Елдігімізді танытып, мерейіміз тасыған күн

Елдігімізді  танытып,  мерейіміз  тасыған  күн
ашық дереккөз
Елдігімізді танытып, мерейіміз тасыған күн

Таразда өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты

Жаңарған «Әулиеата» әуежайы

Өз тарихында мың өліп, мың тірілген қазақ халқының тамыры тереңде жатыр. Қазақ хандығының мерейтойына байланысты облысымызда жыл бойы көптеген іс-шаралар атқарылды. Ғылыми-конференциялар, акциялар, тарихымызға терең бойлаған 500-ден аса іс-шара өтіп, той қарсаңында 8 автордың кітаптары баспадан жарық көрді. Ел өмірінде маңызға ие Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында еліміздің барлық облысы демеушілік жасап, көне Тараз шаһарының той өтетін жерлерін абаттандыру, көркейту, жаңарту жұмыстарын жүргізді. Елдігімізді танытқан бұл іс-шаралардың арқасында Тараз той күндері гүлге оранып, халықтың көзайымына айналды. Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге сапарын күрделі жөндеуден өткен «Әулиеата» халықаралық әуежайының жолаушыларға арналған жаңа терминалына барудан бастады. Қайта жаңарған «Әулиеата» нысанын аралау барысында Мемлекет басшысына жаңа терминал таныстырылып, әуежайды қайта жөндеу, арнаулы жаңа техникалар алу бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндалды.

«Әулиеата» әуежайы әуежай кешенін, аэровокзалды, аэродромды, авиациялық-техникалық базаны қамтиды. Сондай-ақ онда ұшуды радио құралдары көмегімен және жарықпен қамтамасыз етуге арналған құрылғылар, түрлі техникалар және басқа да жабдықтар бар.

Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз

Тасқа қашалған тарих шежіресі тағы да жаңа парақпен толықты. Елдігімізді танытатын, мерейімізді асыратын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында көне шаһар төрінде ерекше монумент бой көтерді. Бағаналы орда бақ орда саналатын Елордамыз Астана төрінен басталған тарихи тойдың жаңа тарауын өзі бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев монументтің ашылу салтанатына қатысты. – Құрметті отандастар! Қымбатты жамбылдықтар! Баршаңызды Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтаймын! Елордамыз Астанадан басталған ұлы той 2000 жылдық тарихы бар Таразда жалғасып жатқан бұл мереке біздің халқымыз үшін өте керек. Сондықтан көне тарихымызды жер-жерден іздестіруге тиіспіз. Жазып, жинап, насихаттауымыз қажет. Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Керей мен Жәнібек ту көтергенде, тарихта «Қазақ хандығы» құрылды. Өткен тарихымызды зерттеп, мәлімет жинау үшін тәуелсіздік жылдарында әлемнің түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырылды. Біздің тарихымыз бастауын сақ, ғұн, түркілерден алып, Керей мен Жәнібек хандардың Шу алабына көшіп, Қазақ хандығының туын көтеруімен жалғасады. Біз бұл мерекені тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін өткізіп отырмыз. Әсіресе, өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз біздің тарихымыз терең екенін білуі керек. Соңғы кезде экономикалық қиындықтарға қарамастан осындай ескерткіш қойып отырмыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы – бүкіл халықтың мерекесі. Осы мерейтойға байланысты Тараз қаласы абаттандырылды. Бұған барлық қазақстандықтар атсалысты. Оларға алғыс айтуымыз керек. Осының бәрі – ұрпақтың ата-бабалар аманатына адалдығының, Ұлы Дала тарихына тағзымының нышаны. 17 елден келген қонақтарға алғыс айтамын, – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымға ақ тілегін жолдады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, Елбасы өңірдің даму үрдісіне көңілі толатындығын білдіріп, жоғары баға беріп, мақтап жатса, ол жамбылдықтардың мерейін тасытты. Ел мен жердің берекесі артып, бақ-дәулеті тасып жатқаны емес пе? Елбасының «Биыл облыста 170 мың шаршы метр баспана салынды. Жыл басынан бері 7 мектеп, 3 балабақша пайдалануға берілді. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында 33 нысан іске қосылды, екінші бесжылдықта 27 нысанды іске қосып, 6 000 жұмыс орнын ашу қарастырылған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын жүзеге асыру аяқталып келеді. Осы қала арқылы темір жол, газ құбыры өтеді. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалуда. Жамбыл облысы еліміздің басқа да өңірлері сияқты өз дамуы жолында жаңа биіктерге жететініне сенімім мол. Жамбыл облысы – менің ең жақсы көретін өңірім. Тарих туралы сөз бола қалса, көне Таразды айтпай кету мүмкін емес. Өңірде талантты жастар өсіп келеді. Көп шаруалар істелді» деп ағынан жарылуы Жамбыл жұртының төбесін көкке жеткізгендей болды. Біз кез-келген мерекені халыққа көбірек игілік жасау үшін пайдаланамыз. Әлемде тұрақсыздық, қақтығыстар мен соғыстар болып жатыр, ал біздің елде бәрі тату әрі өзара сыйластық негізінде өмір сүруде. Қазақстанды әлемнің өзге елдері біледі, құрметтейді. Еліміз қақтығыстарды шешу ісінде арағайындық жасап, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін өткізіп келеді. Осының бәріне халқымыздың бірлігі арқасында қол жеткіздік. Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойы қазақтың тарих қойнауынан нәр алып келе жатқан ел екенін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы. «Қазақ хандығы» монументінің биіктігі 28 метрді құрайды. Аумағы 3,5 гектарды алып жатқан кешеннің ерекше архитектуралық шешімі, қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың таққа отырған сәтінің бейнеленуі болды. Монументтің ашылу салтанатына 5000-ға жуық адам қатысты. Монумент маңына елуге жуық киіз үй тігіліп, сахна, алтыбақан, спорттық алаңдар, тайқазандар және басқа да нысандар орнатылып, өз алдына көркем этноауыл орын тепті.

«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы – ел тарихын түгендейді

Бұдан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында болып, осындағы археологиялық саябақта атқарылған жұмыстармен танысты. Ондағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының мақсаты «І-ХІХ ғасырлардағы ежелгі Тараз» ескерткішінің аумағын «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық саябағына айналдыру болып саналады. Ежелгі Тараз Жібек жолының бойында орналасқан, дамыған сауда-саттығымен даңқы шыққан. Қазақ жеріндегі ең көне қалалардың бірі болғандықтан мұнда ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан, кейінгі тарихымыздан жеткен 1000-нан асатын тарихи-мәдени мұралар бар. Сәулет өнерінің ортағасырлық ескерткіштері Айша бибі, Қарахан, Дәуітбек кесенелері, киелі Тектұрмас, Ақыртас сарай кешені, Қали Жүністің шығыс моншасы секілді баға жетпес жәдігерлер Тараздың көненің көзі екенін айғақтап тұрғандай. Сараптама нәтижесінің қорытындысы бойынша биыл қалашық аумағындағы нысандар құрылысының аумақтық шекаралары нақтыланып, қазба жұмыстары кезінде табылған тұрғын жайлардың орны анықталды. Табылған экспонаттар мен жәдігерлер қатарында теңгелер, қыш бұйымдар, қыш құбырлар арқылы жүргізілген ежелгі сумен қамтамасыз ету жүйесі және орта ғасырдағы басқа да заттар бар. «Көне Тараз» аспанасты мұражайы орналасқан жер – Цитадель, Шахристан және Рабат деп аталатын үш бөлікті біріктіреді. Цитадель – қалаға билік жүргізген ақсүйектердің ордасы болған жерді білдірсе, Шахристанда орташа дәулетті бай-манаптар шоғырланған. Ал Рабатта қарапайым еңбекшілердің өмір сүргендігі белгілі болып отыр. Көне шаһардың, шежірелі өлкенің тарихынан сыр шертетін бұл саябақтың құрамына ашық аспанасты мұражайы, «Достық үйі», Шолу мұнарасы мен «Мыңбұлақ» сквері кіреді. Нысанның жалпы аумағы 9,4 гектар алқапты құрайды.

Жыл басында Үкімет қорынан 2,9 миллиард теңге бөлініп, бұл қаржылар «Қазақ хандығы» монументі, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы, «Достық үйі» секілді құрылыстарға және облыстық драма театрын күрделі жөндеуге жұмсалды. Көне қала орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар көптеген жәдігерлерді топырақ астынан аршып алды. Жуырда әшекей бұйымдар салынған құмыра мен өзге де көне құнды заттар табылды. «Қазархеология» ғылыми орталығының қызметкерлері орта ғасырдағы қаладан күні бүгінге дейін қолданыста болған ою-өрнектер мен дәйектер табылып жатқанын алға тартты. Көнеден жеткен бұл жәдігерлер шынында ел тарихын түгендеуде, толықтыруда өзіндік септігін тигізбек. Сондықтан аталмыш нысан Тараз туризмінің көші түзелуіне тікелей әсер етпек. Шығыс пен Батысты жалғап, жаңғырудың алдында тұрған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі қала іргесінен өтеді. Бұл туристердің ағылып келуіне қолайлы жағдай туғызады деген сөз.

Ішкі және сыртқы нарыққа шығарылады. Қазіргідей экономикалық бәсекелестік қайнап тұрған уақытта өнімге сұраныс сөз жоқ ілгерілеуге бастар жол. Елбасы бұл күні «Арайстроймаркет-2003» ЖШС-нің алюминий радиатор шығаратын зауытында болды. Онда Президент Н.Назарбаев зауытты аралап көріп, алюминий радиатор шығару жөніндегі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Осы жерде Елбасына облыстың Индустрияландыру картасының іске асырылуы туралы да баяндалды. Президент зауыттың еңбек ұжымымен әңгімелесіп, олар өндіретін өнімге сұраныс бар екенін айтты. Кәсіпорын негізінен алюминийден еуропалық сападағы алюминийлік және биметалдық, өзге де пішіндегі радиаторлар жасаумен айналысады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 250 мың дана өнім шығаруға лайықталған. Елдің ішкі нарығымен қоса, көрші елдер де бұл өнімнің негізгі тұтынушысы болып саналады.

IMG_1257 IMG_1420 IMG_1579 IMG_1651

«Ақ жолдың» тілшілер тобы: Табиғат АБАИЛДАЕВ, Қанат Тілепберген,

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар