“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” жеке қолға өтетіні салымшыларды шошытуда

“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” жеке қолға өтетіні салымшыларды шошытуда
ашық дереккөз
“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” жеке қолға өтетіні салымшыларды шошытуда

98Елімізде үй алғысы келген азаматтар қолындағы бар ақшасын «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жинап жатыр. Алайда,  салымшылар жиналған ақшасына алаңдаулы. Себебі, үкіметтің қарауындағы аталған банк жекеменшікке сатылуы мүмкін.

Жуырда үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жекешелендіру науқанының екінші кезеңін бастағанын мәлімдеді. Министрлер кабинетінің мұндай шешім қабылдауына қаржылық қиыншылықтар себеп болған көрінеді. Өйткені, үкімет жекешелендіруге бекітілген нысандарға қосымша тағы да 60 кәсіпорынды қосып отыр.

Өкінішке қарай, жекеменшік сатылымға Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы да шығарылып отыр екен. Әйтсе де, аталған киностудияны сатып алуға әзірге ешбір кәсіпкер ниет танытып жатқан жоқ. Себебі, үкіметке керек болмаған «Қазақфильм» киностудиясының жеке кәсіпкерлерге де қажеті жоқ.

Күйеуім екеуміз 3 жылдан бері ішпей-жемей  «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» сенім артып ақша жинап жатырмыз. Алайда аталған банкте жинаған ақшамыз үкіметтің бақылауынан жекеменшікке өтсе, ертең күні ақшамызды кімнен сұраймыз?

Шыны керек былайғы жұртты киностудияның тағдырынан гөрі «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жекеменшікке берілетіні алаңдатып отыр. Өйткені,  Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев аталған банктің сатылымға шығатынын мәлімдеді. Оның айтуынша банк сатылғаннан кейін оның бастапқы жарнасының пайызы төмендеуі  мүмкін.

Алайда бұған былайғы жұрт «бәрекелді» деп қуанып отырған жоқ. Себебі, қарапайым халық тапқан-таянған ақшасын аталған банкке салып, «пәтер аламын» деп сенім артып отыр. Ал «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» үкіметтің құзырынан жекеменшікке сатылса, онда салымшылардың қаржысына кім бақылау жасайды? Дәл осы мәселеге астаналық Эльмира Рахымжанова сынды мыңдаған салымшы алаңдап отыр.

“Күйеуім екеуміз 3 жылдан бері ішпей-жемей  «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» сенім артып ақша жинап жатырмыз. Алайда аталған банкте жинаған ақшамыз үкіметтің бақылауынан жекеменшікке өтсе, ертең күні ақшамызды кімнен сұраймыз? Өйткені, жекеменшікке өткеннен кейін банк өзім білемдікке салып, ақшамызды талан-таражға салуы әбден мүмкін. Мәселен, қазір зейнетақы қорындағы ақшамыздың қайда қалғанын білмей де қалдық қой. Сол сияқты «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіде» ақшамызды құрдымға кетіреді. Сондықтан да аталған банктің жекеменшікке сатылуына қарсымын. Егер де жекеменшікке сатылатын болса, ақшамызды банктен қайтарып алып басқа амал жасаймыз. Жалғыз мен ғана емес, көптеген салымшылар банктен ақшасын қайтарып алады. Өйткені жекеменшік банкке сенім жоқ”, – дейді Эльмира Рахымжанова.

Эльмира Рахымжанованың дәл бұлай алаңдауына негіз жоқ емес. Өйткені, бұған дейін құрылыс банкіне қатысты бірнеше рет заңсыздықтар анықталып, әшкереленді. Тіпті, аталған мәселеге анша-мұншаға селт ете қоймайтын депутаттардың өздері мән берген болатын.

Мысалы, мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақовтың айтуынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өзге коммерциялық банктерден еш айырмашылығы жоқ. Өйткені, аталған банк қарапайым халықтан пәтер құнының  50 пайызын талап етеді. Депутаттың ойынша пәтер құнының 50 пайызын жинап біткенше салымшылар қартайып, не болмаса өліп кетуі мүмкін. Сондықтан да ол өркениетті елдердегідей пәтердің 10 пайызын жинап баспанаға ие болу керек деген пікірде.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өзге коммерциялық банктерден еш айырмашылығы жоқ. Өйткені, аталған банк қарапайым халықтан пәтер құнының  50 пайызын талап етеді.

Сондай-ақ, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» қатысты тағы бір былыққа мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі араласқаны белгілі. Нақтырақ айтсақ, бір топ депутаттар премьер-министр мен Бас прокурордың атына сауал жолдап, құзырлы органнан банктің Алматы облыстық филиалының жетекшілігіне қатысты жемқорлықты тексеруді сұраған болатын.

Тексеру барысында банк қызметкерлерінің “Қолжетімді баспана” бағдарламасы бойынша Алматыдағы “Әйгерім” тұрғын үй кешенінен пәтер алғаны анықталды. Міне осыдан кейін президент банк басшыларының “Әйгерім” кешенінен алған пәтерлерін қайтаруды қатаң тапсырған болатын. Алайда аталған банкт басшылары Мәулен Өтеғұлов пен Мамила Мұсабекова президенттің тапсырмасына пысқырып та қарамастан, соттасуға дейін барды.

Нәтижесінде “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ Алматы облыстық филиалының жетекшісі Мамила Мұсабекова сотта жеңіп шықты. Осы ретте Мамила Мұсабекованың күні әлеуметтік пәтерге қарап қалды ма деген орынды сауал туындайды. Себебі, білдей бір басшының осы уақытқа дейін үй-күйсіз жүргеніне ешкім де сенбейді.

Президенттен бастап, депутаттардың назарында болған атышулы мәселе банк қызметкерлерінің пайдасына шешілді. Ал үкіметтің қарауынан жекеменшікке сатылғаннан кейін «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» су жаңа басшылары белден басып, заңсыздықты заңдылыққа айналдырмайды дегенге салымшылар сенер емес.

Ұқсас жаңалықтар