Интернеттің келуімен көптеген жаңа кәсіп, жаңа хобби пайда болды. Солардың бірі – блог жазу. Бүгінде елімізде блогер атанып жүрген жігіттер мен қыздар аз емес. Олардың бәрі белгілі бір тақырып бойынша ой толғап, қоғамдық мәселе туындай қалғанда жұмыла әрекет етіп, түрлі блог-турларға қатысып, ел өмірінде белсенді рөл ойнауға тырысуда. «Хабар» Агенттігі Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі Өркен Кенжебек сол белсенді блогерлердің жарқын үлгісі.
– Өзіңізді қысқаша таныстырсаңыз... – Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келгенмін. Бір айдан соң, бұйырса ресми түрде «Жастар туралы» Заңның шеңберінен шығып, отыз деген белеске ойысамын. Әкем математик болған соң, мені «бағдарламалаушы» мамандығына оқуға түсірген еді. 8 жыл компьютердің оқуын оқығанмен, кейінгі 8 жылымды журналистикаға арнап келемін. Себебі, менде математиктің «гені» болмай шықты. Содан нағашыларымның гуманитарий «қаны» өзіне тартып кетті. 2007 жылдан бері сол журналистикадамын: 5 газет, 2 телеарна, 2-3 сайтта қызмет жасап үлгердім. Радиодан басқаның бәрін көріппін. – Не себепті блогерлік жолды таңдадыңыз? – Ең алғашқы блогымды 2008 жылы қазір «Болашақ» бағдарламасымен Англияда оқып жүрген Әділбек Жапақ ашып берді. Аша салысымен, ұмыттым. Өйткені, бастапқыда блог туралы түсінігім «біртүрлі» еді. Оны бір Батыстағы бала-шағасы жоқ не тастап кеткен, үйінде мысығы мен иті ғана бар кемпір-шалдың ермегі деп қабылдайтынмын. Кейіннен, 2010 жылы Алматыда өткен тренингтердің бірінде танымал блогер досым Асхат Еркімбай көзқарасымды өзгертті. Блог жазу пайдалы, тіпті қажеттілік, ары кетсе міндетті екенімізді жеткізді. Содан «Өркеннің өрнегі» деген атаумен жаңа блог ашып, оны 3 күн ұйықтамай шұқылап, қызығына түсіп кеттім. Қызыққаным соншалық, бір күнде 4-5 жазба жариялайтын уағым да болды. Осылайша бір жыл тынбай жұмыс істедім. Бірақ Асхат (Еркімбай – редакция) «Сен бұлай көп жазба, күніне 3-4 жазба өте көп, оқырмандарың сол режимге үйреніп қалады, кейін блог жазудан бетің қайтқанда олар түсінбей қалады» – деп ескерткені бар еді. Ол солай болды да. Бір жылдан кейін блогты доғардым. Шыны керек, шаршадым. – Қазіргі аудиторияңыз осы тұрақты жұмыстың нәтижесінде пайда болды ғой? – Тұрақтылық және тақырыптардың әралуан болуы. Ол кезде мен Болливудтан бастап саясатқа дейін, бір сөзбен айтқанда Шымкенттегі саржағал басылымдар жазатын тақырыптардан бастап үлкен саясаттағы әңгімелерге дейін қамтуға тырысатынмын. – Блогерлікті алып жүрудегі негізгі қозғаушы күш не? – Басында эйфория мотивация болды. Не жазамын, мені кім оқиды деп қорыққанмын, кейін дәмін көргеннен кейін ұнай бастады. Былайша айтқанда, «бұл менің қолымнан келеді» деген сенім орнады. Жай ғана жазғаныңды жұрт жапырылып оқи жөнеледі. Содан соң қолыңда бір билік бардай пенделік әлсіздік қосылды. 2011 жылы алғашқы Блогқұрылтайда «Ең жиі жаңаланатын блог» аталымында жеңдім. Содан кейін 2012 жылы «Жақсы» деген сайт ашып, біраз жігіттерді сол жерге жинадық. Блогты доғарып, салмақты дүниелер жазамыз деп шештік. Солай блогпен қош айтыстым. – Қазір блогер емессіз бе сонда? – Асхат Еркімбай, Бақытжан Бұқарбай деген азаматтардың пікірінше, блогер – міндетті түрде блогы бар адам. Жиі жаңаланбаса да. Ал менің пікірімше, қазір мұны қатты критерийге салудың қажеті жоқ. Нақты бір ой-пікірі, артынан ерген оқырманы бар, белгілі бір тақырыптар бойынша тұрақты жазатын әлеуметтік желі қолданушысын мен блогер санаймын. Блогтұғырнама ма, әлде әлеуметтік желі ме, айырмашылық жоқ секілді. Сайттың атауы – жай ғана формалдылық. Осыған дейін әлеуметтік желі мен блогосфераны ажырататын негізгі белгі индексация мен жазбалардың хронологиялық тұрғыда орналасуы болатын. Әлеуметтік желідегі жазбаны таппай қалатынбыз. Жақында Фэйсбук болсын, басқа әлеуметтік желі болсын индексацияны енгізіп жатыр. Демек, жақын аралықта техникалық жағынан да айырмашылық қалмайтын секілді. – Блогерлікті әлі қоймадыңыз ғой ендеше, солай ма? – Демек, қойған жоқпын. Мен қойдым деп ойлағам. Блогтұғырнамадан соң сайтпен айналыстым дедім ғой, сайттан да бір мезгіл келгенде сәл суыдым. Кейіннен Твиттерге әуес бола бастадым. Микроблоггинг дейді мұны. Біраз жыл Твиттер мен үшін ең сүйікті әлеуметтік желі болды. Өйткені, ол жерде 140 символ ғана тере аласыз. Ойды мұншалықты аз таңбамен жеткізу оңай емес. Кішкене ойлану керек. Осылайша, мен өзіме жаңа мотивация тауып алдым. Мен үшін сахна да, мінбер де осы әлеуметтік желі. – Өзіңізді журналист санайсыз ба? – Иә, санаймын. – Сіз ресми түрде «Хабар» агенттігінің қызметкерісіз, сөйте тұра ылғи блогтурларда, әртүрлі өңірлерде жүргеніңізді көреміз, осы сіздің өміріңізде «Хабардың» рөлі қандай? – Әлеуметтік желілердің жақсы да жаман да жері сол, сен өзіңе бір образ жасап аласың. Мысалы, мен әлеуметтік желілерде әуесқой фотографпын, трэвэл блогермін, еліміз бен шетелдің қызықты жерлерін аралап, көрген дүниелеріммен бөлісіп тұрамын. Сондықтан, өзім таңдап алған образға барынша сай болуға тырысамын. «Хабар» арнасында менен де көп жерлерді аралайтындар бар, олар мен тілдесетін адамдардан әлдеқайда қызықты тұлғалармен сөйлесуі мүмкін. Бірақ, олар оны жария етпейді. Ондай образ қалыптастырмаған. Сондықтан, мәселе – образда. Яков досымыз екеуміз (Яков Федоров, блогер – редакция) өзімізді «қаңғыбас блоггер» деп атаймыз. Әр сенбі-жексенбі сайын жаңа аймақтарға шығып тұруға тырысамыз. Ал «Хабарға» келсек, бұл арна менің өмірімде үлкен рөл атқарады. Осыдан 4-5 жыл бұрын, Алматыда жүрген кезімде сыншыл жастардың бірі болғаным рас. Бірақ, уақыт өте келе осыған дейінгінің бәрі балалық екенін түсіндім. Елбасыны итке талатып қою оңай, ал қорғау қиын. Сондықтан, «Хабарға» мен мемлекетшілдік ұстаныммен дайын болып келдім. «Хабардағы» менің миссиям – сол ұстанымдарды басқаға жеткізу. Өйткені, бізде шыны керек, біраз адам «мемлекетке жұмыс істеймін» деп айтуға ұялады. Бірден күлкіге, сынға қалатын сияқты. Әбден қорқып қалған... Мен үшін мемлекеттің мүддесін қорғаудан артық мақтан жоқ. – «Хабарда» жұмыс істегенге ұялатынды бірінші рет естіп тұрмын, керісінше көбі мақтан тұтады емес пе? – Ол енді ауыл-аймақтағы ортада ғой, аудан әкімі алдында деген сияқты. Ал енді әлеуметтік желіде «мен мемлекеттік арнада жұмыс істеймін» деп айтуға кез-келген журналистің жүрегі дауалай бермейді. Менің ойымша, бұл ұялатын нәрсе емес. Егер ұялса, демек ол журналистің жүрегінде бір кінәрат бар. Демек, ұстанымдары қалыптаспаған. Ондай ұстанымдар қалыптаспаған жерде, екіжүзділік пайда болады. Яғни эфирде басқа, әлеуметтік желіде басқа, публикаға жағынуға тырысады. – Сіз қозғайтын тақырыптар: дін, қоғам, қаржы-экономика, халықаралық қатынас, саясат, гео-саясат, мемлекетті басқару, мәдениет, білім, ақпараттық саясат, тарих, масс-медиа, сайт жасау, дәстүр, өнер, ұлт. Осы тақырыптардың барлығында сіз эксперттік пікір білдіресіз. Аталған тақырыптарды барлығы бойынша маман болу мүмкін бе? – Жоқ, маман болу мүмкін емес. Мен өз пікірлерімді әлеуметтік желілерде білдіремін, күнделікті жағдайларға байланысты ойымды жазамын. Оны эксперттік пікір деп айтуға қарсымын. – Мысалы, сіздің пікірлеріңіз YouTube бейнехостингіндегі сұхбаттарда, ақпараттық порталдардағы мақалаларда беріліп жатады. Ол пікірлер әлеуметтік желілердің сыртына шығып жатыр емес пе? – Енді мен өзімнің қателігімді айтайын. Басында әртүрлі тақырыпта пікір білдіргендіктен, көптеген жерлерге шақыра берді. Сол жерлердегі сөздерім газет-журналдардан, телебағдарламалардан шығып жатты. Тағы бір жайт, телевизияда шақырылған қонақтың түсірілімге аз уақыт қалғанда келмейтіні белгілі болғанда шұғыл түрде орнына адам іздейді. 15 минутта жаңа қонақты қайдан табады? Біз секілділерге жүгініп, бір атаның орнына сөйлеп беріңізші дейді. Осындай да рөлді ойнап көрдік. Әлі де жастық болды, әлі де сахнаны бағындырсақ, ел мені таныса деген мотивация бар еді. Ал қазір шыны керек, шектелдім. Шақырған жердің бәріне бара бермеймін. Тек интернет-технологиялар, әлеуметтік-рухани мәселелер бойынша ой білдіремін. – Насихатқа қалай қарайсыз? Оның қоғамда болуы орынды ма? – Насихат әр кезде болды. Ол болуы тиіс. Бір өкініштісі, біздің журналистика баяғыда-ақ насихат құралына айналып кетті. Мемлекеттік медиа тек мемлекеттік көзқарасты насихаттайды, оппозициялық басылым тек сол сыңар көзқарасты насихаттайды. Екеуінде де насихат тым көп. Бірақ бұл уақытша деп ойлаймын. Журналистиканың дамитын кезеңі келеді. Танымдық, ағартушылық және саяси-интеллектуалды бағдарламаларға қайтадан оралатын кезең болады. – Мұндай өзгерістердің алғышарты не? – Мемлекеттік ақпараттық саясатқа жауапты тараптың парадигмаларының өзгеруі шығар, әйтпесе журналистер, арналар бұған дайын деп ойлаймын. – Әлеуметтік желілердегі жазбаларыңызға қарасақ, сізден де үгіттеу мен насихаттау байқалатын сияқты... – Иә, байқалады. Онда тұрған не бар? – Дамыған елдерде насихат жабық қоғамның элементі саналады, фашизмге, диктатураға тән деп қарайды. Журналистикада насихаттаумен айналысу тіпті кешірілмес қылмыс іспеттес. – Теориясына келсек, иә, келісемін. Ол дұрыс емес, ол шынымен-ақ жабық қоғамның сарқыншағы шығар. Бірақ әлі де болса, біз Кеңестік қоғамның стереотиптерінен, сол кездегі ойлау жүйесінен алыс кеткен жоқпыз. Осы себепті сол әдісті қолдану қажет болып тұр. Батыстағы түсінікке келу үшін буын ауысу керек сияқты. Егерде үгіттеу мен насихаттау деп мемлекеттің іргесін бекіту, сыңаржақтарға тойтарыс беру дегенді айтып отырсаңыз, онда мен оны айып деп таныр едім... – Өмірлік миссияңыз бар ма? Болса қандай? – Жеңгелерім әлі күнге дейін әкімбала деп атайды. Бірақ, мен мемлекеттік қызметке барғым келмейді. Жас кезімде істеп көрдім, қағазбастылық ұнамады. Қолымнан кәсіпкерлік те келмейді. Пысық емеспін. Қолымнан екі-ақ нәрсе келеді: сөйлеу және жазу. Өле-өлгенше осы екі қасиетпен ақша табамын, отбасымды асыраймын, халыққа пайдамды келтіремін деп ойлаймын. Дұрыс нәрсе айтамын, дұрыс нәрсе жазамын деген сияқты... – Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Әңгімелескен Дархан ӨМІРБЕК.
El.kz.
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді