Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында Таразда «Ұлы дала» ойындары өтеді
Еліміздің елдігін танытатын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында Тараз төрінде «Ұлы дала ойындары» өткізіледі деп күтілуде. Қазақ халқының төл мәдениеті мен ұлттық спорт түрлерін ұлықтайтын шара «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және Жамбыл облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылады. «Ұлы дала ойындары» аясында 31 шақырымдық аламан бәйге, тоқ бәйге және ұшқыр бәйгеге басымдық берілмек. Құйрық-жалы таралған, нағыз пырақтар додасын кәсіби біліктілігі жоғары, өз ісін мығым білетін төрешілер жүргізетіні нақтыланды. Қатарынан оза шауып, бәйге алған тұлпарларға қомақты сыйақы үлестірілетін додаға жүз елуден астам арғымақ қатысатын болды. Бұдан бөлек атшабарға жиналған жұртшылықтың назарына «Ұлы дала ойындары» атты қойылым ұсынылады. Аударыспақ пен көкпардан, теңге ілуден сары құрлық додасында қарсыластарынан қара үзген кіл мықтылар осы күні өз өнерлерін ортаға салады. Сонымен қатар, елімізде енді ғана қарқынды түрде дами бастаған жамбы ату спортының шеберлері де шеберліктерін ұлттық спорт жанашырлары мен жалпы көрермен алдында көрсетуге бел буып отыр. Бір сөзбен түйіп айтқанда Қазақ хандығының мерейтойында тұлпарлар тұяғының дүбірі жаңғырып, ат спортына аңсары ауғандар нағыз бәсекені тамашалап, тақымдарын қысатын болады.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




