құны екі миллион АҚШ долларын құрайды. Соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қазан айының соңына таман пайдалануға беру көзделіп отыр. Сол кезде тамшылатып суару әдісі іске қосылмақ. Осы жоба толық қуатында іске асқан жағдайда өңірдің ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беретіні анық. Екіншісі – күні кеше ашылған «Шәушен» шаруа қожалығының қымызбен емдеу шипажайы. Бұл орайда аталған шаруашылық 250 бас бие байлап отыр. Бұйырса, шипажай мен дүкендерімізден халқымыздың ұлттық сусыны қысы-жазы үзілмейтін болады. Бұдан бөлек, елімізде қарқынды іске асырылып жатқан Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында да аудан аумағында қолға алынған жобалар аз емес. Соның бірі – 2015 жылы осы бағдарламаға енген, құны 8 миллиард теңгені құрайтын «GOLDEN COMPASS CAPITAL» АҚ-ның Қорағаты ауылдық округінің «Көкқия» шатқалындағы «Алтын өндіру» жобасы. Аталған жоба толық іске қосылған жағдайда жылына 400 келіге дейін таза алтын өндірілетін болады. Қазіргі уақытта 160 келі алтын өндірілгенін айта кетейін. Кәсіпорында екі ауысымда 75 жұмысшыдан 150 адам еңбек етіп жатыр. – Аудандағы құрылыс жұмыстары туралы айтсаңыз... – Әрине, құрылыс нысандарының сапалы жүргізілуіне баса мән береміз. Ауданымызда жыл басынан бері бірнеше әлеуметтік нысан бой көтеріп, пайдалануға берілді. Айталық, «Аяна» балабақшасы, зейнетақы орталығы аудандық бөлімшесінің ғимараты, Юбилейное ауылындағы 300 орындық мектеп. Бұдан бөлек, Әбжаппар ауылындағы Қызылту орта мектебінің, Қарақыстақ ауылындағы 140 орындық және Қазақ ауылындағы «Ертөстік» балабақшасының құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы орайда Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған аудандағы 12 ескерткішке жүргізілген күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын айтпай кетуге болмас. Жалпы құны 58 миллион 418 мың теңгеге аталған ескерткіштер айналасы қоршалып, абаттанып, әктеліп-сырланды. Әсіресе, аудан орталығы Құлан ауылындағы ескерткіш ерекше шырай беріп тұр. Сондай-ақ, аудандық мұражай да 17 миллион 300 мың теңгеге күрделі жөндеуден өткен ғимаратқа көшті. Жалпы, ауданда бұлардан бөлек те құрылыс жұмыстары қыз-қыз қайнап жатыр. – Сіз ауданға келгелі бері бірқатар жас кадрлар басшылық қызметке жоғарылатылды. Бұл кездейсоқтық па, әлде, жастардың қызметте өсуіне байланысты саналы түрде жасалып жатқан қадамдар ма? – Күнде өзгеріп жатқан заман ғой. Қолынан іс келетін білімді жастарды басшылық қызметке қоюдан қорықпауымыз керек. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын айтқандай, Құланға келгелі аудан әкімдігіне қарасты бірнеше бөлімнің басшылығына жастарды тағайындадым. Айталық, кадр, құқық, ауыл шаруашылығы, қаржы-шаруашылық бөлімдеріне жас жігіттер басшылыққа келді. Ол аз десеңіз, күні кеше аудан әкімінің орынбасары және аудандық құрылыс бөлімінің басшысы қызметтеріне де жастар тағайындалды. «Жастың күші – жанартау» демей ме? Жастық жігерлері, күш-қайраттары бойларында тұрғандарында туған елі мен жеріне қызмет етсін. Жұрт «Жарылқасын жауынгерлерін жастардан жасақтап жатыр» деп жатқан көрінеді. Кадрымыздың білікті, білімді жастармен толығуынан қадіріміз артпаса, кемімейді деп білемін. – Әдетте, көп шаруаның шешілуі қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Бұл ретте аудан бюджетінің биылғы жай-күйі қалай болды? Салық төлемдері жөнінде де айта өтсеңіз. – Биыл ауданымызда салық төлемдерінің болжам сомасы 125,7 пайызды құрады. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, бюджетке 532 миллион теңге артық түсті деген сөз. Оның ішінде республикалық бюджет 99,9 пайызға, облыстық бюджет 85,3 пайызға, аудандық бюджет 138,2 пайызға орындалып отыр. Ал аудандық бюджетке 5 миллиард 429 миллион 700 мың теңге түсіп, жоспар 112,3 пайызға орындалды. Оның ішінде, өзіндік кірістер 596 миллион теңгеге артық түсіп, жоспар 140,1 пайызға орындалды. Бұл өте жоғары көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, жоғарғы бюджеттен трансферттер мен субвенция да толық көлемде түсті. Қазіргі уақытта бюджеттің 4 миллиард 758 миллион теңгесі игерілді. Яғни, бюджеттің игерілуі 98,4 пайызды құрап отыр. Ал игерілмеген қаржы 21 миллион 600 мың теңге көлемінде. Ендігі жерде осы бюджет қаржысын жыл аяғына дейін тиімді пайдалануға күш салатын боламыз. – Аудан тұрғындарының денсаулық жағдайлары қалай? Науқастар қажетті дәрі-дәрмектермен жеткілікті қамтылған ба? – Әрине, «Бірінші байлық – денсаулық» екенін бабаларымыз баяғыда-ақ айтып кеткен ғой. Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша аудандағы ауруханаларда 3035 адам емделген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 327 науқасқа кемігенін айта кетейін. Ал дәрігерлердің қабылдауында ұзын саны 153 956 науқас болған. Емделушілер тарапынан дәрі-дәрмекке байланысты ешқандай да шағым түскен жоқ. Жыл басынан бері ауданымызда 1006 сәби өмірге келсе, оның 484-і аудандық ауруханада дүние есігін ашқанын атап өткеніміз абзал. – Қасиетті Құлан жері таланттардан да кенде емес. Әсіресе, аудан атын алысқа танытқандардың дені спорт саңлақтары десек, ешкім дауласа қоймас. Азия мен әлем чемпионаттарын айтпағанда, Олимпиада ойындарының өзінен үш бірдей азамат жүлделі оралған. Ермахан Ыбырайымов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаровтардың ізін басқан інілері бар ма? – Құландық жас қырандар ағалары салып кеткен жеңіспен өрілген бай дәстүрді үзбек емес. Оның дәлелі, ауылда жаттығып жүріп-ақ жергілікті қыз-жігіттер жыл басынан бері толайым табыстарға қол жеткізіп үлгерді. Мәселен, спортшыларымыздың біреуі халықаралық жарыста үшінші, алтауы республикалық жарыста бірінші, бесеуі екінші, жетеуі үшінші орындардан көрінді. Сондай-ақ, облыстық жарыстардан 47 спортшы 1-орын, 33 спортшы 2-орын және 58 спортшы 3-орын алған. Осының өзі жастардың ағалары салған сара жолды үзбейтінінің айғағы емес пе? Кәсіби спорттан бөлек, бұқаралық спортты дамыту ісі де ұдайы назарымызда. Осы тұрғыда 129 іс-шара өткізіліп, оған ұзын-ырғасы 50100 спортшы қатысты. Ал үйірмелерде спорттың 11 түрімен 1200 жасөспірім мен жастар шеберліктерін шыңдау үстінде. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының он алты мыңнан астамы дене шынықтырумен шұғылданады. Бұл халықтың 24,5 пайызын құрайды. Енді бірер жылда Елбасы Жолдауында айтылған 30 пайыздық межені бағындырамыз деген ойдамыз. – Ұмытпасақ, бұрын қылмыс пен заң бұзушылық деректері көптеп тіркелуімен Құланның жаман аты жиі шығып тұрды. Байқаймыз, бүгінде бұл іс біршама жүйеленген секілді... – Әрине, қоғам болғаннан кейін телі-тентегі болмай тұрмайды. Мәселен, биылғы жыл басынан бері бұзақылар қолымен 412 құқық бұзушылық жасалып, оның 252-сі ашылған. Қылмыстың ашылу көрсеткіші 61,1 пайызды құрап отыр. Бұл ретте көңілге медеу етерлігі, жалпы құқық бұзушылық өткен жылдың cәйкес мерзімімен салыстырғанда 21-ге азайған. Бұл ретте ұрлық, тонау, қарақшылық, нашақорлықтан бастап барлық қылмыс түрлері бойынша кему бар. – Өзге әріптестеріңізге қарағанда журналистермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтыныңыз аңғарылады. Бұл журналист отбасында тәрбиеленгеніңізден болар, бәлкім? – Оның рас, әкем Әбдіғапар ұзақ жылдар бойы Жуалы аудандық газетінде бас редактор болып қызмет атқарды. Талай басшыны сын садағына алған. Сол кісіден алған тәрбиесі ме, екінші қызым Сәния атасының жолын қуып, қолына қалам ұстады. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика мамандығы бойынша бакалавр, магистратурасын аяқтады. Қазіргі таңда халықаралық журналистика саласында жұмыс жасап жүр. Міне, әкем, қызым журналист болғаннан кейін бұл мамандық иелеріне деген құрметім ерекше. Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінен бастап, сіздердің «Ақ жол» және басқа да мерзімді басылымдардың әрбір санын күнбе-күн дерлік жібермей оқуға тырысамын. «24 KZ» телеарнасы жұмыс уақытында ұдайы қосылып тұрады. Орайы келгенде, сіздерге де жақсы­лықтың, жасампаздықтың жар­шысы бола берулеріңізге шынайы тілек­тестігімді жеткізгім келеді. Қалам­дарыңыздың қуаты арта бергей!

Әңгімелескен Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар