Білім – ел қазынасы, халқымыздың білімділігі еліміздің байлығының ең маңызды бөлігі десек, білім-ғылымның бастауы – мектеп, «Елдің келешегі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп Елбасы бізге үлкен міндет артып отыр.
Егемен еліміздің болашақта көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Қазіргі кездегі білім беру ісінің негізгі нысаны – жас ұрпақтың біліктілігін ғана қалыптастырып қоймай, олардың бойында ақпаратты өздері іздеп табатын және талдай алатын, сонымен қатар, оны ұтымды пайдалана білетін, жылдам өзгеріп жатқан бүгінгі күнге лайықты өмір сүріп, қызмет етуге қабілетті тұлғаны қалыптастыру болып отыр. Осы мақсатта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстық филиалының инновациялық дамуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен облыстың жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған «Ғылыми-зерттеушілік жұмыс – инновациялық кеңістіктің негізі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Семинар негізінен мұғалімдерді XXI ғасырдың түйінді біліктіліктерімен таныстыра отырып, педагогтардың негізгі құзыреттіліктерін білім беруші, дамытушы, ғылыми-зерттеушілік ортаны инновациялық кеңістіктің негізі ретінде ұйымдастыруды қалыптастыруды, жалпы білім беру мектеп жағдайында мұғалімдердің ғылыми-зерттеушілік жұмысты ұйымдастыруға қажеттіліктерін арттыруды, семинарға қатысушыларды оқу-әдістемелік құжаттарды рәсімдеу және жасау туралы нұсқаулықпен таныстыруды мақсат етті. Шараға облыс аудандарының мектеп мұғалімдері, Тұрар Рысқұлов ауданы, Тараз қаласындағы № 40 гимназия оқушылары мен ғылыми-зерттеу жұмыстардың жетекші-мұғалімдері және Жамбыл облысы біліктілікті арттыру институтының профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Ғылыми-тәжірибелік семинарды институттың директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастық профессоры Ғалия Сыздықбаева құттықтау сөзімен ашты. Өз сөзінде ғылыми-зерттеушілік жұмыстың қазіргі білім берудіге маңызын айтып өтті. Ғылымның жедел түрде қарқынды дамуы, қазіргі заман талабы негізгі буын ғана емес, бастауыш сынып оқушыларын да бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу қажеттілігін айтты. Семинар барысында қатысушылар мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеушілік жұмысын ұйымдастырудың әдістемесі туралы негізгі теориялық білімдерін жаңғыртып, институттың профессор-оқытушылар құрамының жарыққа шыққан оқу-әдістемелік әдебиеттерімен танысты және оқу-әдістемелік өнімдерді рәсімдеу және жасау туралы тәжірибе алмасты. Мұғалімдер мектепте ғылыми-зерттеушілік жұмысқа байланысты өздерінің тәжірибесінде кездесетін қиындықтар туралы ой бөлісті және оларды шешудің жолдарын қарастырды. Семинардың тәжірибелік бағыты мұғалімдердің мектептегі ғылыми-зерттеушілік жұмысты ұйымдастыру бойынша қажеттіліктерін арттыруға септігін тигізді. Бұған дәлел оқушылардың ғылыми-зерттеушілік жұмыстарының таныстырылымдары болды. Т.Рысқұлов ауданынан келген бастауыш сынып оқушысы Жамалбаева Ақеркенің «Жұмыртқаның пайдасы мен зияны», Тараз қаласы №40 гимназияның оқушылары Алексеева Жаннаның – «Оценка состояния древесных растений, произрастающих на территории гимназии №40» және Фальман Артемның – «Каменные изваяния древнетюркского периода на территории Жамбылской области» ғылыми-зерттеу жұмыстары қатысушылардың қызығушылықтарын тудырды. Ғылыми-зерттеу жұмыстары қызықты, әрі оқушылардың білім деңгейлеріне, жас ерекшеліктеріне байланысты таңдалып алынған. Ғылыми-тәжірибелік семинардың өңделген нұсқаулықтары білім беру ұйымдарында XXI ғасырдың білім қоғамындағы зерттеушілік кеңістікті құруға септігін тигізетін «бағыттаушысы» болады. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Гүлнұр ИманӘлиева, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының бас маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді