«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауыл спорты алаңсыз дамысын десек...

Ауыл спорты  алаңсыз дамысын десек...
ашық дереккөз
Ауыл спорты алаңсыз дамысын десек...

7Кеңестік кезеңде, қазір де қазақтан шыққан Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерінің басым көпшілігі ауылдың қарадомалақтары ғой. Бүгінде ше? «Чемпиондардың талайы ауылда жүр. Сондықтан, бірінші ретте ауыл спортын өркендетуіміз керек» деп ұрандатқанымызбен, бүгінде ауыл-аймақтардағы спорттың дамуы көңіл көншітерліктей ме? Ауылдардағы үлкеннің де кішінің де жиі төңіректейтін орны мектеп спорт залдарының жағдайы қалай? Толық жабдықталған жуынатын, киім ауыстыратын бөлмелері бар ма? Осы бір сауалға жауап іздеп қала маңы аудандарындағы бірлі-жарым ауылға бас сұққан едік.

Алдымен Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылына табан тіредік. Ондағы Б.Тайшапов атындағы орта мектептің спорттағы жай-күйімен танысу барысында 1967 жылы соғылған мектептің спорт залы әлі күрделі жөндеу көрмегендігіне куә болдық. Тек ағымдағы жөндеумен «ауыздарын қу шөппен сүртіп» келген екен. Оның үстіне спорт залдың өзіне лайықты құрал-жабдықтары да түгел емес болып шықты. Мектеп директоры Кенжебай Оңғарбаевқа жолыққанымызда, ол 2012 жылы спорт залға қажетті құрал-жабдықтардың алынғандығын алдыға тартты. Одан бері үш жыл уақыт өткенін, жабдықтар жыл сайын жаңаланып отыруға тиіс екенін ескерсек, алынған жабдықтардың тозығы жеткеніне көз жеткізу қиын емес. Дегенмен, мектеп директоры мектепте спорт үйірмелері жүргізілетіндігін, көрсеткіш көрсетіп жүрген оқушылардың барлығын айтып өтті. – Біз жыл сайын білім бөліміне спортқа қажетті жабдықтарға сұраныстар тізімін жібереміз. Биыл да өз қажеттіліктерімізді сұраған болатынбыз. Спорт залымызға биыл күрделі жөндеу жүргізіледі деп күтілуде. Соған орай конкурс та ұйымдастырылып отыр. Мектеп оқушылары тоғызқұмалақ, күрес сынды үйірмелерге қатысады. Нәтижелері де жаман емес, – дейді мектеп директоры Кенжебай Оңғарбаев. Осы мектептің кезінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен Тамдыбек Арызбаев ағамызға жолыққанымызда, ол кісі ауылда бокс алаңын салып берсе деген ниетін айтып қалды. Себебі, өзі талай жыл спорттың осы бокс түрінен бірталай шәкірт дайындаған екен. Енді, бірнеше жыл бойы жүргізіліп келе жатқан бокс үйірмесі жабылып қалған. Оған жаттығу алаңының жоқтығы себеп болған. Тамдыбек аға өз қаражатына Алматыдан арнайы бокс рингін де сатып алып келген екен. Енді сол жабдықтың қажетсіз болып, шаң басып жатқанына налиды. – Алматы қаласынан арнайы сатып әкелген бокс рингіне кішігірім зал болса да орын берсе жақсы болар еді. Осы жөнінде талай басшылықтың табалдырығын тоздырдым. Еш нәтиже шықпады, – дейді Жамбыл ауданының аға жаттықтырушысы Тамдыбек Арызбаев. Ауыл әкімі Қанат Темешбаев та биылдан қалмай спортқа қатысты бірқатар проблемалардың шешілетіндігін атап өтті. – Рас, бізде бокс жөнінен проблема бар. Мен былтырғы жылы 25 миллионға смета жасатқанмын. Ол дағдарысқа байланысты тоқтап қалды. Бірақ, күрес үйірмесі, кіші футбол алаңы ауыл жастарының спортпен еркін айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Ал мектептегі спорт залымыз 9 миллион көлеміндегі қаржыға күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде, – деді ауыл басшысы Қанат Базарбекұлы. Осы және өзге де ауылдағы мектептердің жай-күйімен таныспақ ниетте Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Наймановаға да бас сұға кетуді жөн көрдік. – 2012 жылы жергілікті бюджеттен 2 миллион 900 мың теңгеге спорттық құрал-жабдықтар,ойын доптары және тағы басқа тауарлар сатып алынып қолданысқа берілді. Үстіміздегі жылға ағымды жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 51 миллион 77 мың теңге бөлінді. Ал, сіз айтып отырған Б.Тайшапұлы атындағы орта мектебінің спорт зал, асхананы ағымды жөндеуге – 8 миллион теңге бөлінді. 2016 жылға жергілікті бюджеттен мектептердің спорттық тауарларды сатып алуға, ескі құралдарды жаңартуға 1 миллион 500 мың теңгеге бюджеттік ұсыныс беріліп жоспарға енгізілді. Былтырғы жылы Айша бибі орта мектебінің спорт залының еденін ауыстырдық. Бұдан бөлек көптеген ауылдарда кіші футбол алаңдары салынды. Бұның ішінде, Шоқай, Шайдана, Рахат ауылдары бар. Бұқаралық спорт кереметтей дамуы үшін онымен айналысатындай спорттық базалар, кешендер мен мектептер, жас балаларды спортқа баулитын білікті мамандар жеткілікті болуы тиіс. Осыған орай ауданымызда 30 жылдық орта мектебінің жанынан 5 миллион 200 мың қаржыға Скаладром салынды. Скаладром дегеніміз – жартасқа өрмелеу спорты. Мұндай спорт түрін дайындайтын біздегі скаладром облысымызда жоқ десек болады. Аталған спорт түрінен республикалық турнирлерге біздің ауданымыздан спортшылар шығып жүр, – деді Үміткен Қапанқызы. Ауылдағы спортқа қатысты мәселе бұл ғана емес. Байзақ ауданындағы Ағаділ Суханбаев атындағы ауылдың орта мектебі спорт залының шатырынан ауа райының жаңбырлы күндерінде су тамшылайды. Бұл жөнінде аталған мектептің директоры Сәрсен Төребековпен кездесіп, жай-жапсарын сұрадық. – Жалпы біздің мектебіміз спорт бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Футболдан, жүгіруден аудан бойынша алдыңғы орында келе жатырмыз. Футбол, баскетбол, жүгіру алаңдары бар. Спорт жабдықтарының барлық түрі кеңес заманынан бері сақталған. Енді төбесінен су өтіп жатқаны болмаса, қалған кемшіліктердің орны толтырылған. Ал енді бұл мәселе биыл өз шешімін табады деген ойдамыз. Себебі, аудандық білім бөліміне дефектілі актпен жобалық сметасын жасап өткізіп қойдық. Тендер ойналған соң, жөндеу жұмыстары басталатын болады, – деді мектеп директоры. Иә, ауыл спортын дамыту бағытында мимырттап болса да жұмыстар атқарылып жатқанын жоққа шығаруға болмас. Десе де ауыл-аймақтарда бұқаралық спорттың кең қанат жайып, онымен ауылдықтар жаппай айналысуға көшіп жатса құба-құп емес пе?! Ол үшін мектептерде дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің жұмысына айрықша мән беріп, оларға өздерінің негізгі қызметтерімен айналысуына жағдай жасау керек. Міне, сонда онымен айналысатындардың қатары еселеп, көбейері анық. Әсіресе, өзіміздің қарадомалақтарымыздың арасында. Себебі, тума таланттар мен бойында ұлттық қаны бар нағыз патриоттар қалада емес, нақ осы ауыл-аймақтарда тұрады. Тек оларды бұлақтың көзін ашқандай іздеп тауып, шеберлігін шыңдап, баулып-баптап, аламан бәйгеге әкеліп қосу ғана жеткіліксіздеу болып тұр.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Жамбыл, Байзақ аудандары.

Ұқсас жаңалықтар