Олардың қатарында жамбылдық оғлан Олжас Сәттібаев та бар
Ілгеріден-ақ әлемді мойындатқан қазақ боксшылары Азияда да қарсылас шыдатпай тұр. Иә, Тайланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан Азия чемпионатының финалына алты боксшымыз жолдама алды. Қарсылас біткенді қиналмай ұтып жатқан Алаш оғландарының қарқыны бізді қуантады.
Жартылай финалдың алғашқы кездесуінде жерлесіміз, 52 келі салмақ дәрежесіндегі оғланымыз, жамбылдық жампоз Олжас Сәттібаев қырғыз елінің үміті Азат Үсенәлиевпен қолғап түйістірді. Бірден айта кетейік, бұл екі боксшы да бүкіләлемдік бокс сериясында бақтарын сынаған оғландар. Олжас «Астана арландарының» сапында жасындай жарқыраған болса, Азат «Украина атамандары» командасының құрамында өзінің мықтылығын дәлелдей білген. Дәл осы Азат әлем чемпионатының күміс жүлдегері Эндрю Селби секілді мықтыны жеңгенін білетінбіз. Бір сөзбен айтқанда, қос боксшы да үш раундты былай қойғанда бес раундты бір демде бокстасып үйренген саңлақтар.
Селбиді жеңіп секеңдеген Азат Олжасқа қарсы мардымды бокс көрсеткен жоқ. Бұл жерде Олжас қарсыласын күтіп алып, соққы бағыттау жағынан, шабуылдан кейін лезде жалтара білу тұрғысынан, техникалық шеберлігінің басымдылығымен болсын қарсыласынан мықтылығын дәлелдей білді. Үш раунд бойы ширақ қимылдаған жерлесіміздің жеңісін төрешілер де мойындады. Енді Олжас ақтық сында өзбек боксшысы Шахобиддин Зоировпен қолғап түйістіреді. Осылайша, Олжас әлем чемпионатының күміс жүлдегері Селбиді жеңген, Азия чемпионы Азат Үсенәлиевті жарыс жолынан шығарды. Міне, қазақ жұдырығының мықтылығы!
Бұдан кейін рингке беттеген алпыс келі салмақтағы саңлағымыз Закир Сафиуллин де қарсыласынан айласын асырды. Жапон боксшысы Дайсуке Нариматсу Закирге қарсы үш раунд бойы еш қайран қыла алған жоқ. Енді ол финалда моңғол боксшысы Отгондалай Доржнямбумен алтын жүлдені сарапқа салады. Бұдан кейін рингке көтерілген ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионы Данияр Елеусінов те өзінің мықтылығына күмән келтірген жоқ. Ол моңғол боксшысы Бямба Тувшинбаттан мықты екенін байқатты. Ақтық сында Данияр филиппиндік Эумир Марсиалды жеңуді көздейді. Төртінші болып шаршы рингке беттеген 81 келідегі жампозымыз Әділбек Ниязымбетов өте сауатты жұдырықтаса білді. Әділбек қарсыласының барлық әрекетін бақылай алатын, соққыны қажет кезінде жұмсайтын ерекше қасиеті бар оғлан екенін тағы айқындады. Иранның үмітін арқалап келген Хасан Шахиниді оңай еңсерді. Енді ол өзінің байырғы қарсыласы өзбекстандық Элшод Раусловтан есе қайтармақ ниетте. Аса ауыр салмақтағы алыбымыз Иван Дычко да йорданиялық боксшы Яшайша Хуссейнді бұйым құрлы көрмеді. Енді Иван финалда қытайлық боксшымен айқасатын болды.
Өкінішке қарай, 56 келі салмақтағы өреніміз Қайрат Ералиев төрешілердің екіұшты шешімімен ринг қожайыны Чатчай Будтиге жол беріп, қола жүлдеге қол жеткізді. Олимпиада жолдамасын күні бұрын иеленіп қойған «Астана арландары» клубының белді боксшысы, 91 келі салмақ дәрежесіндегі өреніміз Василий Левит өзінің шын мықты екендігіне ешқандай күдік тудырған жоқ. Ол үш раунд бойы тәжікстандық Джахон Курбановты бұрыштан-бұрышқа қуып жүріп сабады. Сонымен бүгін ақтық сында алты оғланымыз алтын жүлде үшін айқас жүргізеді. Бәрінің де Азия үздігі атанатын мүмкіндігі мол. Құрлық біріншілігінде Қазақстанмен бір қатарда өзбек боксшылары да командалық есепте дара шығуды көксейді. Ал біз қазақ оғландарының қарсыластарын қапы қалдырып, топ жаратынына бек сенімдіміз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді