Тараздағы мерейтой дүбірі де жақындап келеді
Нұржан КАЛЕНДЕРОВ, Тараз қаласының әкімі.
Жалпы, Тәуелсіздік ұғымының байыбына бару үшін алдымен еліміздің тарихына терең бойлау қажет. Алдына қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Ұлытау төріндегі сұхбатында: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр», – деген болатын. Міне, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын өткізудегі басты мақсаттардың бірі – қазақ халқының құндылықтарын, қол жеткізген жетістіктерін көрсетіп, тарихы сонау тереңнен басталатын халқымыздың өткенін ұмытпай, бүгінін бағалап, болашаққа нық сеніммен қарау екені анық.
Той дүбірі жақындаған сайын көне Тараз шаһарында дайындық жұмыстары қыза түсуде. Қазіргі таңда құрылыстардың көпшілігі аяқталуға жақын. Елдігімізді танытатын той қарсаңында қала көшелері қайта жаңғыртылып, түрлене түсті. Даңғыл жолдардың бойындағы ескі жарықтандыру жүйелері жаңартылып, тұрғын үйлердің қасбеттері сырланып, жаңадан гүлзарлар салынуда. Яғни, бұл той – қызықты думан-cауықтармен қатар, есте қалатын игі істерге де толы болмақ. Еліміздің 14 облысы көмекке келіп, көне қаланың той өтетін жерлерін абаттандыру, жаңарту, көркейту жұмыстарын жүргізуді міндеттеріне алғалы бері қаламыз күн санап құлпырып келеді.
Мерейтой аясында құрылысы бітуі тиіс ең үлкен нысанның бірі – «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы. Үш қабатты құрылыстың негізгі жұмыстары бітті. Бұл орталыққа көне қаладағы қазба орнынан (бұрынғы орталық базардың аумағы) табылған жәдігерлер, талай ғасырдан сыр шертетін тарихи тастар, қыш ыдыстар, басқа да құнды әрі ескі бұйымдар қою жоспарланған. Құрылысты «UCD Gorporation» компаниясы жүргізуде. Ал орталық маңын абаттандыруды «РамСтройИнжиниринг» ЖШС жүзеге асыруда. Орталық маңындағы байырғы дәуірден сыр шертетін ескі моншаның орнында республикалық реставрациялау жұмыстары да талапқа сай жүргізілуде. Бұл нысан да өңір тарихынан сыр шертіп, ұлы тойда тамашалаушыларға үлкен әсер сыйлайтыны анық.
Сонымен қатар, «Домбыра» стелласы, «Мыңбұлақ» шағын бағы маңындағы атқарылып жатқан жұмыстар Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан облысының қолдауымен іске асырылуда. Нақтырақ айтсақ, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы шолу мұнарасының құрылысына Астана қаласының әкімдігі 122 миллион теңге бөлді. Мұнараның биіктігі 36 метр болмақ. Ал Алматы қаласы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында қоршау және кіреберіс қақпа орнату жұмыстарын қолға алды. Шығыс Қазақстан облысы Абай даңғылы мен Ташкент көшесінің қиылысындағы Абай скверінде ұлы ақынның ескерткішін қойып, абаттандыру бойынша жұмысқа кіріссе, Павлодар облысы Тәуке хан көшесіндегі көпірді күрделі жөндеуден өткізіп, екі жағына Қазақ елі монументі мен барыс мүсіндерін орнатып, өткелді тіптен жайнатып жіберді. Хандықтың тойы қарсаңында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан облыстық қазақ драма театрына 500 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылып, мәдени-рухани орда бүгінгі таңда талапқа сай безендірілуде. Алматы облысы міндетіне алған бұрынғы орталық базардың алдындағы Жамбыл Жабаев ескерткішінің маңына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, өңір тарихынан сыр шертетін барельефтер орналастырылатын болады.
Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент те күн санап биіктеп келеді. Бұл құрылыстың ең ерекше архитектуралық шешімі – Жәнібек пен Керей ханның тақта отырған сәтінің бейнеленуі болмақ. Яғни, тарихи тойға арналған еңселі монумент алыстан көз тартып, менмұндалап қала тұрғындары мен қонақтары келіп аралайтын, өткенді таразылайтын орынға айналмақ. Қазақ хандығының негізін қалаған екі ханның бейнесі бой көтерер күн алыс емес.
Ал «Атшабар» ипподромындағы құрылыс жұмыстарымен «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС айналысуда. 2000 адамға шақталған бұл нысанда поло ойын алаңы салынбақ. Яғни, мерейтой аясында алғаш рет өңірімізде поло ойынының тұсауы кесілетін болады.
Қарахан баба кесенесінің маңындағы жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары ерекше қарқынмен жүрді. Қызылорда мен Қостанай облысының мерейтойға тартуы ретінде тарихта қалатын нысан маңындағы субұрқақтағы құмырадан баяу сылдырлап аққан мөлдір су сонадайдан көз тартады. Ерекше архитектуралық шешім. Бұл жерді абаттандыруға, гүлзармен көмкеруге екі облыс 150 миллион теңге қаражат бөлді. Қазір жаңа үлгідегі субұрқақ салынып, қобыз бейнесі бірден көз тартады. Ал Төле би көшесі жағына екі керуен айшықтары орнатылып, Тараз қаласының жұлдызды белгілері қойылды. Кесене аумағы абаттандырылып, бұрын бос жатқан осынау алаң қазір ерекше сәнге бөленіп, құлпырып тұр. Жалпы, Павлодар, Қызылорда және Қостанай облыстары жамбылдықтарға үлкен тарту жасады десек те болады.
Қаланың қақ ортасындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағы жергілікті демеушілердің есебінен қайта жаңғыртылып, аз уақыт ішінде тараздықтардың демалыс орнына айналып үлгерді. Ондағы төрт субұрқақ аптап ыстықта тұрғындар саялайтын орынға айналған. Сонымен қатар, мұнда облысымыздың және Тараз қаласының Құрметті азаматтары және Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Әлем және Азия ойындары жеңімпаздарының есімдері жазылған көрнекті тақталар қойылған.
Иә, шынында ортақ тойға барлық облыстың жұдырықтай жұмылып үлес қосқаны істің жүзеге асуын жылдамдататыны анық. Атырау облысы Тұңғыш Президент саябағының қарама-қарсы бетінен жаңа сквер орнату жұмыстарын қолға алып, құрылысты «ЖаңаКемерҚұрылыс» ЖШС жүргізді. Сквер жұмысына жалпы көлемі 50 миллион теңге қарастырылып, Қазақ хандығының кезеңін бейнелейтін екі барельеф орнатылды. Оңтүстік Қазақстан облысы Тараздың батыс қақпасын заман талабына сай жаңғыртуда. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Оңтүстік Қазақстан облысы көне Таразда өтетін дүбірлі тойда батыс қақпаның алыстан сәнді, көрікті көрінуі үшін бар өнерлерін, шеберліктерін жұмсауда. Әр алуан ою-өрнектермен безендіріп, ондағы қала атауының жазылуы да ерекше дизайнда болуын ескеруде.
Ал Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына сый ретінде Маңғыстау облысының «Тараз» қонақ үйінің алдына жасап жатқан гүлзары тіптен көздің жауын алады. Бұл жерде ерекше үлгідегі субұрқақ пен әктастан жасалған киіз үй пайда болды. Нысанның сметалық құны – 50 млн. теңге.
Сонымен, қазіргі күні Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Атырау және Маңғыстау облыстары қолға алған құрылыстарын толық аяқтады. Ал Тараз қаласының орталық және басты көшелерінің тазалығын, абаттандырылуын және көгалдандырылуын қамтамасыз ету жұмысында Жамбыл жұрты да бір кісідей жұмылып еңбек етіп жатыр. Мерейтой кезінде республикадан, шетелден келетін қонақтарды қабылдайтын «Әулиеата» әуежайының терминалының құрылысы аяқталуға жақын.
Тараз қаласының 2000 жылдық тойында қасиетті Әулиеата жеріне алыс-жақын шетелдерден қонақтар келіп, халықтың рухы көтеріліп қалғаны әлі есте. Ендеше, Жамбыл жерінде тойланғалы отырған Қазақ хандығының 550 жылдығы халқымыздың өнегелі өмірі мен ерлігін зерделеп, барша қазақстандықтардың, барлық ұлттардың ортақ мерекелеріне айналары сөзсіз.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді