«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үлкен рахметке лайық ұл!

Үлкен  рахметке лайық ұл!
ашық дереккөз
Үлкен рахметке лайық ұл!

Канадалық боксшы Давид Лемьені техникалық нокаутпен жеңген Геннадий Головкин «Мэдисон сквер гарден» кешенінде тұрып қазақ тілінде «сіздерге үлкен рахмет!» деді

WXhcLy8Ld_k photo_62467Кәсіпқой бокс рингінде қазақ боксының туы көкте желбіреді. Мұхиттың арғы бетінде еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген қазақ боксшысы Геннадий Головкин тағы да жасындай жарқылдады. Былайғы жанкүйердің көңілінде GGG атымен танымал Геннадий Головкин IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы, канадалық Давид Лемьемен бірлескен тұжырымдар бәсекесін өткізеді дегенде, күдік, күмән, сенім атаулы атой салғаны анық. Лемье – көптің бірі емес. Әрине, Марко Антонио Рубио, Хоакин Альсин секілді ортаңқол боксшыларға жеңілді. Алайда ол одан сабақ алды. 34 мәрте рингте қолы жоғары көтерілген архипелаг елі боксшысының 31 мәрте қарсыласын нокаутқа жібергені, оның 25-ін алғашқы екі раундта сұлатқаны елді терең ойға батырған. Басқаны бұл статистика сескендірсе де, салқынқанды Генаның жүйкесін шымырлата қойған жоқ. Сонымен, осы уйкендтің басты оқиғасына айналған, біріккен тұжырымдар бәсекесінде WBA super, WBC interim, IBO және IBF белдіктері сарапқа салынды. Алдыңғы үшеуі Геннадий Головкинге тиесілі болса, соңғысы, яғни, халықаралық бокс қауымдастығы тұжырымының белдігі Давид Лемьенің еншісінде болатын. Кездесу алдында «Қалайда Головкинді жеңемін» деп өзіне сенімді сөйлеген канадалық боксшының рингте түк бітіре алмағанын көз көрді. Головкин бұл кездесуде байырғы стилін едәуір өзгертті. Қарсыласын үнемі қысымда ұстап, толассыз шабуылдауға машықтанған қазақ боксшысы бұл жолы дұрыс арақашықтық сақтап шайқасты.

Иә, екі мықтының алапат айқасында қорғаныс ұмыт қалмауы керек. Лемьенің техникалық шеберлігі Головкиндікінен төмен болғанымен, жақын қашықтықтан бағыттайтын сол қолының қуаты мығым екені әу бастан белгілі. Қашықтықты жақындатып келіп, оқ жыландай атылатын канадалық былғары қолғап шеберінің жойқын соққысы талайдың кәсіби мансабын талқан еткені есімізде. Головкин осыны қаперде ұстап, алдыңғы қолмен (джеб соққысымен) жұмыс жасады. Генаның джебінің өзі қауқарлы екені осы күні айқын аңғарылды. Жалпы, қазақстандық боксшының қорғанысын сынап-мінейтіндердің бұл күні аузына құм құйылды. Ілгерідегідей сенімді төбелестен көрі бокстасуды мақұл көрген Майқұдықтың марқасқасы алғашқы раундта-ақ қарсыласының жанарындағы жасынды ғайып қылды. Толассыз бағытталған джеб пен бірді-екілі тікелей соққы Лемьенің бетін кері қайтарды. Екі мәрте шабуылдап көріп еді, соққысы ауа қармады. 

Раундаралық үзілісте Геннадий Головкин бапкері Абель Санческе: «Мен жоспарды орындадым, оның шамасын түсіндім», – депті. Бұл да қазақ боксшысының сезімталдығын білдірсе керек. Тұңғыш рет ақылы телеарна (HBO PPV) арқылы көрсетілген кездесуді жанкүйерлер жылдам аяқталмаса деп тілейтін. Солай болды. Әрмен қарай жойқын джебтерін сәтімен пайдаланған Головкинге қарсы Лемье түк тындыра алмады. Әрине, бірнеше соққысы нысанаға дәл тиді. Дегенмен, жақын қашықтықтан бағытталмаған соң қуаты аздау соққылар біздің батырға қандай қиындық туғызсын?! Үшінші раундта қапталдата бірнеше соққы бағыттаған Головкин қарсыласын аздап рингтің бұрышына тықсырып қойды. Төртінші раундтағы сәл қиғаш барып тиген сол қолының соққысынан соң Лемьенің көзінде от жарқ ете қалғаны анық. Оған төменнен жоғарыға қарай асқан жылдамдықпен бағытталған апперкотты қосыңыз. Осы комбинациядан кейін Лемьенің танауынан қан саулап қоя берді. Негізінен ринг ортасында өткен жекпе-жектің бесінші раундында Головкиннің сол қолы Лемьенің бүйір тұсына солқ ете қалды. Сойқан соққы біздей қадалған соң аяғы тәлтіректеп барып, отыра кеткен Лемьенің кейпі аяныш сезімін туындатты. Нокдаун! Давид дес бергісі келмей орнынан атып тұрды. Гена қайта төмпештеуге көшкенде қарсыласты гонг үні құтқарып қалды. Мұнан соң дәрігерлер Лемьенің бетін шайған қанды тоқтатуға кірісті. Алтыншы, жетінші раундтарда да Головкин өз дегенін істеді. Комбинацияларын іске қоса бастады. Жиі-жиі жойқын соққылар жіберген Давидтің соншалықты ұзаққа шабуы қиын екені байқалып тұрды. Сегізінші раундта ұрымтал тұстардың бірінде Генаның сол қолы қарсыластың қақ маңдайына шақ ете қалды. Рингті жағалай шегіншектеген Лемье қазақ боксшысының қапталдай жасаған соққысынан жалтарып кеткенімен, бүйірге бағытталған соққыдан қашып құтыла алмады. Осы соққыны Давидтің ауырсынғаны көзге оттай басылды. Екі қолын түсіріп барып, рингтегі төрешіге қарады да, қос қолымен қайта бетін жапқаны сол екен, төреші Стив Уиллис оны Головкиннің толассыз шабуылынан арашалап, кездесуді тоқтатты. Бетін қан жуған Давид Лемье осылайша техникалық нокаутпен жеңіліске ұшырап, IBF белдігінен айырылды. Головкин бұл күні өзіне тиесілі WBA super белдігін он бесінші мәрте қатарынан қорғады. Онымен қоса, IBO, WBC interim белдіктерін де қорғап қана қоймай, олардың қатарына IBF тұжырымының чемпионы атағын да қосты. Жалпы, бұл кездесуде Геннадий Головкин 549 соққы бағыттап, оның 280-і нысанаға дөп тиген. 51 пайыздық дәлдік әрине керемет дайындықты байқатады. Елбасының алдында: «Әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен қазақпын!» – деген Геннадий Головкин бұл күні жанкүйерлеріне: «Үлкен рахмет сіздерге!» – деп қазақ тілінде үн қатты. Жүрек толқыды, бой шымырлады. Генаның өзі де үлкен рахметке лайық ұл екенін сезіне түстік. Енді Геннадий Головкин келесі кездесуін кіммен өткізуі тиіс деген сауал туындайды. WBC тұжырымы бойынша әлемнің тұрақты чемпионы Мигель Котто мен Cауль Канело Альварес қараша айының соңында қолғап түйістіреді. Жеңгені Геннадий Головкинмен кездесуге он бес күннің ішінде келісім беруі тиіс. Олай болмаған жағдайда жерлесіміз аталған қауымдастықтың белдігін рейтингі жоғары өзге боксшымен сарапқа салады. Бұл жолы WBC өз ережесіне қарсы шығып «тосын сый» ойлап таппайтынына сенеміз! Осы кездесу үшін жерлесіміз 2 миллион доллар табыс тапса, қарсыласы 1,5 миллион доллар еншіледі. Одан бөлек ақылы трансляция аудиториясы жоспарланған 200 мыңнан едәуір асса, боксшыларға қосымша қаламақы төленеді. Қарағандының қайсар ұлын елімен бірге Қазақстан бокс федерациясының президенті, АИБА-ның вице-президенті Тимур Құлыбаев та құттықтады. Алдағы уақытта Геннадий Головкин бүкіләлемдік бокс кеңесінің толыққанды белдігін иеленіп, сосын WBO чемпионы Энди Лиді жеңетін болса, онда өз салмағында абсолютті чемпион атанады! Алға, қазақ оғланы!

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар