- Advertisement -

Қазақтың домбырасы

86

- Advertisement -

Профессор Ғалым Исабаевтың жобасы аяқталып келеді

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында бірнеше жоба құрылысы аяқталуға жақын. Солардың бірі – «Домбыра» алаңшасы мен «Тараз әуендері» стеласы. Бұл екі нысан бір жобаның аясында жүзеге асуда. Жобаның авторы – алматылық профессор Ғалым Исабаев. Мердігері – алматылық «Эверест Инвест-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Жалпы, құрылыс тамыз айының орта тұсында басталған. Жобаны жүзеге асыруға демеуші компаниялар арқылы 100 миллионға жуық қаражат бөлініпті. Ең ірі демеуші «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Құрылыс алаңында «Эверест Инвест-2030» ЖШС-ның бригадирі Қайырбек Әуелбеков бастаған сегіз құрылысшы тынымсыз еңбек етуде. Жұмысқа төрт техника тартылған. 

Таза гранит тастан құйылған «Домбыра алаңшасының» ұзындығы 50 метр. Алаңша ортасына гүлдер егіліп, шеті архитектуралық шешімге сай әшекейлі тастармен өрнектеледі. Аталған нысанның Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне қарама-қарсы орналасуының өзі бір ерекшелік. Ал «Тараз әуендері» стеласында қазақтың қобыз аспабы бейнеленбек. Оның биіктігі – 8 метр. Домбыра ұлттың бейнесін, қобыз – әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы дүниеге келген өңір екенімізді көрсетеді.
– Жобаның архитектуралық жағынан өте сұлу болып шығатынына сеніміміз мол. Оның мағынасының өзі ерекше. Домбыра мен қобыз – қазақтың музыка өнерінің төлқұжаты емес пе? Жамбыл Жабаев секілді жыр алыбы шыққан, әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы өмірге келген аймақта осындай ескерткіштер үйлесімді емес пе?! Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына мұндай тарту жасағанымызға біз де қуаныштымыз. Сондықтан, жұмысты барлық ынта-ықыласымызбен атқарып жатырмыз. Құрылысқа Алматы қаласында дайындалған гранит тастарды пайдаландық. Жұмысты қыркүйек айының аяғында толық аяқтап, тапсырамыз. Бұл біздің Таразда қалдырған қолтаңбамыз болмақ. Оны сүйсіне тамашалайтын кісілер өте көп болады деп ойлаймын, – дейді «Эверест Инвест-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске бастығы Қанат Тоқтабаев.

Есет Досалы,
«Ақ жол».
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support