«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Cатираның сардары

Cатираның сардары
ашық дереккөз
Cатираның сардары

мектепке көрнекті ғалым-ұстаз Темірбек қожакеевтің есімі беріліп, ескерткіш мүсіні орнатылды

«Қазақ журналистерінің әкесі» атанған Темірбек Қожакеевке туған жері – Меркіде құрмет көрсетіліп, 2012 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған аудандағы ең зәулім де көркем, 1000 орындық білім ошағына есімі берілді. Осы қуанышты оқиғаға орай аталған білім ордасында үлкен іс-шара өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен Темағаңның шәкірттері, ізін басқан қаламгер іні-қарындастары келді. Сонымен қатар, бұл күні мектеп алдына орнатылған Темірбек Қожакеевтің ескерткіш мүсінінің және ғалымның атындағы музейдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Қазақ журналистикасы мен сатирасының теориясын, тарихын зерттеген белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Темірбек Қожакеевтің еліне сіңірген еңбегі зор. Ол ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін басқарып, мыңдаған шәкірттер тәрбиеледі. Бүгінде оның тағылымды тәрбиесін көрген әріптестері мен шәкірттері ұстаздарының азаматтығы мен қайраткерлігін, турашылдығы мен еңбексүйгіштігін аңыз етіп айтады. Бұл ретте Меркі елі үшін орны ерекше, қадірлі тұлғаны құрметтеп, білім ордасына есімін беру туралы ұсыныс бұдан бірнеше жылдар бұрын да айтылған еді. Бұл ретте, елімізде көше және елді мекен атауларын өзгертуге мораторий жариялануына байланысты, кейіннен, алдында ұсынылған мектептің Темірбек Қожакеев атындағы көше орналасқан ауылдық округте болуына байланысты бұл игілікті шаруа кейінге қалдырылып келген еді. Дегенмен, «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» демекші, ауыл ақсақалдарының ұсынысы және аудан басшыларының бірауыздан қолдауымен бұл мәселе өткен жылы қайта қозғалды. Нәтижесінде, Білім күні қарсаңында олқылықтың орны толды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов жиналған қауымды орта мектеп-гимназиясына Т.Қожакеев есімінің берілуімен құттықтап, бұл мектепте білім алған оқушылардың болашақта ел сенімін ақтар үлкен азаматтар болып өсетініне сенім білдірді.

Келесі кезекте сөз алған сатирик-жазушы Көпен Әмірбек:

– Темірбек Қожакеев – біздің ұлы ұстазымыз. Бұл тіліміздің ұшындағы емес, жүрегіміздің ішіндегі сөз. Темкең бір Әмірбек әулетінен 4 інімді оқытқан, мен – бесіншісі. Қазір ойлап қарасам, ол менің әкемдей болған екен. Менің ғана емес, қазіргі қазақ журналистерінің, мүйізі қарағайдай-қарағайдай қайраткер журналистердің әкесі деуге болады, – деп ағынан ақтарылса, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы:

– Темкең әрдайым ұлттың сөзін сөйледі. Журналист ұлттың жоқшысы деген ұстанымды шәкірттерінің құлағына сіңірді. Туған жерінде Темкеңнің атымен мектептің аталуы ұлы тұлғаға көрсетілген зор құрмет деп білемін, – деген лебізін жеткізді.

Мұнан соң кезек ескерткіш мүсінді ашу рәсіміне берілді. Биіктігі 4,5 метр, тұғыры граниттен, мүсіні арнайы материалдардан құйып жасалған ескерткіш мүсінді Жанғара Дәдебаев, Мыңбай Рәш, Бақтияр Көпбосынов және Ілияс Ахметжановтар салтанатты түрде ашып берді. Ескерткіш мүсіннің авторы – еліміздегі білікті мүсіншілердің бірі – Тілеуберді Бинашев екенін айта кету абзал. Темағаңның тұлғалық болмысын айшықтап, көз тартарлықтай зәулім етіп салынған осынау ескерткіштің ашылуынан соң мектептің 3-қабатындағы Темірбек Қожакеев музейінің ашылу рәсімі өтті.

Ескерткіш орнатып, музей ашу ісіне мұрындық болған Темірбек Қожакеевтің ұлы Медет Қожакеев оның ішін талғампаздықпен жасақтап, ғалымның еңбектері мен суреттерін, орден, медальдары тәрізді жәдігерлерді қойыпты.

– Музейге әкеміздің жеке заттарынан гөрі, естелік, танымдық-тағылымдық дүниелерін қоюды жөн көрдік. Өзінің еңбектерін, кітаптарын, әр кездердегі алған орден, медальдарын, кандидат, докторлықты қорғағандағы, профессор атағын алғандағы құжаттарын, өзге де осындай дүниелерді қойдық. №39 Темірбек Қожакеев атындағы орта мектеп-гимназиясы аудандағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі болады деп ойлаймын. Осы білім ордасына әкеміздің атының берілуіне атсалысқан барша тілеулес азаматтарға, аудан әкіміне, барша меркіліктерге алғыс айтамын, – деді Медет Темірбекұлы.

Музей ішімен танысқан соң зиялы қауым өкілдері мектептің акт залында өткен конференцияда Темірбек Қожакеев туралы мектеп ұстаздары мен оқушыларға әңгімелеп берді. Мұнда шараға қатысушы көптеген азаматтар сөз алды. Соның ішінде Шекербек Садыханұлы Темағаның ағалық, азаматтық қасиеттеріне айрықша тоқталып, 1986 жылдары Темірбек Қожакеевтің басындағы қиын-қыстау күндерде бірге болған достары сол кездерде болған оқиғалар, Темағаның бұл қиындықтарды қалай еңсергені жайында баяндады.

Иә, Темірбек Қожакеев тек қана қазақ баспасөзінде, қазақ журналистикасында орны ерекше журналист, ұстаз ғана емес, ол – қазақ ұлтына еңбек еткен қайраткер тұлға. Темаға қолына қалам ұстап, Алматыға «журналист болсам» деген аяулы арманын үкілей барған небір жас өрендердің болашақ өміріне даңғыл жол салды. Балапанын ұшуға баулыған қырандай қаталдығы арқылы қатайтып, мейірімімен қанаттандырып, қазақтың ақпарат айдынына небір алғыр да, өткір азаматтарды алып келді. Ол ұстаздық еткен азаматтардың ішінен қазақ баспасөзі мен телевизиясында еңбек етіп жүрген журналистер мен ғалымдардан бөлек, жазушылар, қоғам қайраткерлері, министрлер де шықты. Темірбек Қожакеевтің жазған еңбектері күні бүгінге дейін сатира мен журналистика саласында өз қолтаңбасын қалдырғысы келген жандар үшін таптырмас білім кені.

Темірбек Қожакеев қазақ үшін осындай тұлға болса, меркіліктер үшін оның орны тым бөлек. Олай дейтініміз осы өңірде туып-өсті, ұяда уызына жарып, қанат қағып ұшты. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп дана Абай айтқандай, мақтанарға тұрарлық тұлғасы барда – мақтану, құрметтеуге лайық азаматы болғанда – құрметтеу – парыз. Меркіліктер Темағамызға келгенде бұл парыздың үдесінен шыға білді.

Нұрболат ӘЛДИБЕКов, 

«Ақ жол».

 

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар