Бүгінде елімізде жеке азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына мейлінше қолайлы жағдай жасалуда. Мал, егін, бау-бақша өсіремін, басқа да кәсіп ашып нәсібін көремін десеңіз де ешкім бетіңізден қақпайды. Тек бойыңыздағы жалқаулықты жеңіп, күндіз-түні тынбай еңбек етсеңіз болғаны. – «Кәсіп түбі – нәсіп» демекші, еңбек еткен адамға пайда бар. Мемлекеттен қолдау әркез әзір. Ендеше қолда бар мүмкіндікті жіберіп алмай, батыл қадам жасап, тәуекелге бара білу де керек, – дейді бұл тұрғыда жаңатастық Қойшыбай Төлепберген. Ол өзгелерге жеке басы үлгісімен де танылуда. Алдына мақсат қойып, табандылық танытуының арқасында мемлекет тарапынан шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша қаражат алып, өзінің тұрмыстық техника жөндейтін шағын шеберханасын ашып отыр. Қойшыбай бұл кәсіпке бет бұрамын деп тіпті де ойламаған... Кезінде Тараз қаласындағы №2 кәсіптік училищесінде оқып, электр-құрастыру шебері мамандығын меңгеріп шыққан ол «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде 2005 жылға дейін еңбек етіп, мол тәжірибе де жинақтаған еді. Өзі секілді мамандарға зәру қалалардағы ірі құрылыс нысандарына барып жұмыс істеуге тәуекел еткен. Бір жағынан айлық жалақысы да жаман емес. Анда бір, мында бір шапқылап, бала-шаға қамы үшін тынбай еңбек етіп жүрген аяқ-қолы балғадай, пысықай жігіт аяқ астынан көлік апатына ұшырап, бір-жар уақыт үйде отырып қалады. Еті үйренген кәсібін жалғастыруына денсаулығы мүмкіндік бермейді. Алайда, ол бағзы қайсарлығына бағып, қолынан келер өзге бір іспен айналысуға ойы кетті. Әрі ойлап, бері ойлап тоқтағаны осы кәсіп. Тұрмыстық техниканы үйінде отырып жөндеп, нәпақа табуға бел байлаған тәуекелшіл азаматты сенімі мен үміті алдамай, ісі өрге домалап, тапсырыстар да көптеп түсе бастайды. 2012 жылы аудан орталығынан өз алдына жеке кәсіпкерлік нысанын ашып, тұрмыстық техника жөндеуге әбден машықтанып та алады. Уақыт өте келе кәсіпкерлігі желісін кеңейтіп, электр шәйнек, термошәйнек, шаңсорғыш, кір жуатын мәшине, тоңазытқыш, теледидар, электр құралдары, газ плиталарын да халықтың қалтасы көтерерлік бағаларға бір демде-ақ жөндеп бере қоятын деңгейге жетті. Міне, осылай ел қажетін өтеп, өзінің адал кәсібімен нәсібін тауып жүрген Қойшыбайдың бүгінде ұялы телефоны тынымсыз шырылдап, жан-жақтан жаңа тапсырыстар түсіп жатады. Халықтың техникалық құрал-жабдықтарды жөндетуге деген сұранысы үлкен. Отбасында үйелмелі-сүйелмелі бес бірдей қыз тәрбиелеп өсіріп, отбасының қамқоршысы болып отырған қайсар азаматтың тірлігіне еріксіз сүйсінесің. Әрбір азамат басына түскен ауыртпалықты осылай жеңіп, қолында бар мүмкіндіктерін сәтімен қолдана білсе, құба-құп қой. Расында, Қойшыбайдың бұл ісі басқаларға үлгі-өнеге боларлықтай. «Кәсіп, кәсіп түбі – нәсіп» деген, сірә, осы болар.
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист.
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді