«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Автоголдар «шеруі»

Автоголдар «шеруі»
ашық дереккөз
Автоголдар «шеруі»

«Астана» соңғы минутта «Галатасарайдан» бір ұпай «тартып» алды

Футболдан УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бақ сынап жатқан «Астана» футбол клубы ел футболы тарихына тағы бір өзгеріс енгізді. Иә, құрамында Таңат Нөсербаев, Фокси Кетевеома секілді саңлақтары бар елордалық ұжым чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы ұпайды қоржынға салды. Бұл матчты жеңіске бергісіз тең ойын деп бағалауға болады. Түркиялық команданың шабуылшысы Лукас Подольский топтық кезеңнің жеребесі тартылған бетте «Бораттың еліне бара жатырмыз» деп инстаграмм желісіне сурет жариялап, артынша кешірім сұраған. Сол Подольскийдің аяғы допқа жанасқан сәтте жанкүйерлер уілі оның мазасын қашырды. Мұндай тенденция футболда бұрыннан бар. Бұрын ірі есеппен ұтылып қалмасақ жарар еді дейтін болсақ, қазір «жеңуге де болатын еді ғой» деген әңгіме айтатын жағдайға жеттік! Шүкір! «Астана» қорғаныста табандап жатып алған жоқ, қайта өткір шабуылдар ұйымдастырды. Салған жерден ойындағы басымдықты қолға алғысы келді. Алайда құрамында Снейдер, Подольский секілді тәжірибелі ойыншылары бар «Галатасарай» ойыншылары алғаш болып есеп ашты. Кездесудің 31-минутында Кысаның шірене тартқан соққысы ауада қалықтап барып, траекториясын табан асты өзгертті. Эрич дәрменсіз. Бұдан соң Балта матчтың 77-минутында өз қақпасына гол соғып алып, таразы басы теңесті. Ойынның қалған бөлігінде де тек қана автоголдар орын алды. Матчтың 86-минутында қақпашы Ненад Эрич теңбіл допты қолынан сусытып алып, өз қақпасына гол соғып, жанкүйерлердің көңіл-күйін түсіріп жіберсе, ойынның аяқталуына 1 минут қалғанда «Галатасарай» ойыншысы Кароль да автогол авторы атанды. Дегенмен, бұл жерде Рохер Каньястың бос қақпаға допты тамаша бағыттай білгенін айта кету керек. Ал Кароль болса, былғары зымыранды қақпадан алшақ теппек болды. Алайда қақпа сызығына жеткен доп ырқына көнбей торда тулады. Тамаша! «Астананың» ұпай қорын молайтатын мүмкіндігі әлі де бар. Матчтан бір түйгеніміз, ілгеріде қазақ футболшылары «соңғы минут синдромына» шалдығып, жеңіліске ұшырап жатса, «Астана» сол сеңді бұзып жүр. Іріктеу сынында финляндиялық «Хик» командасынан соңғы минутта жеңісті жұлып алған елордалық ұжым аталмыш серияны сәтімен жалғастырды. Бұл жақсы «дерт» ұлттық құрама ойыншыларына да жұғысты болсын!

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар