Катар елінің астанасы Доха қаласында өткен бокстан әлем чемпионаты қазақ боксшылары үшін сәтсіз болғаны мәлім. Екі күміс жүлдемен оралған ұлттық құраманың өрендері тарапынан тек қана Данияр Елеусінов Олимпиада лицензиясын иеленген. Дүбірлі додаға біздің облыстан арнайы барып, күрзі жұдырықты жігіттердің өнеріне ринг қасынан куә болған облыстық бокс клубының басшысы Марат Мәзімбаевпен тілдескен едік.
– Доха төріндегі рингтен қазақ боксшылары қос жүлдемен оралды. Бұдан да жоғары нәтижеге үміттенген едік. Не жетіспеді? Сіздің ойыңызша кімдер қиянаттың «құрбаны» болды деп ойлайсыз? – Еліміздің намысын сегіз салмақ дәрежесі бойынша жампоздар қорғады. Әлем чемпионатына барлық боксшы Олимпиада жолдамасын иеленуге барғаны анық. Дей тұрғанмен, 75 келідегі өреніміз Жәнібек Әлімханұлы, 91 келі салмақтағы Василий Левит және жерлесіміз, додаға үкілеп қосқан үмітіміз Олжас Сәттібаев өз кездесулерінде жеңілген жоқ. Жекпе-жектерді ринг маңынан тамашалаған азамат ретінде мен мұны нақты айта аламын. Алайда, төрешілер рингте кімнің қолын көтерсе, сол жеңімпаз болады ғой. Олжастың салмағында финалға шыққан Куба, Әзірбайжан елдерінің боксшылары осалдан емес, бірақ, оларды Олжас жеңген кез есімізде. – Олимпиадаға бір жылдан аз уақыт қалды. Ұлттық құраманың боксшылары жолдаманы толық иелене алады ма? Лондон Олимпиадасына жамбылдық боксшылар қатысқан жоқ. Тағы да төртжылдықтың басты бәсекесінен сырт қаламыз деген үрей жоқ па? – Жігіттердің сенімді ақтайтынына сенемін. Алла қаласа, наурыз айында Қытай елінде лицензиялық турнир болады. Ол додада әр салмақта бірнеше жолдамадан қарастырылған. Осы байрақты бәсекеде Олжастың Олимпиада жолдамасын иеленуге мүмкіндігі бар. Жалпы, жігіттер жасымауы керек. Алла қаласа, бәрі дұрыс болады. – Мәке, өзіңіз доданың Қытайда өтетінін айтып қалдыңыз. Қытай боксшысы әлем чемпионатынан жолдама ала алмады. Өз жерінде иеленуге тырысады ғой. Бұл қиындық туындатпайды ма? – Ол жерде боксшылардың рейтингісіне қарайды. Олжас – Азия чемпионы, ал Қытай боксшысы – әлем чемпионатының қола жүлдегері. Бұл дегеніміз қос боксшы екі топқа бөлінетінін білдіреді. Ендеше олар тек финалда жолыға алады. Ал ақтық сынға шыққан жігіттер Олимпиада жолдамасын автоматты түрде иеленеді. Сондықтан Олжас та, басқа жігіттер де тастүйін дайын болулары шарт. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді