«Салкүрең»

80

ақынның алғашқы кітабындағы

шымыр шумақтар жүрекке жылы тиеді

Ауылдың пейзажын көріп өскен адам қалай ғана өлең жазбасын, қалай ғана шалқымасын? Асқақ Алатаудың теріскей беткейінде орналасқан Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Әбжапар ауылының тумасы Жорабек Әбдікерімовтің де өзіндік әдемі әлемі, жазатын өлеңі бар. Кей ақындар өлеңде өзінің жан дүниесін психологиялық тұрғыдан ашуға ұмтылса, енді бір ақындар поэзияда мораль тақырыбын қозғауға тырысады. Алайда олар айтар ойын шашыратып, ақылмансып, дидактикаға бой алдырып жатады. 

Біздің қолымызға түскен Жорабек Әбдікерімовтің «Салкүрең» атты жаңа жинағын оқи отырып, оның суреткерлік қасиетіне, шеберлігіне, танымына қаныға түстік. Әлбетте, басқа да жақсы өлеңдері баршылық. Дегенмен, қытымыр аязы бетті қаритын иен даланың жұпар ауасын жұтынып өскен Жөкеңнің жинағындағы дала көрінісі туралы жазған өлеңдері жүрекке жылы тиді. Бәлкім Жорабектің азаматтық кредосы да сайын даладай жайсаң болар.

Ақын мынау ғаламды, тылсымға толы әлемді өзінің көзімен көреді. Әйтпесе, әдебиеттегі суреткерлер байқаған күн сәулесінің есіктің қақ ортасында қысылып тұрғанын барлық адам сезініп, шатпақтап өлең жазбайды ғой. Жорабек Әбдікерімовтің дала картинасына образды орап берген суреткерлігі ақындық өлшемдердің барлық талабына сай келері сөзсіз.

Ол өлеңдерінің бірінде қыс мезгілін былай суреттейді.

«Қаһарлы қыс, қақаған қара суық,

Көсіліп, көлбеп жатыр дала сұлық.

Боз боран ішін тартып гуілдейді,

Қасқырдай аштық қысқан аласұрып». Автор осы бір шумақ арқылы адуынды қыс мезгілінің мінезін оқырманына жайып салады, сендіреді. Расымен де талайлар жырлаған «Аппақ қар, кіршіксіз таза ақ әлем» деген құлаққа әбден сіңісті болған таптаурын теңеулерден гөрі, осылай табиғат мезгілінің болмысына үңіліп, мінезін мінсіз бейнелеген дұрыс емес пе?

Жорабектің «Боранда» атты өлеңі де көңілге қонады, жүрекке түрлі ой салады.

«Даланы айдаһар жел дүрліктіріп,

Жолына қарағанды тұрды ықтырып.

Ақ түтек, қарлы боран арасында,

Келеді жалғыз қара тірлік қуып» деп басталатын өлеңінің соңын «Ол адам тартынбайды күресіңнен, Табиғат, бас иесің бұл есімге» деп аяқтауынан да өмірдің барлық мехнатына төзе білетін, қаралы қара орман, түнек ойдың ішіне маталмайтын, түннен кейін таң ататынын сезінетін, ертеңіне үмітпен қарайтын адамның бейнесін көре түсеміз. Иә, қазір жасы да, жасамысы да пессимист болып, өмір туралы емес, өлім туралы жандалбасалап жазғанын көргенде жағамызды ұстаймыз. Ал Жорабек ақын кітаптың оқырманы бар екенін біледі, түсінеді…

Жалпы алғанда ақынның айналаны, қоршаған ортаны, тұтас мынау ғаламды қалай көретіні, жүрекпен қалай сезінетіні, қағазға қалай түсіретіні өзіне ғана мәлім. Жандүниесіндегі бүкіл сыры мен шерін, сүйінішін әдемі шумақтарына, сюжетті жырларына қоса білген Жорабек Әбдікерімовтің ақындық қуаты – өз оқырманына, аудиториясына олжа. Біздікі өз пікірімізді, көзқарасымызды жеткізу ғана. Ең бастысы ақынның жүрегін жарып шыққан «шұбар жылан» шумақтары оқырманына ұнаса болғаны. Біз өз кезегімізде поэтикалық қуаты мол, бояуға қанық, болмысы бөлек жырлардың, жинақтың аяқ тұсына топтастырылған ауыл айтқыштарының әзілдерінің қалың көпшілік жүрегіне жол табарына сенімдіміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, 

«Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.