«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отан үшін от кешкен

Отан үшін  от кешкен
ашық дереккөз
Отан үшін от кешкен

Майдангер есімі ауылдастарының есінде

Күркіреген күндей өткен соғыс зілмауыр салмағын халыққа салды ғой. Бозбала біткен қару асынып, қан майданға аттанды. Ел басына күн туған сол күндері елін жаудан қорғамаққа аттанған ердің бірі –Түктібай ауылының ұланы Әді Жолдасбеков еді.

Ол 1942 жылы көктемде майдан қатарына алынып, Ленинградты жаудан қорғау ұрысына бірден кірді. Революция бесігі атанған Ленинградты жауға беру жеңілгенмен бірдей болатын. Сондықтан кеңес жауынгерлерінің алдына өлмей беріспейтін міндет қойылды. Жау қоршауында қалған қала тұрғындары қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Ұлы Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты өлмес өлеңі ленинградтықтарға жігер бергені осы тұс. Қатардағы жауынгер Әді қоршауда қалған қала тұрғындарымен аштық азабына шыдады. Қолынан қаруын түсірмей қаруластарымен бірге қаланы қорғады. Шегінген жауды қуа отырып кеңес жауынгерлері жойқын ұрыстар жасады. Әр деревняны, селоны, қаланы азат ету қиян-кескі ұрыстармен өтетін. Сондай жау әбден бекініп алған селоны жаудан тазарту үшін болған ұрыстың бірінде қатардағы жауынгер Әді Жолдасбеков көзіне оқ тиіп қатты жараланады. Майдан госпиталінде екі ай емделеді. Дәрігерлер мүгедектігіне байланысты елге қайтармақ болады. Бірақ бойын кек кернеген ол қайтадан майдан даласына сұранады. Қаруластарымен бірге Латвия, Литвия жерін жаудан азат етісіп, жеңісті Германия жерінде қарсы алады. Майданнан 1946 жылдың ақпанында елге оралады. Соғыстан кейінгі әбден қалжыраған ел экономикасын көтеру оңайға түскен жоқ. Кешегі майдангерлер енді қолына кетпен алып, бейнетке жегілді. Әбден титықтаған ауыл өмірі аянышты еді. Әді де ұзақ жыл кеңшарда шопан болып тер төкті. Сөйтіп қоғам малының еселеп өсуіне өзіндік үлес қосты. Талай мәрте кеңшар шопандарының көшін бастап, еңбек бақытына бөленді. Өмірлік жары Күлпаш ана екеуі 3 қыз 2 ұлды өмірге әкеп тәрбиелеп өсірді. Еңбек демалысына шыққан Әді қария жұртына сыйлы болды. Ағайынның ауызбірлігі, тату-тәттілігін сақтау осындай иманды қариялардың тірлігі еді. Осынау қарияға тән қасиеттер осы Әді ақсақалдың бойынан табыла білді. Майданда қан кешкен майдангер, еңбекте тер төккен ардагер 94 жасында дүниеден озған еді. Бүгінде Әді қарияның ұл-қыздарынан 41 немере, 33 шөбере, 18 шөпшек тараған. Енді Түктібай ауылының тұрғындары бір көшеге Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Әді Жолдасбекұлының есімін беруді құп көріп отыр.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар