«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жиырма жыл күттірген жеңіс

Жиырма жыл  күттірген жеңіс
ашық дереккөз
Жиырма жыл күттірген жеңіс

оған бангкок рингінде Олжас сәттібаев қол жеткізді

Азия чемпионатындағы «алтын жорықты» жамбылдық былғары қолғап шебері Олжас Сәттібаев бастап берді. 52 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз барлық кездесуде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Финалдық бәсекеде өзбекстандық Шахобиддин Зоировты 3:0 есебімен жолдан тайдырған Олжас өзінің Азиядағы мықтылығын    мойындатып отыр. 

Шыны керек, бүгінде жерлестеріміздің спорттағы жолына қарап, спортшының үлкен ареналарда ғана сыналмайтынын түсінгендейміз. Спортшының жолында кесекөлденең кедергілерді жеңу қарсыласыңа мықтылығыңды мойындатудан қиындау секілді. Ол үшін табандылық қажет. Кешегі Мәскеу Олимпиадасында атой салған Жақсылық Үшкемпіровтің жеңісті жолы оңай болған жоқ. Оны кеңестік кезеңнің солақай саясатынан көрдік. Мұндай «сәтсіздіктерге» арада қаншама жылдар өткеннен кейін балуан Ақжүрек те тап болғанда, ойлана бастадық. Ал ол Лондонда ел мерейін үстем етті. Сәттібаевтың жолы да үнемі сәтті болған жоқ. Таиландтағы жеңісінен кейін мамандар «Олжас барлығын жоққа шығарып, өзінің мықтылығын дәлелдеді» деп пікір айтуы – соны көрсеткендей.

Жалпы, соңғы жылдары қазақ боксшылары үшін Азия біріншілігі «Алтын жорыққа» айналып тұр. Бұрнағы жылы ұлттық құрама сары құрлық бәсекесінде 7 алтын жүлде жеңіп алған болатын. Биыл 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен командалық есепте топ бастады. Негізгі бәсеке Қазақстан мен Өзбекстан құрамасы арасында өрбіді. Сондықтан, финалда өзбек боксшыларын ұту аса маңызды еді. Бапкерлердің тапсырмасын Олжас Сәттібаев пен Василий Левит бұлжытпай орындады. Сөйтіп, команданың ұпайын еселеді. 81 килограмм салмақта сынға түскен Әділбек Ниязымбетовтің қарсыласы да өзбекстандық еді. Бірақ, Эльшод Расулов жарақатына байланысты ақтық бәсекеге шықпады. Қытайлық қарсыласын ұтқан Иван Дычко мен филиппиндік былғары қолғап шеберінен басым түскен Данияр Елеусінов те алтынға қол жеткізді. Моңғолиялық Отгондалай Дорьнямбууға есе жіберген Зәкір Сафиуллин күмісті қанағат тұтты. 56 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Қайрат Ералиевтің еншісінде – қола жүлде. 

Атап айта кететін жәйт, Олжас Сәттібаевтың Азия біріншілігінен олжалаған алтын медалі Жамбыл бокс мектебі үшін 20 жылдан кейін қайталанып отырған спорттық жетістік. Бұл табысты дәстүрді осыдан жиырма жыл бұрын Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов бастаған екен.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар