«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жеңіп тұрып, жеңілді

Жеңіп тұрып, жеңілді
ашық дереккөз
Жеңіп тұрып, жеңілді
«Еуро-2016» додасының іріктеу кезеңінде қазақ футболшылары сырт алаңда Чехияға жол берді Футболдан «Еуро-2016» додасының іріктеу кезеңіндегі матчтар жалғасуда. Кезекті тур аясында Чехияға қонаққа барған Қазақстан құрама командасының ойыншылары тәжірибесі толысқан қарсыластарын жеңіп тұрып, жеңіліп қалды. Бұл ойында букмекерлер Чехия құрамасының жеңісіне еш күмән кетірген жоқ. Тіпті, қазақ футболшылары сырт алаңда гол соғады дегеннің өзіне сеніңкіремеді.  Иә, ойын басталған сәттен Қазақстан құрама командасы матчтағы басымдықты алаң иелерінің қолдарына беріп қойды. Дегенмен, кездесудің алғашқы бөлігінде чехтар допқа көбірек иелік еткенімен, мардымды шабуылдан ұйымдастыра алған жоқ. Оларға қарағанда біздің жігіттер қарымта шабуылдарда қауіпті сәттер туындатты. Айып алаңына жер бауырлата асырылған допқа Ұлан Қонысбаев аяғын қойып үлгергенде, Петр Чехтың қақпасында теңбіл доп тулап жатар еді. Өкінішке қарай, олай болмады. Бұдан кейін «Астана» футбол клубының сапында жасындай жарқыраған Бауыржан Жолшиев ұрымтал тұста мүлт кетті. Әйткенмен, ойынның жиырма бірінші минутында «Тараздың» экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев әуелете асырған пасқа өзге-лерден бұрын жеткен Юрий Логвиненко ағылшындық стильде керемет гол соғып, жанкүйерлерді желпіндірді. Осы сәтте бір қызық статистиканы айта кетуге болады. Әлемнің төрт мәрте үздік ойыншысы Лионель Месси Чехия құрамасына қарсы сегіз кездесу өткізіп, бірде-бір гол авторы атанбаса, қазақстандық Юрий Логвиненко екі матчта үш мәрте Петр Чех қорғаған қақпадан саңылау тапқан. Бірінші кезеңнің аяқ тұсына қарай чехиялық ойыншы Давид Лимберский бағыттаған соққы қақпа маңдайшасына тигенде жүрегіміз зырқ етті. Ал екінші кезеңнің жетпісінші минутына дейін қорғаныста сауатты ойнай білген ұлттық құрама ұландары алаңға Милан Шкода шыға салысымен сасқалақтай бастады. Нәтижесінде сол Шкода алдымен 74-минутта, кейінірек кездесудің 86-минутында қанжығасын майлап, командасына жеңіс сыйлады. Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасы кезекті мәрте «соңғы минуттар синдромын» бастан кешірді. Бұл кездесудің алдында 21 жасқа дейінгі жастарымыз «Еуро – 2017» турнирінің іріктеу кезеңінде Босния құрамасын сырт алаңда 2:1 есебімен жеңіп, сенсация жасаған болатын. Ал ұлттық құрама келесі кездесуін Исландияда жергілікті жігіттерге қарсы өткізеді.  

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар