- Advertisement -

«Бұл кітаптарды қазақ халқының тарихы емес деп кім айта алғандай?»

140

- Advertisement -

Дінмұхамед Қонаев:

Жанақ ақын айтты дейтін мынадай ғақлия бар:

«Хан – қақпа, халық – қазына, батыр – қорған,
Молда – сүлік әуелден елді сорған.
Шешен – шеңбер болғанда, би – таразы,
Ән – сәнің, күйің – көркің, ақын – жорғаң…».

Қазақ ойшыл, дана халық қой. Бір тұста: «Ханда қырық кісінің ақылы бар» дейді. Расында жақсының аты, ақынның хаты өлмейді. Елдің қамын жеген, жеріне қорған болып, жұртының мұң-зарын тыңдаған, бірлігін сақтап, келешегін ойлаған кемел ойлы хан басын кішірейту үшін емес, қырық ханның ақылы бар от тілді, орақ ауызды шешеннің, ілуде бір туатын бидің, қанатты сөздің, ұтқыр ойдың зергері ақын-жазушылардың қасиетін танытар бір мысал келтірейін деп отырмын.
Ел ішінде Жиренше айтыпты деген әңгіме көп. Соның бірінде дуалы ауызды шешеннің тапқырлығына тәнті болмай отыра алмаймыз.
Қай заман екені бір Аллаға аян, Жиреншенің атына сырттай қанық хан оны бір көрмекке, жүзбе-жүз отырып көшелі сөзін естімекке құмартады. Шақырту алған шешен айтқан уақытында хан сарайына келіп, табалдырықтан аттаған бойда:
– Бір жасыңыз мың болсын! – деген екен.
Хан кісі тыңдап, ой түюге бейіл тұрады. Өзгенің асылын ажырата алмаса да жасығына мін тағуға бейім келеді. Сол мінезбен Жиреншенің әлгі бір ауыз сөзін ұнатпай:
– Киелі орынның мәртебесіне сай сөз тауып айттым деп отырсың ба? – дейді мұқатыңқырап.
Жиренше аспай-саспай, «ділдәрім, бетіңді бір қайырып тастадым ба?» дегендей, тағына шалқая түскен ханға тіктей қарап:
– Сөзіңізге құлдық, хан ием, – деп назарын өзіне аудартады. – Адамның өзі мың жасамайды, артында аты қалса, атына сай сөзі қалса, аты, атына сай сөзі мың жасайды. Екінші, мына опасыз жалған дүниеде бір көрген қызық дәурені бір күнге бергісіз болса, сол бір күннің өзі мың жылға татыр қызық дәуренмен өтсін деп едім.
Сөзге тоқтаған хан Жиреншеге сол жерде астына арымас ат мінгізіп, үстіне тозбас шапан жауыпты.
Демек, жақсының аты, әлімнің хаты өлмейді десек, қазақ әдебиетінде орны бөлек Ілияс Есенберлин де өзінің туған халқы барда аты өшпек емес. Ақырын жүріп, анық басатын, артық сөзі, асылық ісі жоқ Ілекеңді мен ертеден білетін едім. Ол Ұлы Отан соғысынан жараланып қайтқан бойда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне қызметке араласты. Тау-кен институтын бітірген инженер болатын. Орталық Комитетте нұсқаушы қызметін атқарды да: мен Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлығына тағайындалғанмын. Маған сыпайылығы ұнайтын. Кішіліктен емес, кісіліктен туған және екінің бірінен табыла бермейтін қасиет еді. Әдетте ақындар асау өзендей буырқанып, тасып сөйлейтін, тіпті арқаланып алса көтеріліп кететінін талай көрдік қой. Оларды табиғи ерекшелікке, кейде ерлікке жорып, көрсек те көрмегендей болатынбыз. Ілекең жұмсақ, өте қарапайым еді. Алғаш «Айша» деген лирикалық поэмасын оқығаным бар. Ұмытпасам, 1945 жыл шығар, кездесіп қалған бір сәтте:
– Мұхаңмен (Мұхтар Омарханұлы Әуезов) жүздесіп, сырласқалы бері әдебиеттегі жаңалықты құр жібермейтін ғадет пайда болған еді, Ілеке. Сіздің поэмаңыз маған қатты ұнады, – дедім.
Ілекеңнің екі бетінің ұшы дөңгелене қызарып өзінің қолайсыздау сезінгенін байқатып алды. Мен екі-үш жас үлкендігіме басып:
– Мойын жар бере бермейді. Сіз қаламгерлермен жақын жүресіз. Жақсының парқын білесіз. Мүмкін болса, бізге қарайласа жүріңіз, – дедім.
Бар айтқаны мынау болды.
– «Менің шатпағым» туралы естігеннен гөрі, осы қолқаңыз әлдеқайда қанаттандырып отыр. Ықыласыңызға ризамын, – деді.
Тағдырмен ойнауға болмайды. Әсіресе, өнер адамдарының, әдебиет қайраткерлерінің өміріне сергек қарау керек. Олардың сезімтал жүрегіне, нәзік көңіліне қаяу түсірмей, рухын биік ұстау лазым. Бал арасы қалай мың сан гүл ішінен ең шырынына қонады, жазушылар мен ақындар да солай, өмірдің кешегі өткенінен, бүгінгі болмысынан ертеңгі ұрпақ үшін, болашаққа нәр іздейді. Елдің сөзін сөйлеп, жыртысын жыртып жатса, ол сол халықтың мұңын, мұқтажын білгені. Зерек көңіл, зерделі ой уақыт үнін түсінгені. Сондықтан қуанышынан гөрі қасірет-қайғысы, баршылығынан гөрі жоқ-жұтаңы көп заманды ең әуелі осы қаламгерлер кешеді. Сондай тағдыр тауқыметін Ілекең де басынан кешті. Ол «Өтті дәурен осылай» деп аталатын (1992 жыл, «Дәуір» баспасы) кітабымда егжей-тегжейлі жазылды. «Жаман бергенін айтады» дегендей азамат арасында бола беретін азын-аулақ шарапат-шапағатты қазбалай беру жараспас. Тек оған қосарым мынау.
Ілекең өзі шынашақтай кісі болғанмен, алыптың ісін тындырған азамат. Қырқыншы жылдардан бастап қалам ұстаған ол соңғы демі таусылғанша шығармашылық мұратына адал болды ғой деймін. Мен өзім Ілекеңнің «Қаһарын», «Алмас қылышын», «Алтын ордасын», «Жанталасын» оқыдым. Обалы нешік, көбісін қолжазбадан оқып, солардың үлкен өмірге – ең әділ сыншысы халқына жетуіне, оқыған сайын Ілекеңнің өсу үстінде, шығармашылық биік белестерге көтеріліп келе жатқанына сүйсініп, дем бергеніме іштей қанағаттандырарлық сезімге бөленемін.
Қазір ғой, тарихымыздан қол үзіп қалдық, тосқауыл, торуыл болды, халқымыз «мәңгүрт» хал кешті деген сыңаржақ пікірлер жиі айтылады. Белгілі мөлшерде бұл жансыз, жалған деуден аулақпын, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны рас. Бірақ, қазақ тарихын ғылыми шыншылдықпен, оқулық ретінде жазса тарихшыларымыз қайда қалған? Кім қолынан қағыпты? Тым байбалам салудың жолы осы екен деп, ауызды қу шөппен сүрте берген жараспайды. Әйтпесе, Ілекең жазған осы тарихи романдар кезінде оқырмандардың да, үкімет тарапынан да жоғары баға алғанын, 1968 жылдары – орталықтың қылышынан «қан тамып» тұрды деген кезде Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алып, түгелдей орыс тіліне аударылғанын неге ұмытамыз? Бұл кітаптарды қазақ халқының тарихы емес деп кім айта алғандай? Мәселен, «Алтын Орда» трилогиясын алыңызшы. Үшеуі де 1982-83 жылдары жарық көрді. ХІІІ ғасырдың басынан бастап ХV ғасырдың алғашқы жиырма жылдығы, яғни екі жүз жылдан астам уақыт ішіндегі тарихи оқиғалар қамтылған бұл кітаптар өзінің құндылығын ешқашан жоймақ емес. Ол қалай жазылды деген сауалға жауап беру өз алдына бір мәселе, ал халқымыздың тарихын, оның нақтылы деректерін жинақтауға келгенде Ілекеңнің еңбегіне тек ризашылық сезіммен қарауға тиіспіз. Ілекеңнің өкшесін басқан інілері және тарихи шығармалары үшін кезінде лайықты бағасын алған М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Ә.Әлімжанов, Қ.Жұмаділов, Б.Жандарбеков іргелі елдің игерілмей жатқан тарихын көркем әдебиет арқылы шоқтығын көтерсе, оларға ұйқылы-ояу жүрген тарихшыларымыз тек алғыс айтқаны абзал.
Ілияс Есенберлин – өмір құбылысын, қоғам дамуын терең сезінетін және оның көркем полотносын жасауға ұмтылған жазушы. Тыңның жиырма жылдығына арналып жазылған «Көлеңкеңмен қорғай жүр» деп аталатын романы соған дәлел. Романда тың көтеруге байланысты қазақ даласына енген жаңалықтар, ұлттар мен ұлыстар арасындағы жарасымды сыйластық, жан баураған бірлік, жер құнарлылығын сақтау проблемасы, адамдар арасындағы моральдық, этикалық қатынастар шынайы әрі көркем суреттеледі.
Әлбетте, Ілекең жайлы айтылар сыр аз емес. Соның ең бастысы, ол кісі пендешіліктен биік тұрған ірі тұлға. Сыртынан кім келіп, не айтпады. Ал, Ілекең маған қанша келіп жүріп, бір адам туралы ғайбат айтпай кетті. Мен де пәленшекеңнің айтып жүргені не осы деп сұраған емеспін, ол кісі де түгеншекең мынау еді деп тіс жарған емес. Мен Ілекеңнің ішкі мәдениетіне, жан дүниесінің тазалығына тәнті болушы едім. Ұлы суреткерлік те сол кәусар бұлақтай мөлдірліктен бастау алса керек. Ілекең қазақ әдебиетіндегі халқы сусындар қайнар бұлақ. Бір жасы мың болатын, артында өлмес сөз, өшпес із қалдырған қаламгер.

Ілияс Есенберлин,
«Жан сырым». Ойлар.
Нақыл сөздер. Естеліктер.
Алматы – 2001.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support