Соғысқа Сарысудан аттанған Оралбай Шойбековтің қабірі арада жетпіс бір жыл өткенде табылды
Әкем Оралбай Шойбеков соғысқа кетер кезде мен бір жастағы сәби екенмін. Әкем соғысқа аттанардың алдында анам екеумізді нағашыларыма әкеліп тапсырады. «Соғыстан аман келсем өз қолдарыңыздан алармын, өліп кетсем сіздерге аманат» деп қоштасады.
Нағашыларым өте жақсы кісілер еді. Сол кісілердің тәрбиесімен жүріп, мен жетімдік көрдім деп айта алмаймын. Солардың қамқорлығының арқасында ержеттім, оқып, білім алдым. Әрине, анамның еңбегі өз алдына бір төбе. Ол кісі мен еңбекке араласқанша колхоздың соқасын да айдады, совхоздың қойын да қырықты, ауыр жұмыстың барлығын да істеді. Нағашы атам Балабек Рахымов пен әжем Бибайша (Бікіш) өз ағайындары арасында жасы үлкен кісілер еді. Мен сол кісілердің баласы атанып кеттім. Осы уақытқа дейін ол кісілер де басқа ағайындар да мені «жиен» деп айтқан емес. Үлкені – іні, кішісі – аға тұтады. Мектепке сол нағашы атамның фамилиясымен бардым. Мектеп бітірерде фамилиямды өзгертуге болар еді, бірақ менің балалық көңілім оны бір сатқандықтай сезінді де сол фамилиямда қалып қойдым. Нағашыларымның әңгімелерінен мен өз әкемнің ел арасында жақсы, сыйлы, байсалды, сөзіне тұрақты, еңбекқор адам болғанын біліп өстім. Еңбекке араласып, ержете келе соғыста қайтыс болған өз әкемді қалай тапсам екен деген ой мені мазалай берді. Сұрастырсам ешкім мардымды жауап бере алмады. Бірде облыстық «Ақ жол» газетіне қаламы қарымды журналист Мейрамбек Төлепбергеннің «Қиянат немесе соғыста жүріп сотталған қазақтар» деген мақаласы шығыпты. Артынша Жамбыл Мүсілімов ағам телефон соғып, «2014 жылғы 30 сәуірде «Ақ жол» газетіндегі Мейрамбектің мақаласында сенің әкеңнің фамилиясы мен аты аталыпты» деді. Мен газетті әлі оқи қойған жоқ едім. Дереу ашып оқыдым. Содан кейін мен де немереме компьютермен интернет арқылы әкемді іздеуді тапсырдым. Әкемнің фамилиясы Шойбеков аты Оралбай. Іздестіре отырып Оралбайды таптық, бірақ фамилиясын Жайбеков деп жазған. Бірақ әскерге шақырылған жері Сарысу аудандық әскери комиссариаты Жамбыл облысы, тұрғылықты жері Байқадам селосы деп барлығы сәйкес келіп тұр. Ақпарат қаламсаппен жазылғандықтан мен осы әкем екеніне сендім. Әйелі Саркей деп жазылған, ал анамның аты Саркен. Әкем 1904 жылы туылған, 1944 жылы 17 ақпанда қайтыс болған, Красногорки деревнясында жерленген деп жазылған. Ол қай жердегі деревня, іздестіруді жалғастыра бердік. Сол іздестірудің арқасында бірде мынадай мәлімет таптық. Бұл жолғы мәліметте жоғарыда айтылғандай тек алғашқы жерленген жері Ленинград облысы, Псков округі Красная горка деревнясы деп жазылған. Ақпарат Москва облысының Орталық архивінен берілген. Осыдан кейін интернеттен Ленинград облысының және Псков облысының әскери комиссариатының адресін және телефондарын тауып, оларға хат жаздым,телефон шалдым. Олардың жауабы жоғарыдағы мәліметке келіп тірелді, тек жерленген жерінің нақты адресін көрсетті. Ол Псков облысы, Псков ауданы, Середка волосты, Красная горка деревнясы. Негізгі іздеу кезіндегі біздің жіберген басты кемшілігіміз мынада екен. Іздеуді бастамас бұрын қолымызда өлген кездегі хабарлама (қаралы қағаз) болуы керек екен. Сонда өлген жері нақты көрсетілген. Ол әскери комиссариатта сақталады екен. Мен сол анықтаманы бәрін анықтап болғаннан кейін Қаратау қаласынан алдым. Мен тапқан ақпаратпен қаралы қағазда жазылған ақпарат дәлме-дәл сәйкес келді. Биыл әкемнің суретін де таптым. Оған да талантты журналист, «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепбергеннің 2014 жылы 30 сәуірде «Ақ жол» газетінде жариялаған «Қиянат немесе соғыста жүріп сотталған қазақтар» деген мақаласы себепші болды. Мақалада Ленинград майданында қазақша «Отанды қорғауда» атты газет шығарған қазақ жігіттерінің еңбегі туралы айтыла келе, олардың соғыс аяқталғанда жаладан жапа шегіп 6-8 жылдан сотталғаны туралы айтылған. Сол қазақ жігіттерінің бірі 6 жылға сотталған, кейін қоғам қайраткері, академик атанған Түймебай Әшімбаев еді. Мейрамбек мақаласында «Отанды қорғауда» газетінен мынадай мағлұмат келтіреді: Газеттің 1943 жылғы 29 маусымдағы санында қызыләскер Оралбай Шойбеков өзінің екі ұлы Дүйсебай және Дулатбекпен бір пулемет расчетында соғысып жүргені жазылып, суреттері қоса басылған. Әкемнің сол кездегі жасы қырықтарға келген. Бірақ әкемнің ондай ұлдары болмаған. Дүйсебай әкемнің немере ағасы Әзімбайдың ұлы, жасы сол кезде 17-18- дер шамасында, Дулатбек те бір ағайынымыздың ұлы болуы мүмкін. Әкем жасы үлкен болғандықтан екеуіне қамқорлық жасап, менің балаларым деп қасына алған болуы мүмкін. «Ақ жолдың» осы басылымын оқығаннан кейін мен Мейрамбекке бардым. Мейрамбек маған Түймебай Әшімбаевтың қызы Натальяда «Отанды қорғауда» газетінің барлық нөмірі сақталғанын, оның күйеуі «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов екенін айтып, телефон нөмірін берді. Мен Рахманға телефон шалдым. Рахманға үлкен рахмет, кішіпейіл жан екен телефонға түсінікті жауап берді. «Отан қорғауда» газетінің барлық нөмірін жинап, кітап етіп шығарғандарын, ол кітаптарды Қазақстанның барлық университеттеріне жібергендерін айтты. Мен ТарМУ-дың кітапханасына барып «Отанды қорғауда» кітабын сұрап алдым. Асаубай інім білікті суретшіге сол кітаптағы суреттен әкемнің портретін салдырып берді. Ол қазір үйде ілулі тұр. Сөйтіп мен әкемнің соғыста қайтыс болып, жерленген жерін де суретін де таптым. Сіз кеткенде соғысқа қайран әкем, Бір жастағы бейкүнә сәби екем, Қырық төрттің қысында ажал құшып, Жақындатып жеңісті кеткен екен.
Жетпіс бір жыл өтіпті содан бері, Әкемнің де табылды-ау жатқан жері. Ленинград майданы – Псков маңы, Середка – Красная Горка тыныштық тапқан жері, – деген өлең жолдары да көзімнен аққан жаспен бірге жүрегімнен еріксіз төгіліп кетті. 2015 жылдың 6-10 шілде аралығында мен әкемнің жатқан жеріне барып, басына шағын гранит тасқа аты-жөнін жазып, туған жердің топырағын салып, тағзым етіп қайттым. Ол бауырластар зиратында 748 адамның мәйіті бар екен, одан аты-жөні анықталғаны 220-дай адам, біреуі менің әкем Оралбай Шойбеков, жатқан жерлері жаннатта болсын. Осындай қуанышқа бөленуіме көмектескен інілерім Мейрамбек Төлепбергенге, Рахман Алшановқа, інім Асаубай Майлыбаевқа, ағам Жамбыл Мүсілімовке және облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған шығармашылық ұжымына үлкен рахметімді айтып, алғыс білдіремін.
Жуасбай Рахымов, майдангердің ұлы.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді