- Advertisement -

Көне Тараздың қақпасы

169

- Advertisement -

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығына кіреберісте қақпа орнату құрылысын алматылық «Базис А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Нысанның әсемдігі алыстан көзге оттай басылады. 

Ерекше нысан жобасын Алматыдағы Қазақ мемлекеттік архитектуралық академиясының ғалымдары жасаған. Тамызда басталған құрылыс аяқталуға таяу. 50 құрылысшы және қызметкер нысан басында уақытпен санаспай еңбек етуде. Сөйтіп, тарихи тойға өз үлестерін қосуда. Құрылысқа он техника тартылғаны да жұмыстың жедел жүруіне септігін тигізгені анық. Тровертин материалын Бішкектен сатып алып, Алматыда өңдеуден өткізіп, жеткізгені болмаса, компания өзге қажетті құрылыс материалдарының бәрін жергілікті жерден тасымалдаған. Мәселен, Тараздағы «Темір-бетон Ғимарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бетон алынса, цемент жергілікті компаниялардан жеткізілуде. «Таразметалл снаб» серіктестігі дайындаған қалыптардың сапасына мердігер компания өкілдері дән риза. Кіреберіс қабырғаның ұзындығы 64 метрді құрайды. Ал қақпаның биіктігі 2,40 метр. Қазір мұнда әрлеу, өрнектеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
– Біз өзімізге тапсырылған міндеттің маңызды екенін түсінеміз. Қазіргі таңда елімізде көптеген арка жұмыстары бір қалыпты үлгіде жасалып жүр. Ал тарихи тойға орай дайындалған бұл кіреберіс қақпаның сәулеті өте ерекше болады. Арканы байқап қараған кісі үш тарапқа ашылған гүлдің көрінісін байқайды. Гүл – сұлулық символы. Тараз сұлулыққа орансын деген ниетті, мақсатты ұстандық. Қазақ хандығының тарихи тойына үлес қосқанымыз бізді қуанышқа бөлейді. Оны барлық құрылысшылар сезініп, өз қолтаңбаларын қалдыруда. Ендеше, Тараздағы ондаған, жүздеген жаңа нысандар қатарынан кіреберіс қақпа да ойып тұрып орын алады, деп сенеміз, – дейді алматылық «Базис А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жомарт Қонысбаев.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support