«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, актер, режиссер досхан жолжақсынов
– Күні кеше ғана ақпарат кеңістігіне «Құнанбай» туралы фильм түсірілді деген хабар тарап кетті. Соның басиесі де, басты рөлін сомдаушы да өзіңізсіз. Құнанбай қажы – ең жаңа, ең кейінгі образыңыз. Осы ретте сіздің ең алғашқы тырнақалды туындыңыз жайлы білгіміз келіп отыр. Қателеспесем, ол «Бандыны қуған Хамит» кинофильмі болатын...
– Иә, енді одан бері қырық жылдай уақыт өтті. Өткен ғасырдың жетпіс жетінші жылдары түсірілген фильм, ондағы ойнаған образым мен қазіргіні салыстыра алмаймыз ғой. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Десек те, кейіпкерлерді былай қойғанда, осыншама уақыт ішінде өзіміз де есейдік, толыстық. Бұл жылдар легі жай қарап жүрген адамның өзіне де жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Бала тәрбиелеп өсірдік, немере сүйдік, сөйтіп жүріп Пайғамбар жасты да еңсердік. Адам айналасына, қоғамға қарап қалыптасады, қоғамнан өз орнын табуға талпынып, сол талпыныс жолында өседі, өнеді емес пе? Бұл ретте тек кәсіп туралы түсінікпен шектелсек қателесеміз. Ең бастысы, ертеңгі ұрпақ үшін кім болып қаламыз, сол маңызды. Сөйтіп жүріп, біз де ақыл жинағандаймыз. Сол көрген-білгенімізді, көкейге түйгенімізді тәжірибеге ұштастырғымыз келді. «Ойды-ой қозғайды» демекші, бірде, бүгінде топырағы суып үлгермеген, қазақтың атпал азаматы Таласбек Әсемқұловты кездестірдім. Одан бұрын ол кісіні мүлде танымайтынмын. Бірақ, екеуміз таныса салып сөзіміз жарасып кетті. Оның себебін, екеуміздің де ауылдан шыққан қара домалақ қазақтың қарапайым баласы болғандығымыздан деп ойлаймын. Оның қарапайымдылығы сол – «Мен білімдімін» деп, еш көкірек керіп, арақашықтық ұстамайтын. Содан шығар, екеуміздің көп жағдайға байланысты ой-пікіріміз ортақ нүктеде түйісіп отыратын. Біржан және өзге де сал-серілер туралы әңгімеміз де ортақтасатын. Менің бар ойымды бағамдаған ол Абылай ханның соңғы күндері туралы сценарийін қолыма ұстатты. Оны бір деммен оқып шықтым, оқи отырып, Таласбектің таным-түйсігінің кең екенін, талғамы жоғары, тілінің әдемі ырғағы бар екенін аңғардым. Тарихтың тереңіндегі мөлдір бұлақтан әбден қанып ішкені соншалық, оның шығармасынан сол оқиға өрбіген ғасырдың исі бұрқырап тұратын. Менің іздегенім алдымнан шығып, содан бастап мақсат-мүддеміз бірге өрбіді. Соның нәтижесінде «Біржан сал» өмірге келді. «Біржанды» бірге жүріп түсірдік. Көпшілік оң бағасын берді. Алайда, бірлі-жарым теріс пікірін білдіргендер де болды. Бұл өнерде де, өзге салада да кездесетін жайттар ғой. Бір қарсылық, қиғаштық болмаса, жақсылықтың бағасын, қадір-қасиетін білмей кететін едік. Қазір қарап отырсақ, «Біржанның» жарыққа шыққанына да бес-алты жыл өтіп кетіпті. Тағы бір жаңа дүниені халыққа ұсыну керек деген ниетте жүрдік. Ойлана келе, Тұмар әжеміз туралы сценарийіміз бар еді. Оған қаржы тапшылық жасады. «Қобыланды батырды» да көрмекші болдық... Алайда, ұлы Абайдың әкесі Құнанбайға тоқтадық. Неге десеңіз, кино әлемінде бұл тұлға алынбаған асу, қозғалмаған тың тақырып болатын. Әлбетте, Құнанбай десек, көз алдымызда құзар шың, биік жартас секілді Мұхтар Әуезов менмұндалайды. Әуезовтің «Абай жолындағы» Құнанбай бәрінің санасына сіңіскен образ ғой. Оның есімі аталса да бәрімізге бірден Әуезовтің шығармасындағы Құнанбай елестейтіні белгілі. Өзіміз де театрлардан сол болмыстағы тұлғаны көріп өстік. – Әуезовтің «Құнанбайымен» фильмдегі Құнанбайда айырмашылық бар ма сонда? – Әлбетте бар. Есімде жоқ, бірде Шәкен ағамыз «жас Абайды» сахналаған еді. Онда біз әлі театрға келе қойған жоқпыз. Сондағы Құнанбайды суреттеп айтып жеткізе алмаймын. Сом тұлға, биік болмыс, айтқан сөзі қиып түсетін, жалғыз жанарлы, дегенінен қайтпайтын, қайсар, бірбеткей жарқ-жұрқ еткен образ еді. Оны актер Мұхтар Бақтыгереев те сәтті сомдап шыққан. Ал біз Таласбек екеуміз Құнекемді сәл жерге түсірейік дедік. Өйткені, қазаққа Абайды сыйлаған тұлғаның кәдімгі пендеәуи бітімі көпшіліктің санасындағы сұрақтармен астасып жүргелі қашан? Біз сол сұрақтарға өзімізше жауап бергіміз келді. Ол да қарапайым адам дегенді алға тарттық алдымен. Анасымен тілдесе білетін, баласына ой айта алатын, тіпті, қамығып көзіне жас та келетін Құнанбайды көрсеткіміз келді. Бұл жолда біраз мұрағатты ақтарып, тарих шындығына көз жүгірттік. Еңбектің негізгі үлесі марқұм Таласбектікі екенін жасырмаймын. Ал сценарийдің киноға бейімделіп жазылуына өз септігімді тигізіп отырдым дей аламын. Әуезовтің «Абай жолына» біршама ой тастап та отырдық, бірақ оған соншалықты сүйендік демеймін. Айталық, «Қодар мен Құртқаны» жазалау оқиғасынан аттап кету бізге мүмкін болмады. Негізі, тарихта бұл Абайдың өмірге келуінен бұрын болған оқиға деп айтылады. Алайда, Әуезов оны Құнекеңнің әділ шешім шығарушы, ар алдындағы берік ұстанымға ие тұлға ретінде таныту үшін міндетті түрде шығармаға қосады. Бізге де солай етуге тура келді. «Қодар мен Құртқа» оқиғасының болған-болмағанына кейбіреулер күмән келтіріп жүр. Мен өзім кәміл сенемін. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қодар» поэмасында бұл хақында тайға таңба басқандай анық баяндалады. – Қазақ киносында режиссер бола тұра, өзі басты рөлде ойнайтындар көп емес. Бұл ретте Шәкен Айманов ағамызды айтып өтпеске болмайды. «Біржан сал» мен «Құнанбайлардан» байқағанымыздай сіз де сол жолды ұстанғандардың бірі секілдісіз. Шыныңызды айтыңызшы, бұл бұрыннан келе жатқан әдетіңіз бе, әлде мүлде бөлек шешімнен туған дүние ме? – Бұл «ананың кезегі еді...» дейтіндей шүлен үлестіретін кезек емес қой. Мен біріншіден, кәсіби актермін. КСРО-ның халық әртісі Хадиша Бөкеева апамыздың үлкен қазанында қайнап, Әшірбек Сығай ағаларымыздан тәлім-тәрбие, дәріс алып өсіп, жетілдім. Сонау 1971 жылы студент атанып, сол кезде-ақ театрға қабылданып, тәжірибе жинай бердік. Киноға түсіп жүрдім. Біз «Біржанға» да, «Құнанбайға» да бес-алты жылғы дайындықпен бардық. Тақырып таңдағанда өзіме деп таңдамадым. Бұл менің азамат, актер, өнерпаз ретіндегі осы кейіпкерлер мен тақырыпқа деген өзімнің ішкі сұранысымның әсері. – Біздің білуімізше, сіздің айналаңызда өнер адамдарынан бөлек жақын қарым-қатынаста жүретін ірі-ірі саяси тұлғалар бар. Сіздің осы секілді ірі дүниелерге баруыңызға олардың қаншалықты ықпалы бар? – Рас, достарымның арасында ондай азаматтар баршылық. Бірақ олардың соншалық ықпалы болып жатыр деп айта алмаймын. Орта қалыптастыру үшін бір нәрсені діттеу мақсат емес қой, ары-беріден кейін дос – қарапайым өмірдегі көзқарасың мен жүріс-тұрысың, мақсат-мүддең ортақтасар бағытта пайда болатын жандар ғой. Достарды орта толтыру үшін пайдалануға болмайды. Сол себепті, кәсібіме оларды көп араластыра қоймаймын. Бірақ, тақырып бекіп, бір нақты шешімге келген соң ой бөлісіп, ақылдасатын достарым бар. – Олар кімдер, айта аласыз ба? – Айтайын. Біз бес-алты отбасы болып араласатын, сонау сексенінші жылдан бері бірге келе жатқан жақын достарымыз бар. Олар бүгінде Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағанбетов, композитор Төлеген Мұхамеджанов, кинорежиссер Талғат Теменов, Астанадағы аурухананың бас дәрігері Абай Байген, Әнуарбек Арғынғазин секілді азаматтар. Бұлармен комсомолда, өнерде жүріп таныстық, табыстық. Әрқайсының өнер, ұлттық намыс турасында өздерінің биік бағандағы ойлары, ұстанымы бар. Кейде білген-түйгенімізді сабақтап, ортаға салып отырамыз. Жас та болса, біздің басымызды жиі қосып, жиналуымызға ұйытқы болып жүретін ол – Имекең. Иманғали Нұрғалиұлы өнерге де соншалықты берілген, жанашыр азамат. Бәрін бағамдап, саралай алады. Осы тұрғыдан алғанда мен аталмыш жұмыстарымды дайындау барысын Имекеңе апарып, таныстырған кездерім болғанын жасырмаймын. Ол кісі де өзінің қадау-қадау пікірлерін білдірген еді. Айтары бар азамат қой. – Еліміз егемендігін алып, еңсесін тіктеп, есін жинап алды. Төрт құбыламыз түгенделген ендігі уақытта тарихи тұлғаларды тану керек секілді. Танығанда да кешегі кеңестік кезеңде жазылған дүниелер арқылы емес, шынайы көкірек көзімізбен барласақ жөн еді. Осы жолда қолға алған еңбегіңіз жана бергенін қалаймыз. Байқасақ, «Құнанбай» – бар-жоғы қырық сегіз күннің ішінде жарыққа шыққан туынды. Кино әлемінде мұндай жылдамдық кемде-кем шығар. Сіздерге қиындық туындатқан жоқ па? Шаршаған жоқсыздар ма? – Шаршау дегеннің өзі шартты ұғым ғой. Біріншіден, бұл ұжымдық жұмыс. Өнерде мұңы бір, мүддесі бір адамдар жиналмаса қиын. Екінші жағынан, актерлердің бойындағы тәрбиесі, түр-келбеті, болмысы қазақи болуын назарға алдым. Осы екі ұстаным арқылы актерлерді шақыруға тырыстым. Сондай өнерпаздар жиналған соң туындының тігісі тез арада оңынан сөгіліп, қиюы келе қалды. – Облыстық театрлардан алынған актерлердің арасында жасы жетпістен асса да, киноға бірінші рет түскендері бар екен. Оларға сол екі ұстаным бойынша қарадыңыз ба? Әлде елге есімі жаттанды болып қалған актерлерді ысыра тұрайын дедіңіз бе? – Жоқ, олай емес. Мен жаңағы екі ұстанымды алға тарта отырып, сонау жылдары өзіммен бірге оқыған, оқу орнын бітірген өнерпаздарды іздедім. Олардың қатарында Жамбылдағы Асқарбек Сейілхан, Павлодардағы Серкебек Жабықбаев, Қостанайдағы Сайра Манасбаева секілді азаматтардың басын қосқым келді. Бұлардың бәрі кәсіби, тәжірибесі мол актерлер. Асқарбектер Қызылорда театрында ойнамаған, бармаған рөлі жоқ. Оған қоса, маған Құнанбайдың заманындағы билердің дәл осы тұстағы, осы жастағы бейнелері керек болды. Құнанбаймен үзеңгілес ой айтатын болмыс-бітімі асқақ билер болу керектігін нысанаға алдым. Басқа салада жұмыс жасап жүрсе де сұранып келгендер де болды. Олардың арасында қабылданып, рөлдерді сомдағандарының бар екенін де айтқым келеді. – Құнанбай рөлін өзіңізге ойланбай таңдадыңыз ба? – Дүниені қопарып Біржан сал боламыз ба, Құнанбай боламыз ба, оны алдымен актер, сосын барып адам ретінде қабылдау керекпіз. Театрда Мәдиді, Нұржан ақынды ойнадық. Қолымызға домбыра алып, ән айтып сахнаға шыққанбыз. Сол образдардың болмысы Біржанға келмейді деп кім айта алады? Сценарийде берілген барлық өткел, мінез, табиғат – менің тамырыма әбден сіңісті болған дүние. Біржан болып сөйлегім келді, ойлағым келді. Сол үшін барғанмын бұл қадамға. Құнанбайға да сондай дайындықпен келдім. Әйтпесе, жазылғандағыдай Құнанбайға бойы екі метрдей болатын актерді табуыма болатын еді. Бірақ ол актермен жұмыс істеуім керек. Оған біраз уақыт кетер еді. Оның үстіне, ол өз ойымдағыдай алып шыға ала ма деген ой да басым болды. – Бас режиссер бола тұрып, басты рөлде ойнаудың қиыншылығын айтыңызшы? – Ешқандай қиыншылығы жоқ. Бәрі актерлік құралға байланысты. Бейнені қалай келістіреміз, образды қай кейіпте сұрыптап, қорытуымыз керек дегендей. Біржан болып сөйлеу бір басқа да, Құнанбай болып үн қату – бір бөлек дүние. Әр ойнаған кадрымызды, жазылған жазбамызды үлкен монитор арқылы сан рет қайталап көріп, бағамдап отырамыз. Қайталап көру арқылы бәріне шолу жасап, тіпті, гримнің дұрыс жағылуы, киімнің дұрыс тұруы бәріне мұқият болуға тырысамыз. Тіпті, бір актердің басына аңдаусызда өзбек тақиясы киіліп немесе ат үстіндегі ер-тоқымның өз заманына сай емес, жаңа үлгіде жабдықталғаны кетіп қалмауын да қадағалаймыз. Сондайда, режиссер емес, ревизор да болып кететіндейміз. – Осы кинотуындының тұсаукесерін алғаш Семей, Астана қалаларында өткіздіңіз. Сондағы әсерімен бөліскен Халық жазушысы Әбіш Кекілбайдың «Біз кинотуындыға қанбай қалдық...» дегені бар. Неге олай деді? Әлде бір сағат, қырық сегіз минутқа ғана созылған шығарманың қысқалығын айтты деп ойламайсыз ба? – Солай шығар. Құнанбай туралы он сегіз серия түсірсек те, толық қамту мүмкін емес. Қанша созып түсірсек те, түбегейлі бітірдім дей алмайсың. Негізі, тәтті, дәмді нәрсенің аз болғаны жақсы. Әйтпесе, жүрекке тиіп кетеді. «Теңіздің дәмі тамшыдан» деген де бар. Біз қырық сегіз күн бойы қырық сегіз сағаттық дүние түсірдік. Соның шашауын шығармай жинақтап, негізгілерін ғана монтаждап шығарғанда осындай жұп-жұмыр дүниеге айналды. Кинотүсірілім екі айға жетпейтін уақытты қамтығанмен, монтажға жарты жылдай уақыт кетті. Негізі киноның туатын жері монтаж ғой. Монтаж арқылы киноның арнасын да, мазмұнын да өзгертуге болады кейде. Айтатын ойыңды да өңдеу арқылы нақтылай аласың. – Туынды жарыққа шыққан соң қызғаншақтық, қызығушылық қасиеттер байқалды ма айналаңыздан? – Бәріміз пендеміз ғой, өнер, әдебиет саласында бұл өзі – бар үрдіс. Болғаны да дұрыс. «Менен неге озады» деп етектен тарту емес, мен неге қаламын деп өзін қамшылайтындай деңгейде болу керек. Өзін біреуден төмен санайтын адамнан ештеңе шықпайды. Алайда, қызығушылықты кәсіп қылмау керек. Кәсіп қылғанда ол қызғанышқа айналады. Мен өзім табиғатымнан сынға дұрыс қараймын. Сынның өзі сенің өсуіңе үлесін қосатын дүние болса деймін. Ондай сын айтатындар аз бүгін. «Киллер» сыншылар қаптап кетті. Біреудің нұсқауымен, тапсырмасымен жұмыс жасайды олар. Кәдімгі қосағаның түбінде жатып ап күтпеген жерден «ататындар». Ертеректе Әкім Тарази ағаның «Індет» деген спектаклі болды. Оны Есмұхан Обаев аға қойған болатын. 1996 жылы осы қойылымдағы Әзберген рөлімен Мемлекеттік сыйлықты алдым. Сол спектаклімізді Қазан қаласындағы түркітілдес халықтардың фестиваліне апарған едік. Онда әділқазылар алқасында орыстың еврейлері отырды. Сондағы таңғалғаным, сол әділқазылар алқасы бір орында мүдірмей отырып қойылымды көріп шықты. Ешқандай артық ауыз әңгімеге барған жоқ. Ертесіне азанда қойылым туралы нақты ойларын, сындарын айтып, пікірлерімен сонда бір-ақ бөлісті. Олар сын айтқанда енді баланың өзі туғандай, келіннің өзі түскендей қылып жеткізеді. Тыңдап отырып, риза боласың. Сенің әрбір қозғалысың, бейнеге сай емес қимылдарыңды дөп басқанда таңғаласың. Құдды бір, жаныңның рентгені секілді. Ал бізде өкінішке қарай басқаша. Шетелде оқып келген сыншылар бар, бірақ, олар қазақша ойлаудан, қазақша менталитеттен жұрдай ғой. Анығында, сол сыншылар тарихты, киноәлемін бізден кем білмеуі тиіс. Сосын барып айтатын тағы бір жайт бар. Әркімнің өз Абайы бар деген секілді, менің де өзімнің Құнанбайым, өзімнің Біржаным бар. Мен сол өзімнің болмысымды сол образбен қабыстыра отырып шығарамын әр дүниені. Ал енді бір сыншылар келеді де «Құнанбай сен секілді болмаған, Біржан мүлде басқаша» деп міней жөнеледі. Сонда режиссерлік шешім қайда, менің актерлік түйсігім қайда қалады? Әлбетте, біз образды берерде белгілі бір арнадан, тарихтағы тұлғаның бітімінен мүлде алыстап кетпеуге тырысамыз ғой. Бірақ, өз шешімімізді де астастыруға хақылымыз. Соны ұмытпау керек. – Алдағы жоспарыңыз қандай? – Жоспар көп қой. Менің арманым – қазақтың қалыптасу, елдің еңсесін көтеру, жерімізді сақтап қалу жолында құрбан болған, атсалысқан сом тұлғаларды кино арқылы жарыққа шығару, көрермендермен қауыштыру. Әйтсе де, мен қазір қолы жоқ самурай секілді болып қалдым. Таласбек ағам ойда-жоқта өмірден өткен соң, жалғыз өзім жұмыс жасай алмайтын секілді күйдемін. Сол себепті, менің әзірге бар диагнозым – «Құнанбай». Соны көрерменге ұсынып, көпшіліктің ой-пікірімен бөлісіп жүрмін.
Әңгімелескен Мейрамбек Төлепберген, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді