Тағылымға толы болды

Тағылымға толы болды
ашық дереккөз
Тағылымға толы болды

Тараз қаласында үш күн бойы тойланған Қазақ хандығының 550 жылдық тойының өткізілу барысына арналған қорытынды баспасөз мәслихаты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында өтті. Шетелден және еліміздің өзге аймақтарынан келген ақпараттық құрал өкілдері қатысқан жиынды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Ақпарат және талдау» орталығының басшысы Айбек Әжібаев ашып, жүргізді. 

Баспасөз мәслихатына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Маржан Қожаева, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбарак Жинақбаева қатысты. Мәслихатты ұйымдастырушыларға журналистер тарапынан қойылған сұрақтар аз болмады. Атап айтқанда, Қытай Халық Республикасының Пекин қаласынан шығатын «Оңтүстік апталығы» газетінің тілшісі Лю Ди бұл тойдың жалпы Жамбыл жерінде өтуінің маңызы, өткізген облысқа әкелетін экономикалық тиімділігі жөнінде сұраса, ресейлік «Парламент» газетінің тілшісі Юрий Субботин тойдан қандай тағылым қалғаны жөнінде сауал қойды. Сондай-ақ, Ресейдегі аймақ мәселелерін зерттеу институтының өкілі Феликс Песков, Ақтау қаласынан шығатын «Не хабар?» республикалық тәуелсіз газетінің шеф-редакторы Сандуғаш Шортанбаева басқа облыстардың Тараз қаласына жасаған тартулары, мерекелік шараға қанша қаржы жұмсалғаны, қанша адам қатысқаны жөнінде сұрады. Баспасөз мәслихатына келген Тараз қаласы әкімінің орынбасары және тиісті басқармалардың өкілдері аталған сауалдарға жан-жақты жауап берді. Тараздағы Қазақ хандығының 550 жылдық тойына әлемнің 8 мемлекетіндегі 50-ге жуық ақпараттық құралдардан 350-ден астам журналистер хабар таратуға келген. Жалпы, той күндері Тараз қаласында 4 мың қонақ жүрді. Орталық алаңда өткен Ж.Ерғалиевтің «Қилы жол» қойылымын 15 мыңдай адам тамашалады. Бұл қойылымға 200 актер, 400 сарбаз қатысты. Сондай-ақ, барлық облыстар өз қаржыларымен құрылыс салып, Таразға тарту жасады. Тойға жалпы 50 киіз үй тігілді, облыс аудандары да ерекше атсалысты. Олар тойға дейін 19 көшені тазалап, ретке келтірді. Облыс әкімдігі басқармаларының да тарихи тойға қосқан үлесі қомақты болды. Бұл тарихи тойға республикалық қазынадан 2,9 миллиард теңге бөлініп, «Мәңгілік ел» монументіне және «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы жұмыстарға және тойдың басты шараларына жұмсалған.Той әсер мен тағылымға толы болып, жоғары деңгейде өтті.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар